НАУРЫЗБЕН ҚАУЫШҚАН 25-ШІ КӨКТЕМІМ

293
0

Ұлыстың ұлы күні турасындағы бір белгілі аңыз былайша сыр шертеді: Нұх пайғамбардың атақты нән кемесі Қазығұрт тауына тірелгенде, жердің бетін жайлаған топан су кері қайтады. Сол сәтте зәулім көк аспаннан қасиетті қазан түсе қалып, жер бетіне табаны тиген барлық тіршілік иелері дәм татады. Сөйтіп, бұл күнді – «Ұлыстың ұлы күні» деп жария қылады.

Көшпелілер жыл басын Наурыздан бастайды. Наурыз – (парсыша «нау» (жаңа) және «руз» (күн) «Жаңа жылдың бірінші күні» деген мағынаға ие. Наурызды тойлау тарихы туралы Абайдың өзі: «Наурыз тарихын көшпелі халықтардың «хибиғи», «хұзағи» деп аталатын көне заманына ұштастырады. Парсының «нау» сөзі әртүрлі өзгерістерге ұшырағанымен, сол мағынада көп халықтың тілінде сақталып қалған. Ол орысша – нов, немісше – нойе, латынша – нео. Осылайша «нау» сөзі үнді-еуропалық халықтар дараланудан да бұрын пайдаланылған. Ал одан бергі мерзім ғана 5 мың жылдан асады. Қазақтың көне шежіресінде де Наурыз, Алаш деген сөздер бар», – деп жазады.
Ана тілімізде Наурызға қатысты «Жер бетіне жақсылық ұялаған күн», «Ұлыстың ұлы күні», «Ұзақ ұшып келген күн», «Жыл басы» – жылқышы торғай (нәуірзек) келген күн», «Көк кұт көзін (өсімдік) ашқан күн», «Жылдың жерге түскен күні», «Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіген күн», «Самарқанның көк тасы еріген күн» тәрізді бейнелі де берекелі түсінік сөздер мол.
Тіпті, біздің жыл санауымыздан бұрын дүниеге келген қасиетті «Авеста» кітабында, XI ғасырдағы түркі тілдерінің энциклопедиясы — «Диван лұғат-ат-түрк» сөздігінде, сонымен қатар, қазақ халқының қиял-ғажайып ертегілерінде жақсылық пен жамандықтың күресін адамдардың бейнесінде айтыстыратын қызықты мәліметтер көптеп сақталған. Соғдалықтар жақсылыққа – «Ахуромазда», жамандыққа – «Ахирман» деп ат қойса, ежелгі қазақтар жақсылықты «Кие», жамандықты «Кесір», ал, қысты – «Зымыстан», жазды – «Табысқан» деп атаған.
Наурыз – қазақ үшін, біріншіден, жылдың басы, халықтың мейрамы; екіншіден, «март» деп аталатын жылымық ай; үшіншіден, жылына жалғыз рет Ұлыс күні әзірленетін көпке таныс «Наурызкөже».
Наурыз мейрамына байланысты халқымыздың сан алуан атаулары бар, мәселен, Наурыз, Наурыз айы, Наурызнама, Наурызкөже, Наурыз тойы, Наурыз жыры, Наурыз-бата, Наурыз-тілек, Наурыз-жұмбақ, Наурыз-төл, Наурызкөк, Наурыз есім, Наурыз шешек, Наурызша, Әз — Қыдыр, Саумалық, Мұхаррам (тыйым), Самарқанның көк тасы т.с.с.
Наурыздың 22-жұлдызы – аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн.
«Наурызнама хақында» атты мақаласында тағы бір марқасқа қазақ Мәжһүр Жүсіп Көпейұлы былай депті: «…Бұрынғы отырған астына кетіп, оның орнына екінші тақ үстіне шыққандығын – жанды да балық біледі, жансыз да Самарқанның көк тасы біледі. Балық біле-тұғындығын сонан байқаған: Наурызнама той қылатұғын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай, теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан, екінші жағына карай аунап түседі. Сонан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» – деп. Сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: «Жаңа жыл тойы!» – деп.
Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәрифте Ғабдалахыд ханның наурызнама тойының сегіз күн ішінде болдым. Ұдайымен жүреміте үш кісіні жыққанға бір шапан бәйге, дәл сегізінші күн: «Мазар Шариф» – деседі. Қожа Баһауалдин әулиенің қасындағы хауызға қант төгіп, суды қант татытып, жұрт жабыла ішіп, «той тарқар» болады.
…«Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурызнамасында болған той, мереке қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған!» – десіп сөйлейді. Қайда атақты асқан бай бар болса, наурызнаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурызнаманың қадыр-құны астан, тойдан ілгері болады екен».
