«Бізде мамандар жоқ емес бар. Бірақ бүгінгі нарық талабына сай емес»

294
1
Мұрат Тағаев «Ордабасы құс» ЖШС Бас директоры:

Мұрат Тағаев «Ордабасы құс» ЖШС Бас директоры:

«Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, бүгінде ел арасында азамат атын ардақтап жүргендер жетерлік. Ондай азаматтар өз мүдделерінен гөрі, елдің жағдайына көбірек алаңдайды. «Менде болғанша, елде болсын» дейді. Кәсібін дөңгелетіп, туып-өскен ауылының әлеуметтік ахуалына алаңдайтын ондайлар қашанда мәрт келетіні анық. Сондай азаматтың бірі — Мұрат Тағаев. Оған деген елдің ықыласы да жоғары, қашанда жылы сөздерін аямайды. Мұрат Тағаевтың ел экономикасының дамуына қосып жатқан басым үлесінен бөлек, жұмыссыздықтың алдын алуға, халықтың әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне, халықты отандық сапалы өніммен қамтамасыз етуге де тигізіп отырған ықпалы барын айтпай кету мүмкін емес.
Мұрат Тағаев — еліміздегі күрке тауық өсіру ісін жолға қойып отырған бірден-бір беделді кәсіпорын — «Ордабасы-құс» ЖШС-нің басшысы. Қарапайым шаруа отбасынан шыққан ол еңбек жолын 1974 жылы өзі туып-өскен Қазығұрт ауданының Коммунизм совхозында кіші мал дәрігерліктен бастағанымен, өмір ағысымен 1979 жылы Маңғыстау облысының «Ақтау» құс фабрикасына келді, онда ол 1981 жылға дейін зоотехник, бөлімше бригадирі қызметтерін атқарады. Осыдан бастап еліміздің құс саласын дамытуға ынта-ықыласымен кіріседі. «Бөген» Бройлер құс фабрикасында, «Қайнарқұс» АҚ-ында әртүрлі үлкен-кішілі қызметтер атқара жүріп, елімізде бұл саланың ең кенжелеп қалған тұсы — күрке тауық етін өндіру ісі екенін байқайды. Күрке тауық еті денсаулыққа пайдалы, тауық етінен гөрі сапалы өнім. Күрке тауық етін өндіруді жолға қою үшін талай-талай алынбас белестен өткенін ендігі жерде кейіпкердің өзі баяндап берер деп, онымен болған сұхбатты қаз-қалпында оқырманға ұсынғанды жөн көрдік.

― Сұхбатымыздың әлхисасын «Ордабасы құс» ЖШС-інің құрылуынан бастасақ. «Ордабасы» ЖШС қалай құрылды, күрке тауық етін өндіруді қай кезден бастап қолға алдыңыз?

