КСРО-ны құлатқан кім?

374
0

Бізді қызыл империяны құлатқан — Алматыдан бастау алған, одақтас елдердің әр қиырында болған көтерілістер, орыстың езгісінде зәрезап болған ұлттардың ашу-ызасы, азаттық аңсаған азаматтардың өр рухы деп оқытты. Расында солай ма? Әлемдегі ең ірі держава өзіне бодан ұлттарды оп-оңай қамыттан босата қойды дегенге иланасыз ба?Дұрыс, аталған факторлардың тоталитарлық жүйенің күйреуіне әсер еткені анық. Бірақ, КСРО тәрізді құрылымның негізгі тіректерінің, белағаштарының шеге-топсаларын қаусатып-босатқан мүлде басқа нәрсе еді… Ол, таң қалмаңыз, мұнай!
Қазір бізге қияли ертегі сияқты елестейді ғой, кеңес заманын көрген адамдар біледі, бензин — су тегін, жоспар орындау үшін керосин далаға босқа төгілетін. Солай болуы да түсінікті еді.
Себебі, алпысыншы жылдардан бастап КСРО мұнай экспорты жөнінен әлемде ең алдыңғы қатарға шықты. Құланның қасынғанына мұнайдың мол қорының үстінде отырған тағы бір мемлекет – Сауд Арабиясының королі, шейх Фейсал ибн Әбд әл-Әзиз ас-Саудтың әйгілі мұнай эмбаргосы да дәл келе кетті.
1973 жылдың 17 қазанында ол күтпеген жерден әлемдік нарықтан сауд мұнайын алды да тастады. Дүние жүзіне қажетті көмірсутегінің 25 пайызын өндіріп отырған Фейсалдың бұл қадамы — мұнай бағасының бұрқылдап өсуіне әсер етті. Фейсалдың әрекетін басқа араб мемлекеттері де қолдап шықты. Нәтижесінде, бір айдың ішінде мұнай бағасы 4 есеге қымбаттады.
Тиісінше, Батыс экономикасы қиын жағдайда қалды. Бір АҚШ-тың өзінде жұмыссыздар саны бірнеше есеге артып, жалпы ішкі өнім 6 пайызға дейін төмендеп кетті. Керісінше, араб жазирасының жарқырап дамып, шейхтарының шіріген байға айналатын кезі осы тұс. Енді ше? Ресми статистика бойынша, Сауд Арабиясында 1972 жылы мұнайдан түскен пайда 2,7 млрд. АҚШ доллары болса, 1976 жылы бұл көрсеткіш 33,5 млрд.-қа жеткен.
Мұның КСРО-ға не қатысы бар дейсіз ғой? Араб мұнайының айналымға шықпауы — КСРО мұнайының барынша көп және қымбат бағаға сатылуына жол ашты. Көл-көсір ақшаны Политбюро сол пайда түсіріп тұрған салаға аудара берді. Аудара берді…
Нәтижесінде Сібір тайгаларына ұңғыма жұмыстары жүргізілді, экспедициялар жаңа мұнай қорларын іздестірді. Және табылды да. Сосын сол «жердің бір жеріндегі» кен орындарының маңайында қалалар тұрғызыла бастады, темір, асфальт жолдар салынды. Алып империя бюджетінің алпыс пайызға жуығын көмірсутегінен түскен пайда толтырып тұрды. Қысқасы, жұмыс қыз-қыз қайнап жатты.
Пайданың көптігі ешқашан ешқандай мемлекетке зиянын тигізген емес. Бірақ Кремль элитасының үлкен қателігі – сол пайданы пайдасыз салаларға жұмсағанында болатын. Жетпісінші жылдардың желөкпелері жақсы білетін шығар, сол жылдары үнді джинсысы сәнге айналды. Румыния жиһазы дүкендерде самсап тұрды. Жапырлап венгр бұршағын жедік. Жұрттың бәрі фин сырасын ішіп шалқып кетті.
Орақ пен балға елі осылай кекірік атып тұрғанда, араб түбегіндегі ахуал басқа бүйіріне аунап түсті. Шейх Фейсал өлтірілді. Өлтірген – АҚШ-тың әйгілі университтерінің бірін тәмамдаған, корольдің туған жиені. Патша тағына ханзада Фахд отырды. КСРО-да «қайта құру» басталып, одақ ішін демократия елесі кезіп жүрген кез.
Осыны күтіп отырғандай, 1985 жылы Сауд Арабиясының мұнай өндірісі министрі мұнай экспорттауды ұлғайтатынын мәлімдеді. Сосын, әлбетте, базар заңына сәйкес, тауар тым көп болғаннан кейін, мұнайдың бағасы да түсті. Жәй түскен жоқ, күрт төмендеді. Арабтар мұнай өндіруді жәй арттырып қойған жоқ, жылдан-жылға ұлғайта берді. Тиісінше, 1985 жылдан 1991 жылға дейін қара алтынның құны 6 есеге арзандады.
Мысалы дейікші, «Тойота» корпорациясы машина шығаруды ұлғайтса және құнын тым арзандатса, «Ниссан» мен «Митцубиси» не істемек? Өздері белгілеген бағамен көліктерін сата алар ма еді? Әрине, жоқ. Оларға да бағаны төмендетуге тура келеді.
Ал егер «Тойота» мұнымен тоқтамай, тағы да авто шығаруды ұлғайтып, құнын және арзандатса не болмақ? Өзі де өзгелер де пайда табудан қалады, пайда былай тұрып, шығынға батады. Жұмысшылардың жалақысы бар, салық бар, қажетті бөлшектер бар – зауыттар шығынын да жаппас еді.
Немесе негізінен шарап пен сыр сатып пайда тауып отырған Франция алкоголь мен сүт өнімдерінің құны бірден 6 есеге арзандап кетсе, не істейді? Алдымен жұмысшылардың жалақысы күрт төмендейді, сосын жаппай қысқарту басталады. Тиісінше, жұмыссыздар саны көбейеді. Тұтас мемлекет зейнетақы, әлеуметтік көмек ақшасына өмір сүре бастайды. Ол қайдан төленеді? Әрине, мемлекет қазынасынан!
Қазынадағы ақша да бір күні таусылады, себебі, сүт өнімдерін шығаратын зауыттар түгелге жуық тоқтаған, жұмыс істеп тұрғандарының өзі салық төлейтін шамада емес. Одан кейін «екінші толқын» соғады: қымбат коньяк пен шарап шығаратын зауыттар тауары тым арзанға сатылғасын, біртіндеп банкротқа ұшырай бастайды. Осылайша өмір сүру деңгейінің төмендеуі сепаратистік көңіл-күйдегі, билікке наразы адамдардың көбейуіне әкеп соғады. Тұтас мемлекет тұралады деген осы.
Немесе Испания осындай қиын жағдайда қалды дейік. Әлбетте, басктер бірден өзінің тәуелсіздігін жариялауға ұмтылады. Ай-күннің аманында — Мадридтің «Реалы» мен Каталонияның «Барселонасы» жай футбол ойнайтын кезде баррикаданың екі бетіне бөлініп алатын олар мемлекет шатқаяқтап тұғанда не істемек? Испан билігіне наразы топқа шабадандап ақша төлеңіз де, сигараңызды сорып қойып, республиканың жілік-жілік боп бөлінгенін тамашалаңыз да отырыңыз. Бітті.
Тура сол сияқты араб елдері мұнай өндіруді арттырған соң, мұнай құны да түсті, тиісінше КСРО өнімін арзан бағамен сатуға мәжбүр болды. Сатылған мұнай пайда түсіруден қалды. Тіпті мұнай өндіру шығынға шықты. Көмірсутегін өңдейтін жүздеген гигант зауыттар тоқтады. Миллиондаған адамдар бір демде қысқартуға ұшырады.
Миллиардтаған рубль пайдасыз іске жұмсалғаны мәлім болды. Енді тұрғызылып жатқан алып кешендер қаңырады да қалды. Әрі қарайғысы түсінікті шығар. Негізгі пайда түсіруші саланың аяғы аспаннан келген соң, КСРО-ның тұла бойынан әл кетті. Бұл бір өмір-бақи шахмат ойнаймын деп ойлап жүріп, кенеттен бокс алаңына шығып кеткен сияқты. Нокаут!
Ал арабтар ше? Олар мұндай қадамға неге барды? Ресейлік саясаттанушылар арабтардың АҚШ-пен жең ұшынан жалғасып, КСРО-ны қасақана омақастырғанын айтады. Шейх Фейсалдың өлтірілуі, сосын арабтардың өздеріне тиімсіз бола тұра, мұнай өндіруді ұлғайтуы, қара алтынның қатарынан 6 есеге арзандауы, Горбачевтің «қайта құруды» бастап, демократияшыл бола қалуы, КСРО әбден ыдырап болған 1991 жылдан бастап барып мұнай құнының қайтадан қымбаттай бастауы тәрізді оқиғалардың қол ұстасқандай тізіліп қатар келуі — кездейсоқ деуге аузымыз бармайды. Қайта аса ыждағат-кемеңгерлікпен жазылған сценарийді еске түсіреді.
Бағанадан бері балпылдап айтып отырғанымыз – осы оқиғадан сабақ алсақ дейміз. Мұнай бағасының күрт артып, кенеттен төмендеуі – біздің тәуелсіз ел болып, шаңырақ көтеруімізге зор септігін тигізді. Қазір мұнай сияқты сусымалы тауарға бұт артып отырған біздің елдің пайданы мұнайдан өзге де кіріс әкелетін салаларға салып, балама табыс көздерін ойластыра жүргеніміз жөн шығар.
«Тарих қайталанып отырады» деген тәмсіл болушы еді ғой… КСРО тәрізді бір кездегі мінсіз механизм экономикалық агрессияға төтеп бере алмай, тұмсығымен жер сүзді. Ондай жағдай басқа түссе, бізді «көктен іздеп» жүрер. 2050 жылға қарай Қазақстандағы мұнай қоры түгесіле бастайды деген әңгіме интернетте қаптап жүргені тағы бар. Сондықтан да «біз — әлемдегі мұнайы көп елдердің біріміз» деп көкіректі тоқпақтай бермей, тосын «тартуларға» даяр жүруіміз керегін жұқалап жеткізгенді жөн көрдік.

Ерлан ӘБДІРҰЛЫ, «Жақсы» порталынан.