Зиянды кеміргіштер жөнінде не білеміз?

294
0

кеміргіштерАдам  ағзасында пайда болатын түрлі ауруларға  қоршаған ортаның  зиянды факторларымен қатар үй жануарлары, насекомдар,  кенелер, кеміргіштер де себепкер бола алады. Соңғы кезде елдімекендерде жиі кездесетін кеміргіштер тобына қысқаша тоқталып өтейік.

Кеміргіштер (егеуқұйрықтар, атжалмандар) мен үй тышқандары тұрғын үйлерді, қоқыстарды, қамбаларды, мал қораларын, элеваторларды сағалайды. Ең бастысы, егеуқұйрықтар аса қауіпті оба, сүзек, туляремия, лейшманиоз ауруларының таратушысы болып саналады. Сұр егеуқұйрықтар жер шарына кең тараған және өте тез көбейеді. Мысалы, оның біреуі жылына 75 ұрпақ таратады. Қара егеуқұйрықтар сирек кездеседі және баяу өседі. Егеуқұйрықтардың тамақ таңдамайтындығы соншалықты  тамақ өнімдерін, тері, жиһаз, сабынға дейін кеміріп, бүлдіреді. Кеміргіштерден жарақат алған адамдар міндетті түрде, арнайы емдеу мекемелерінен ем қабылдауы тиіс. Өйткені олар құтырма ауруының пайда болуына тікелей себепкер болуы мүмкін. Кеміргіштер тобына жататын үй тышқандары да кең тараған әрі өте жылдам көбейеді. Бір тышқан жыл бойы 80-ге жуық ұрпақ өргізеді. Тышқандар әртүрлі тамақ өнімдерімен, астық дәнімен, жеммен қоректенеді және түрлі ауру таратушылар қатарына жатады. Міне, сондықтан жоғарыда айтылған зиянды кеміргіштерден сақтану аса маңызды екендігін ескерте келе,  тұрғын үйлерді, қоймалар мен сауда-саттық, қоғамдық тамақтану орындарын, мал қораларын, құрылыс маңындағы жер учаскелерін таза, сондай-ақ тамақ өнімдерін кеміргіш зиянкестер тимейтін жерде сақтау, тағамның қалдықтары мен қоқыстарды мұқият жинап, тазарту, тұрғын үй жертөлелері мен көше жиегіндегі арықтардың қоқырсуын болдырмауға атсалысқанымыз жөн.
Бүгінгі таңда кеміргіштерге қарсы қолданылатын шаралардың кең тараған бірден-бір түрі  «дератизация» деп аталады. Дератизацияның өзі бірнеше түрге бөлінеді: механикалық, химиялық, биологиялық. Бұлардың ішінде тиімді нәтиже беретіні – химиялық  тәсілі, яғни уланған жемді пайдалану. Осы жерде сізде «улы жем қайда дайындалады, қандай мекеме айналысады?» деген сауалдар туындауы мүмкін. Бұл мәселе бойынша бүгінгі таңда қала аумағында «Жедел», «Әлия», «Шымкент» залалсыздандыру стансалары айналысып, келісімшарт бойынша жеке тұрғын үйлерге, коммерциялық, мемлекеттік мекемелерге қызмет көрсетуде.

Ж.МУЗАФАРОВ,
ҚР ДСМ МСЭҚК-нің ОҚО бойынша департаментінің  Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы бастығының орынбасары.