― 2007 жылы мен «Қайнар құс» фабрикасының басшысы қызметінде жүрген кезім. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауданға қызметтік сапармен келді. Әбілқасым Досболов ағамыз басшылық жасайтын облыстық құс шаруашылығы қоғамдық бірлестігінің атынан облыс әкіміне күрке тауық етінің қажеттілігі мен тиімділігін айтып, осы маңнан өз ісімді жолға қою үшін арнайы жай салуға жер бөлу туралы ұсыныс жасадық. Облыс әкімі бірден келісімін берді. Арада көп уақыт өтпей жобаның сметалық құжаттары дайындалды. 2009 жылдың екінші жартыжылдығында ғимараттың алғашқы кірпіші қаланып, құрылысы басталды. Күш-жігерімізді жұмылдыра отырып, құс кешенінің ғимаратын 2010 жылы бітірдік. Сол жылы 21 желтоқсанда тікелей Елбасының телекөпір арқылы қатысуымен салтанатты ашылуы болды. Алғашқы 70 мың бас күркетауық балапандарын құсханаларға бордақылауға жібердік. Содан бері 7,222 мың тонна күрке тауық етін өндіріп, сатылымға шығардық. Бұл жерде айта кететін бір мәселе елімізде бұл етті пайдаланудың тиімділігінің насихатталу жағы өте төмен. Алайда, халық тұтынатын тауық етінен күрке тауық етінің айырмашылығы, ол тауық етінен сапа жағынан әлдеқайда жоғары өнім, былайша айтқанда сиыр етімен тауық етінің арасындағы сапалы өнім десек болады. Бұрын тауық етін әзірлегенде оны сойып, тек етін өндеп, тұтынушыға жөнелтілетін болса, біз мұнымен шектеліп қалмай өнімді тұтынушы өз қалауынша, қалтасына қарай тұтына алатындай жағдай туғызатын жолдарды қарастырып жатырмыз. Мәселен, күрке тауықты мүшелеу. Тұтынушы бұл жағдайда өзіне керекті күрке тауық етінің кез-келген мүшесін сатып ала алады. Болмаса, күрке тауықты түгелімен сатып ала алмаған жағдайда өзіне керекті мөлшерде ғана өлшетіп ала алады. Бұдан өзге Елбасымыздың елімізді өркендету саясатында, өркениетті елдердің тәжірбиелеріне қарап, алға қойған мақсаты өндірген өнімді қажеттілікке лайықтап терең өндеу. Қолдан келгенше осы мақсатқа жетуге талпынып жатырмыз. Өркениеті алға қарыштап дамыған елдерде күрке тауық етінің терең өнделіп тұтынушының пайдалануына лайықталып шығарылған 120 түрлі, ассортимент түрі болса, бүгінгі таңда біздің кәсіпорын күркетауық ет өнімінің 35 — тен астам ассортимент түрін шығарып отыр.

― Жақында сіз басқарып отырған кәсіпорын еліміздің ең үлкен жоғары дәрежелі тауар сапасына берілетін «Қазақстанның үздік тауары» 1- дәрежелі номинациясын жеңіп алып, облысымыздың мерейін аспандатты. Мұны тынбай жасаған тынымсыз еңбектің жемісі, бағасы десек те болатын шығар. Жалпы,«Қазақстанның үздік тауары» номинациясының тағайындалуы барысына аз-кем тоқталсаңыз? 

― Республикалық деңгейде шығарылған отандық өнімнің сапалығын анықтап, және өнімнің сапасын арттыруға бағытталған қызметті жандандыру барысында, оған лайықты баға беріп отыратын екі конкурс бар. Оның бірі өзіңіз айтып отырған Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурс болса, екіншісі «Қазақстанның үздік тауар» республикалық көрме — конкурсы деп аталады. Бұл екі көрме-конкурсы қатар ұйымдастырылады және бұл көрменің ұйымдастырушысы Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі болып табылады, Бұл көрме-конкурсының арнайы ережелері болады. Шығарылған өнім сол ережелерге сай болуы тиіс. Барлық конкурстар секілді бұл көрме -конкурсы алдымен аумақтық –өңірлік деңгейде мынадай үш номинация бойынша: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» өтеді. Олар үш кезеңнен тұрады. Осыдан жеңімпаз атанған кәсіпорындар республикалық деңгейде өтетін көрме-конкурсына жіберіледі. 2011 жылы алғашқы тауарларымызды өндіре бастағаннан бастап біз осы номинацияға лайық тауар өндіруді мақсат еттік. Іздендік, тынымсыз еңбек еттік. Алға қойған мақсатқа жету жолында аянбай еңбек ету керектігін түсіндік. Соның нәтижесінде мақсатымызға жеттік.
«Қазақстанның үздік тауары» номинациясына қатысушы үміткерлерге қойылатын талаптың бірі өнімнің — экологиялық тұрғыдан сертификатталуы, «сапа» менеджементі. Сонымен қатар тауардың шет елдерге экспортталу мәселесі. Оның экспортқа жарамдылығы. Біздің тауарымыз азық-түлік болғандықтан өндірілген әрбір өнім шығарылған сәтте ол қанша көлемде болса да, үлкен болсын кіші болсын, облыстық азық-түлікті зерттеу орталықтарында лабороториялық тексеруден өткізіледі. Ветеринарлық сертификат беріледі. Бұған қоса тауардың шығуы туралы сертификаты алынады. Мұның барлығының ақпарат дерегі облыстағы сауда өндірістік палатасында жинақталады. Республикалық көлемдегі конкурста олардың ақпарат дерегінен өзге арнайы көрме ұйымдастырылады. Көрмеде конкурстық комиссия ұсынылған өнімді егжей-тегжейлі тексеруден өткізеді. Бұл комиссияның құрамында барлық саланың мамандары, тіпті, сыртқы безендірілуіне баға беретін сала маманына дейін болады. Біз алғашқы өнім өндіре бастаған күннен бастап осы талаптарды орындауға бар күш- жігерімізді жұмылдырдық. Халыққа экологиялық таза өнімді ұсынуды басты ұстаным еттік. Соның айғағы, міне өзіңіз айтып отырғандай «Қазақстанның үздік азық түлік тауары» номинациясын жеңіп алуымыз деп білемін.

― Тауардың сыртқа экспортталуы жағдайы жөніне де тоқтала кетсеңіз… 

― Жаңа айттым, біздің басты ұстанымымыз отандастарымызды экологиялық таза, сапалы күрке тауық етімен қамтамасыз ету деп. Өркениетті елдердегі тұтынушылар саны біздің елдегі тұтынушыларға қарағанда бірнеше есе көп. Сыртқа шығара қалсақ, толықтай алып кетуге тапсырыс беріп отырған елдер баршылық. Алысқа ұзамай-ақ қояйын, Ресей мемлекетін ғана айтсам болады. Дегенмен біз әзірге өндірген тауарымыздың тек үштен бірін ғана экспорттап отырмыз. Өйткені, бұл күрке тауық еті халқымыздың салауатты өмір салтын қалыптастырып, дені сау-жарқын өмір сүруі үшін бірден-бір керекті тағам түрлерінің бірі десем болады. Мұның құнарлылығын бүгінгі дәстүрлі медицина толықтай қуаттап отыр.

― Кез-келген ірі кәсіпорынның ашылуы бір ғана саламен шектеліп қалмайды, ол даму барысында басқа да салалардың дамуына ықпал ететіні мәлім. Сіздіңше, «Ордабасы құс» ЖШС-нің өркен жаюы қай салаларға өзінің шапағатын тигізуде? 

― Ауылшаруашылығы мен өндіріс саласының дамуы ең алдымен әлеуметтік саланың дамуына ықпалын тигізеді. Олай дейтін себебім, құс кешенінің ашылуы осы өңірдің 300-ден астам азаматтарының жұмыс тауып, өзінің тұрмыстық жағдайын жақсартуына әсер етті. Олардың жұмысқа келу-кету мәселесінде қиындық жоқ. Себебі арнайы көліктер оларды үйлерінен алып келіп, апарып салады. Сонымен қатар, бұл көліктер ауылдан-ауылға қарай қыдырып шыққан ауыл тұрғындарын жолай тегін ала кетеді. Тағы бір айта кететін нәрсе, біздің осы құс кешенінің салынуының арқасында осы маңдағы екі ауыл табиғи газды пайдалануға қол жеткізді. Жастар мәселесінде, жалпы тұрмыстық жағдайда ең бірінші мәселе, бұл — баспана. Осыған байланысты Елбасымыздың тапсырмасымен мемлекетіміз «Қолжетімді баспана» бағдарламасын іске асыруда. Біз де осыған өз тарапымыздан үлесімізді қоса отырып, жас мамандарымызды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін қолжетімді баспаналар салып беру ісін жолға қойып отырмыз. Өткен жылғы тәуелсіз еліміздің ауыз толтырып айтарлық табысты жемісі — «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің мемлекетімізде өткізілетін болғаны. Осының аясында мемлекеттіміз алға қойған күн көзінен электр қуатын өндіру ісін біздің тұрған жерде дамытуға болады. Бұл аймақ жел арқылы электр энергиясын өндіруге қолайлы. Қытайлық мамандармен кеңесе отырып, күн көзінен электр энергиясын өндіру ісін дамытуға бет бұрып жатырмыз. Және де, құс саңғырығын бұрын тек органикалық тынайтқыш ретінде ғана пайдаланатын болсақ, енді өркениетті елдердің тәжірбиесіне сүйене отырып, құс саңғырығынан табиғи газ бен электр энергиясын өндіруді қолға алып, ел игілігіне пайдалануға үлесімізді қоспақ ойымыз бар. Жаңа өзіңіз айттыңыз, саланың дамуы басқа салалардың дамуына түрткі болып, оның дамуына ықпалы етеді деп. Осы сөзіңізге бір дәлел айтайын. Біз етін өндіру үшін құсты бағып-қағамыз. Ең бірінші бізге не керек? Жүгері,бидай. Осы мәселеге орай биыл ауданымыздың Төрткөл ауылдық округіндегі және Отырар ауданындағы диқандармен алдын-ала келісім жасап, жүгері дақылын еккізіп, осы саланың ілгерлеуіне мұрындық болдық. Етке сұраныс көбейген сайын бізге жүгері дақылының мол мөлшері керек болады. Сол кезде диқандармен тығыз қарым-қатынас одан сайын молаяды. Міне, осылай бір сала екінші саланың дамуына септігін тигізе бастайды. Бұны кешегі Кеңес өкіметі жақсы қолдана білген.

