«ЖАУ ЖАҒАДАН АЛҒАНДА…»

284
0

Өткен жылы облысымыздың бірқатар аудандарын топан су басып, қарапайым халық қатты зардап шеккен болатын. Біздің билік өткеннен сабақ алуды білмейтін «нашар оқушылардай» тағы да сан соғып қалды. «Өткен жылғы өкініш енді қайталанбайды, кез-келген табиғи апатқа тас түйін дайынбыз» дегендерінің барлығы өтірік болып шықты. Өткен аптада ауа-райының күрт жылынып, соңы нөсер жауынға ұласқаны бар. Топан су бұл жолы Сарыағаш ауданының тұрғындарын тығырыққа тіреп, қаншама жан баспаналарынан айырылды, әлеуметтік нысандар бүлінді, мал шығындарына жол берілді. Алажаздай айқайлары жер жарған билік өкілдерінің әуселелері осыдан-ақ белгілі болып қалғандай. Төтенше жағдайлар қызметі не істеген? Қауіптің боларын білмеген, алдын алуға ден қоймаған шенеуніктер, депутаттар енді ойланады ма, әлде өкініш тағы қайталана бере ме? Бірқатар облыстық мәслихаттың депутаттары мен «Нұр Отан» ХДП-ның аудандық филиалы апат аймағына барып, ұн, май-шай, көрпе-төсек беріпті. Қазақ мұндайда «жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» деуші еді.
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартқан» табиғи апаттың тағы бірі алапат желден келген қыруар шығын. Облыста 2 мыңнан аса ғимарат зардап шеккен. Алдын ала болжам бойынша келтірілген шығын 1 миллиард теңгеге жуық. Рас, апат айтып келмейді. «Тас түскен жеріне ауыр» десек те, облыстың табиғи ерекшеліктерін ескере бермейтініміз тағы бар. Әншейінде үп еткен жел тұрса болды, әлеуметтік нысандардың шатырлары ұшып жатушы еді, бұл жолғы сойқан жел тас-талқанын шығарды. Табиғи апаттан әсіресе Созақтың тұрғындары қатты жапа шекті. Табиғаттың тосын мінезі біздің билікке тағы бір ескерту жасады. Соңғы кезде сапасыз салынған құрылыстың зардабын қатты тартудамыз. Арзан жұмыс қолы мен сапасы сын көтермейтін құрылыс заттарына қатты құмартуымыздың салдары да осы болуы әбден мүмкін. Құрылыстың басында кімдер отырғанын өткенде айтқанбыз. Балға ұстап көрмеген басшылардың үйлері де, өздері де дін аман, қарапайым халық қасірет шегуде. Жауын жауса да, жел тұрса да жанымызды шүберекке түйіп отыратын болдық. Сиынарымыз да, сенеріміз де әкімдер емес, бір — Алла.

Қыдыр Қалиев.