КІТАП ҮШІН ҚАМАЛДЫ

336
0

Сотталушы К.Ж. үстіміздегі жылғы тамыздың 1-і күні өзінен-өзі түлен түртіп, танысы кітаптарын қайтарып бермегені үшін ұрып-соғып, тепкілеп тастаған. Қарсыласы қайратты ер-азамат болса бір сәрі, нәзікжанды әйел болған соң әй-шайға қарамаған ғой. Оның мұндай қадамға баруына қу арақ кінәлі, бұла күшін бойына сыйдырмаған.Өз үйінде орташа дәрежеде алкогольдік мас күйдегі К.Ж. осыдан шамалы уақыт бұрын өзі емделген наркологиялық диспансерде фельдшер болып жұмыс істейтін Р.А-ға қоңырау шалып, өзіне келіп кетуін өтінеді. Бұрын да аралас-құраластығы бар Р.А. ойында ешқандай күдік болмастан К.Ж-ның үйіне келеді. Ол келгенше бабына келіп, бұла күші бойына сыймай тұрған К.Ж. танысы үйге кіргеннен-ақ тартпа бас салған. Сондағысы, диспансерде жатқанда өзінен сұрап алған кітаптарын неге қайтармай жүргенін бетіне басады. Р.А. болса, кітаптарды оқи тұру үшін емделушілерге бергенін, болған соң қайтаратынын айтқан. Бұған қанағаттанбаған К.Ж. қонақтың бетіне қолына ұстаған стакан толы арақты шашып жіберіп, жұдырық жұмсай бастайды. Бас-көзіне төпелеген К.Ж. қарсыласын жерге жығып алып тепкілейді. Кітапқа бола қанына қарайған оны үйде жүрген пәтершілер ажыратып алмағанда, оқиғаның немен аяқталары белгісіз еді. Р.А. қызына қоңырау салуын ажыратушылардан өтінген соң, өтініштерін орындаған бейтаныс жандардың адамгершіліктеріне ризашылық білдіреді.
Р.А-ның қызы дереу полицияға хабарлап, оқиға орнына жеткенде анасының жерде сұлық жатқанын, бет-аузы қан екенін көріп, шошып кеткен. Артынша тәртіп сақшылары да жетіп, сараптама жүргізеді. К.Ж. алкоголизмнің екінші сатысымен ауырады. Наркологиялық диспансерде есепте тұрады. Нарколог дәрігердің бақылауында болуы шарт. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысы бойынша Р.А. бас миының жабық түрдегі жарақатын, бас миының шайқалуы, мұрнының жұмсақ ұлпаларының соғылуы, екі көзінің тері астына қан үймелеуі, сол жақ 3-4-5-6 қабырғаларының жабық түрде сынуы, кеуде қуысына қан мен ауа жиналуы, соққыдан соңғы өкпенің солуы, сол жақ кеуде торының тері асты ауа жиналуы, кеуде торының жабық тұйық жарақатын алғаны анықталды.
Осы қылмыстық іс бойынша өткен сотта жәбірленуші айыпкердің отбасылық жағдайын ескеріп, кешірім беруіне қарамастан К.Ж. кінәлі деп табылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейтін болады.

Айдос СҰЛТАНОВ,
Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының судьясы, сот отырысының төрағасы.