― Шетелдік қай елдермен тәжірбиелік байланыс жасап отырсыздар? 

― Негізінен, осы кәсіпорынды ашуға ниет еткеннен бастап біз Израйль мемлекетінің біздің тілімізде МАД деп аталатын компаниясымен тығыз байланыста жұмыс жасап келеміз. Осыдан біршама уақыт бұрын өзіміздің бірнеше жас мамандарымызды сол жаққа оқуға жібердік. Ол жақтан білікті мамандар келіп, мамандарымызбен тәжірибие алмасады, білмегендерін үйретеді. Осы жерде мен мынадай аз-кем базынамды айта кетейін. Бізде мамандар жоқ емес. Дегенмен сол мамандарымыз бүгінгі күнгі нарық талабына сай болмай отыр. Оған негізінен жоғарғы оқу орындарының кемшілігі бар деп айтсам болады. Неге десеңіз, ғылым жылдан-жылға даму үстінде болса, ал біздің жоғары оқу орнында білім беріп жатқан ұстаздарымыз сол баяғы бір өз уақытында жазылған оқулықтармен шектеліп отыр. Ғылыми зерттеу ізденісі кем болғандықтан орыс тіліндегі, ағылшын тіліндегі жазылған құнды сала кітаптарының қазақ тіліндегі нұсқалары жоқ. Оқулықтың базасының байып отыруы тікелей маман даярлайтын жоғары оқу орындарына тиесілі ғой. Жоғарғы оқу орыннан заманға сай білім ала алмаған жас маманды амал жоқ, тәжірибие жинақтау үшін шетелге жіберіп, оқытуымызға тура келеді. Сонымен қатар бүгінгі жастардың өздері де еңбектің қиыншылығына төзгісі келе бермейді. Ал еңбектің жемісі тек шыдамдылық пен берік қажыр-қайратты талап етеді емес пе?

― Күрке тауық етін өндіруге байланысты шешілмей отырған қандай мәселер бар? 

― Жұмыс болған жерде мәселе болмай тұрмайды. Десек те, күрмеуі шешілмей шырмауықша шырмалып жатқан мәселе жоқ. Бірақ мына бір мәселені айта кетуді жөн көріп отырмын. Мемлекеттік сатып алуда азық-түлік тауарларына байланысты өтетін тізімде тауық еті, окорошка деп жазылады. Және бізге соған қатыс дейді. «Окорошка» ол отандық өнім емес, оны білесіз.
Тауық етін күрке тауық етімен салыстыруға келмейді. Бұл экологиялық таза өнімділігімен қатар әлемнің барлық мемлекеттері мойындаған сиыр еті мен тауық етінің арасындағы өнім екендігі. Ол кез-келген тараптан, тіпті бағасына келсек те солай. Соған байланысты, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қырымбек Көшербаев мырзаға арнайы хат жаздық. Тауық етінен бөлек, күрке тауық еті деп те жазылсын, сонда біз мемлекеттік сатып алу және де Қазақстандық тауар бағдарламасына қатыса аламыз. Мемлекет қамқорлығындағы білім ошақтарына, денсаулық сақтау нысандарына, бөлінетін азық-түлік құрамына күрке тауық өнімі кіруі де осыған келіп тіреледі. Жоғары жақтағылар бұған түсіністікпен қарап, шешуге тырысып жатыр.