Ұлыстың ұлы күні –  Ұлық мейрамы туралы шығыстың данышпандары Махмут Қашқари, Әбу Райхан Бируни, Әбунәсір Фирдоуси, Әлішер Науай, Омар Һайямдар жақұт жыр, ғибратты рубаяттар қалдырса, қазақтың ғұламалары Абай, Шәкәрім, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сәкендер де өлмес өлең, өшпес өсиеттерімен таңбалады.
Наурыз туғанда – араздасуға, ренжісуге болмайды. Өйткені, бұл күн – ынтымақ пен ырыс күні. Ұлтымыздың ежелгі наным-сеніміне сүйенсек, 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды. Қазақтар ұлыстың ұлы күнін – жаны мен тәні таза қалпында, жаңа киіммен, жақсы тілекпен қарсы алады. Адамдар бір-бірімен жылы жүзде амандасып, Наурыз-бата береді, Наурызкөже ішеді, араздасқан ағайын татуласып, мүсәпір-мүгедектерге жәрдем көрсетіледі, ұлттық ойындар өткізіліп, ән-жыр айтылады, күй тартылады, бітелген бұлақтардың көздерін ашып, жас ағаш-талдар егіп отырғызады. Бұрынырақта ата-бабаларымыз таң ата биік төбенің басына шығып, жаңа күнді қарсы алған.
Өкінішке қарай, совет үкіметінің сасық саясаты 1926 жылы «Наурыз – діни мейрам» деген жала-желеумен халықтың сүйікті мерекесін тойлауға үзілді-кесілді тиым салып, күрт тоқтатты.
Тек тәуелсіздіктің таңы атқан тұста ғана халқымыздың біртуар ұлы Мұхтар Шаханов арада бақандай 62 жыл өткеннен кейін, бұрынғы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшысы Г.В.Колбинге Наурызды халыққа қайтару жөнінде арнайы хат жазып, талап қойды.
Сөйтіп, қазақтың қайсар ақынының аталған хатынан соң ғана Наурыз мейрамы халқымызға 1988 жылы қайта оралды.
Адамзат тарихы наурызды көптеген халықтардың тойлағанын дәлелдейді. Мысалы, парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған.  Наурыз күндерінде кәрі-жас мәз болып, бір-біріне жақсы тілектер айтқан, бір-біріне гүл сыйлаған, үйлеріндегі тіреу ағашқа гүл ілген, әр жерде үлкен от жағып, отқа май құйған, ескі киімдерін тастаған, ескірген шыны аяқтарды сындырған, жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжаған, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – «күн символын» салған, жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалық» әзірлеген, жамбы атудан дәстүрлі жарыстар өткізген.
Туысқан Түркияның түкпір-түкпірінде Наурыз мейрамы – «Наурыздың тоғысы», «Наурыздағы мұз бұзылысы» және тағы  да басқа атаулармен өткізіледі. Шығыс Анадолыда халық «Күн теңелген түні – он сегіз мың ғаламның барлық жанды-жансыздары Тәңірге сәжде етеді» деп түсінеді. Осы күні «Құдайға табынушылардың бір жылдағы болашағы анықталады» деп сенеді. Сондықтан, қаріп-қасірлер мен кембағалдарға жәрдем беріледі. Енді Оңтүстік Анадолыда (Ғазиантеп) 22 Наурыз –  «Сұлтан-й Наурыз» деп аталады. «Күн теңелетін түні белгісіз уақытта аяғындағы білезікті сыңғырлатып, кесте тоқи отырып, ғажап сұлу қыз батыстан шығысқа қарай аспанды кесіп өтеді», деп түсінеді, халық. Кейбір аңыздарда «Құс киімін киген жігіт» деп те айтылады. «Сұлтан Наурыз уақытын көрген адамдардың тілегі қабыл болады» – деген сенім де қалыптасқан.
Иншалла, ақ тілек, таза пейіл пенделерге артықтық етпейді. Биылғы – 2013 жыл да – қабырғалы қазағымызға берекелі де ырысы мол жыл болғай! Еліміз – елеулі, халқымыз – қалаулы дәрежеге жеткей! Жұртымызға бақ қонып, Қыдыр дарысын! Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын!
Жүрек жарды қуаныш, жантебірентер толқыныс үстінде ертедегі  Иран патшасының Наурыз күні қол астындағы адамдардың біріне патша шапанын сыйға тартатыны еріксіз есіме түсіп отыр.
Ана тіліміздегі күні бүгінге дейін сақталған: «Қара құлдан да бір тілек», «Құлға да бір күн азаттық» дейтін мағынасы терең мәтелдер осындай өрісі озық көне дәстүр-рәсімдерге қатысты болса керек-ті.
Атақты Наурыз жырының өзі:
«Құл құтылар кұрықтан,
Күң құтылар сырықтан!» – деп құйқылжытпай ма?!.

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА.