ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІМІЗ — ОҢТҮСТІКТЕ!

342
0

Шымкенттегі жеңіл атлетика манежінде Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күні мерекесін атап өтуге арналған жиын өтті. Алқалы жиында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметов сөз сөйлеп, жиналғандарды айтулы мерекесімен құттықтады. Өңір басшысы Елбасының жүргізіп отырған сарабдал саясатының арқасында еліміздің қадау-қадау жетістіктерге қол жеткізгенін айтты. Мәселен, Қазақ елі Тәуелсіздік жылдарында экономика саласында зор жетістіктерге қол жеткізді. Республиканың жалпыұлттық ішкі өнімі 15 еседей өсіп, бүгінде жан басына шаққанда 12 мың АҚШ долларына жетті. Яғни, еліміз алдыңғы қатарлы дамушы елдердің көшіне ілесті. Қазағы қалың Оңтүстік өңірде де ауыз толтырып айтар жетістіктер көп-ақ. Айталық, өңіріміздің жалпы ішкі өңірлік өнімі 1,5 триллион теңгеден асып кетті. Бау-бақша өнімдерін өсіруден кеңестік кезеңде де болмаған жетістіктерге қол жеткіздік. Соның арқасында облыс халқының тұрмысы түзеліп келеді. Ал ең бастысы облыста да, республикада да бейбітшілік пен тұрақтылық, ұлтаралық татулық пен конфессияаралық төзімділік үстемдік құруда. Мұның өзі Қазақ елі тәуелсіздігінің айнымас негізі екені айқын.
Міне, осының барлығы Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының, көрегенділігінің, белсенді де батыл реформатор, табанды стратег-саясаткер, шебер дипломат, білікті басқарушы ретіндегі еңбегінің жемісі. Сондықтан болар облыс әкімі Асқар Исабекұлы алғаш рет тойланып отырған мерекенің мән-маңызына ерекше тоқталды.
— Біз бүгін егемен еліміздің күнтізбесіне тағы бір айтулы мереке қосылған сәтке куә болып отырмыз. Сыры да, сипаты да бөлек мереке Тұңғыш Президент күнін атап өтуге жиналдық.
1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстанда алғаш рет өткен жалпыхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жеңіске жетті.
Мемлекет басшысы ең қиын-қыстау кезеңдерде ұлт болашағын, халықтың келешегін айқындайтын қадамдарға барды. Соның нәтижесінде бүгінде Қазақстан экономикасы қарқынды дамушы, халқының әл-ауқаты жақсарған елдердің қатарына қосылды. Елбасын әлемдік қоғамдастық еліміздің Тұңғыш Президенті ретінде ғана емес, талай тар жол тайғақ кешуден аман-есен шыққан мемлекеттің негізін қалаушы деп біледі.
Ұлт Көшбасшысының елі үшін жасаған ерен еңбегін халқы жоғары бағалайды. Бұл мерекенің басты мәні Тұңғыш Президенттің тұлғалық қасиеттерінде, ұрпаққа өнеге болар еңбегінде болса керек. Сондықтан аталған күннің мереке ретінде бекітілуі қазақстандықтардың өз көшбасшысына білдірген зор құрметі, – деді ол.
Облыс басшысынан кейін облысқа белгілі азаматтар өз ойларымен бөлісіп, көпшілікті азат елдің асқақ рухты мерекесімен құттықтап жатты. Айталық, облыстық славян этномәдени орталығының төрағасы Юрий Кирюхин бұл бағытта Президенттің тапсырмасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.
Еліміздің болашағы жастарға тікелей байланысты. Тәуелсіздік жылдарында жастар мәселесі Тұңғыш Президенттің назарынан тыс қалған емес. Елбасының қамқорлығы арқасында жас ұрпақ жан-жақты білім алып, білікті маман атануда. Таяуда Президенттің қатысуымен Астанада өткен «Жас Отан» жастар қанатының екінші съезінде жастар саясатына қатысты 2020 жылға дейінгі жаңа стратегиясының қабылдануы да жастар саясаты саласындағы маңызды қадам болды. Мұны аталған мерекелік іс-шара барысында «Нұр Отан» ХДП ОҚОФ «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Заңғар Үсіпахметов те атап өтті.
Оңтүстікқазақстандық ұстаздар қауымы атынан сөз алған Шымкенттегі Арман гимназиясының директоры Ардақ Рысбекова: «Бүгінгі мерекені өз басым қуана қабылдадым. Өйткені, бұл күн Ұлт Көшбасшысы үшін ғана емес, қазақстандықтар үшін де ерекше маңызға ие. Себебі, қазіргі таңда ел мен Елбасы бір ұғымға айналған», – деді.
Жарыссөзден кейін үлкен экраннан Тәуелсіздік жылдары еліміздің жүріп өткен жолдары туралы бейнефильм көрсетілді. Мұның өзі жиналғандардың рухын көтерді. Ал, Шымкенттің күміс көмей әншілерінің бұлбұлдай үні мен мың бұралған бишілердің әсем қимылы шараны нағыз мерекеге айналдырды. Әлемде Тәуелсіз Қазақ мемлекеті барына, оның Нұрсұлтан Назарбаевтай Көшбасшысы барына жиналған көпшілік тағы бір шүкіршілік етіп қайтты.

Сайлау ҚҰЛЖАНОВ.