Мерекелік арнау

252
0
41

Тұрсынбек ТҰРАПБЕКҰЛЫ,
М.Оразалиев атындағы орта мектептің директоры,
Сайрам ауданы.

Гүл көктем кеудемізді нұрға малып,
Сезімді оятқандай баурап алып.
Қу қыздар жыр дәметіп қутыңдайды
Қамшылап шабытыма қозғау салып.

Қолқалап көндірді олар жолын тауып,
Тастадым басқа істі жылы жауып.
Сырлы сөз жүрегіме жол тауып тұр
Көңілдің жырға арнаған жүгі ауып.

Байқатып табиғаттың гүл жарғанын,
Өлеңнің сыйлайыншы қызғалдағын
«Аға» деп құрметтеген  құрақ ұшып
Әріптес қыздарға осы жырды арнадым.

Мерекең құтты болсын аруларым
Атады сендерменен әрбір таңым
Қаймағын қара өлеңнің қалқып алып
Үкілеп зер орамал жабуладым.

Сендерсің әрбір үйдің бағыланы
Сендерсің жігіттердің  сағым әні
Атанға асу бермес асау жүрек
Қылықты қыз күлкіге бағынады.

Сәнденіп сәулет құрып жалындаңдар,
Құлпырған қыр гүліндей ару жандар
Жүректен жарып шыққан осы жырды
Бір шоқ гүл сыйлады деп қабылдаңдар.