ЕСЕП БЕРУ ДЕ ЕСТІЛІКТІҢ БЕЛГІСІ

281
0

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында есеп беріп, өткен жылғы қол жеткізе білген жетістіктері жөнінде алғаш ОҚО сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов баяндады. Талдау жұмыстары көрсеткендей, облысымызда сот төрелігін жүзеге асырудың сапасын көтеру мақсатында бірқатар жұүмыстар қолға алынып, сотқа деген халықтың сенімдері жоғарылай бастаған. Оған нақты деректер мен дәйектер келтірілді.Өткен жылдың ең басты жетістігі, ол — облыстық соттың жаңа да, жайлы ғимаратқа қоныстануы. Бұл елеулі оқиға огблысымыздың 80-жылдығымен орайластырылып өткізіліп, іс-шараға Жоғары Сот төрағасының өзі арнайы қатысты. Тағы бір елеулі жетістіктің бірі – Елбасының Жарлығы негізінде 2012 жылғы ақпан айынан бастап облысымызда кәмелетке толмағандардың ісін қарайтын мамандандырылған соттың ашылуы. Азаматтардың Конституциялық бостандықтары мен құқықтарын қамтамасыз етуде облыстық соттар жүйесінің атқарған жұмыстары ауқымды екеніне нақты деректер келтірілді. Атап айтқанда, өткен жылы 4076 қылмыстық іс өндіріске қабылданып, 2011 жылға қарағанда 142-ге азайған. Азаматтық істер бойынша да сот өндірісіне 47137 талап арыз қабылданып, бұл да 3030-ға төмендеген. Ал әкімшілік іс бойынша сотқа шағымданушылар қатары артқаны байқалады. Мәселен 2011 жылы 16594 іс қаралса, өткен жылы оның саны 26080-ге жеткен. Төрағаның айтысына қарағанда, облыстық соттарда жылдан-жылға мемлекеттік тілдің аясы кеңейіп, 2012 жылы мемлекеттік тілде қаралған істердің саны 70 пайызға жеткен көрінеді. Сот қызметінің ашықтығы мен жариялығын қамтамасыз ету мақсатында БАҚ-мен берік байланыс орнаған.
Облыс көлеміндегі кез-келген қайырымдылық іс-шаралардан шет қалмауға тырысатын сот қызметкерлері табиғи апаттан зардап шегушілерге бір күндік жалақыларын аударып, тіл кемістігі бар мектеп-интернат пен №2 балалар үйіне түрлі құрал-жабдықтар тарту етіпті. Нұрсерік Шәріпов жиын соңында журналистер тарапынан қойылған барлық сауалдарға жауап берді.

Е.СӘРСЕНБИН.