― Мұрат Құлмырзаұлы, еңбектеріңіздің еселене беруіне тілектес екендігімізді білдіре отырып, жетістіктен жетістікке жете бергейсіздер. Келу мақсатымызды түсініп, ашық-жарқын сұхбат бергеніңізге ризамыз. 

― Рахмет

Сұхбаттасқан: Жанар ДУРМАНОВА.

Сіз не дейсіз?

Әбілқасым Досболов,  ОҚО мәслихаттың депутаты:

Әбілқасым Досболов, ОҚО мәслихаттың депутаты:

— Мұрат Тағаев өте еңбекқор азамат. Өз ісіне берілгендігі сонша ешқашан уақытпен санаспайды. Құс саласының тәжірбиелі маманы. Еліміздегі бұл саланың дамуы үшін шетелдік мамандармен тығыз байланыс жасап, тәжірбие алмасып, орасан тірліктер атқарды, әлі де атқарып жатыр. Сонымен қатар қарапайым, талапшыл басшы. Ол басқарып отырған «Ордабасы құс» ЖШС-і еліміздің экономикасының қарыштап дамуына сүбелі үлес қоса береріне сенемін. Адамдық қасиеттеріне келетін болсақ, кісілігі мен адамгершілігі жоғары. Әрдәйім халқының мұңын мұңдап, жоғын түгендеп жүреді.

Сіз не дейсіз?

 

Данияр Тілеубергенов,  Ордабасы ауданының әкімі:

Данияр Тілеубергенов, Ордабасы ауданының әкімі:

— Мұрат Тағаевпен бірнеше жылдан бері партия ісінде араласып келеміз. «Нұр Отан» ХДП беделін көтеруде оның атқарған жұмыстары өзгелерден бөлекше. Сол себепті, 2006 жылы партияның жоғары наградасы «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған ол алғашқылардың қатарында. Қарапайым, талапшыл, табанды, еңбекқор ағамыздың елге тигізіп жатқан шапағатын халық қашанда айрықша бағалайды. Сыйлы азамат Ордабасы ауданының Құрметті азаматы атағына ие болды. Мұның өзі оның халық арасында беделді, абыройлы азамат екендігін аңғартады. Ел экономикасын көтеруде, азаматтарымыздың денсаулығының мықты болуы мен салауатты өмір салты мен өмір сүруіне ол басқарып отырған «Ордабасы құс» ЖШС-нің өндірген сапалы өнімі мол пайдасын тигізуде деп ойлаймын. Халықтың, болашақ ұрпақтың денсаулығы жолында атқарып жатқан істері тек оң нәтиже береріне сенімім мол. Біз осындай жақсы атқа лайық азаматтарымызбен мақтанайық.

Сіз не дейсіз?

Лесбек Тәшімов, ОҚО мәслихаттың депутаты:

Лесбек Тәшімов, ОҚО мәслихаттың депутаты:

— Мұрат Тағаев азаматтығымен танылып, халықтың қалаулысына айналған азамат десем қате айтпаймын. Депутат болып сайланған жылдарында ғана емес, әрдәйім қарапайым халықтың жанынан табылып, олардың күрмеулі мәселелерінің оң шешілуіне үшін жан-тәнімен кірісіп жүргенін көремін. Табанды, талапшыл, еңбекқор басшы ретінде қатты сыйлаймын. «Елім» деп соққан жүрегі, отаншылдық, патриоттық қасиетері кім-кімге де болса өнеге боларлық. Еліміздегі кенжелеп қалған күрке тауық етін өндіру ісін жолға қою ол екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оған көпжылдық тәжірбие ғана емес, болшақты болжай білер көрегенділікте қажет. Оның бойынан осы қасиеттер табылғандықтан оның абыройы ел ішінде асқақ, мертебесі биік. Ол ел сеніміне лайық азамат.