«Өзіңді-өзің таны, ойыңды күзет»

265
0

4672-2Біздер амалы мен сөзі көбейген, сауабы мен берекеті азайған заманның куәгеріміз. Десек те, ертеңіміз үшін бүгін оянбасақ кеш болары хақ. Сондықтан  арманы көптің мақсатына бұрылып, амалсыз жанкешкендерге мазаланған жөн. Олар кімдер, нені аңсайды, не қажет, өмірі қалай, күйі қандай деген сұрақтармен құрдымға кеткен өлік ойларын тірілтуіміз керек. Кейде, жұмбақтаған Алланың аласапыран дүниесінің есігі  ашылды ма дейсің.

Өйткені, бүгінде мың құбылған санаға жауап беруге үлгере алмайсың. Тіпті, алдыңдағы айналған балаңа мына өмірді қалай жеткізеріңді білмейсің. Оған  айналадағы жан күйзеліс пен қиындықты, қарайған қайғыны қалай түсіндірмексің. Дәуірі өткен ғұлама Абайдың ұрпақтары әлі күнге біреуі тоңып, біреу тойынып секіреді. Тоғы ашымен ойнамайтын кезең. Сонау ашаршылық нәубетте бабалардың сенімі өлмеген. Ал, қазіргі қазақтың рухани аштығынан иманы теңселіп, бір-біріне сенімсіздікпен қарап, халық сенуден қалды. Оған апарған бәлекет күмән өзін күдіктендірмей, өзгеге итереді. Осылайша, әлсіз рух бұрышқа тығылып, қиындығына тұншығып, мойнын қылдырықтата, тағдырына тау-тастан басқаның бәрін, небір дүниені, әркімді, қажетсізді кінәлауда. Сонда небір зұлматты өткерген аталар сенімі қырқыншы жіптің көлеміне жеткені ме? Әрине, тағдырды дөп басып айту қиын. Дегенмен, қазіргі таңда қара су мен нансыз отырған отбасы аз. Керісінше, той жарысы мен ағыл-тегіл шашу көп. Алайда, арам өліммен арамыз азайып, өзін жерлегендер молайды. Қиямет жақындағанда, адамдар бірін-бірі өлтіріп, өлген мен өлтіргеннің көздеген мақсат-мүддесі кітаптарда баяндалса, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз үмбетінің күнә істеріне емес, арзымайтын, құнсыз дүние- боқтығына бола ағайынның бір-бірінен алыстайтындығынан шошынған. Адамның  ішіне адам кіріп шықпайды. Дегенмен, бүгінде бір үйдегі қарайған бастар бір-бірінің амандығына көз жеткізіп, тірліктеріне көңіл бөліп, жүректерін тексермейді. Бір туған арасында бауырмалдық пен жанашырлық жоқ. Бауырым дегеннің өзегі түсіп, жанашырмын дегеннің жаны күйіп қалмайды. Әйтсе де, анасы мен қызы, әкесі мен ұлы сырлас келсе, мәселе оңайырақ болар еді. Сондықтан, ата-ана «Ұят болады мен» туыс-туғанына жағынғанша, баласының күнделікті ойын тексеріп, жүздеріне үңілсін,сырын білсін. Өйткені, өзін қор санап, өмірден түңілгендердің дені жастар. Жауапсыз кейіпте мұны ауруға не нәубетке санағанымызбен, ұрпақ өліміне жайбарақат қарағанымыз болмайды. Бұл бүгінгінің мәселесі яғни ұрпақ тағдыры, ел тағдыры.
Бір ғауазатта (с.ғ.с) пайғамбарымыз әлдебір сахабаны нұсқап «Бұл тозақы болады» дейді. Кейіннен әлгі сахаба майданда жарақаттанып, қансырай қиналады да, «бәрібір өлемін» деген оймен ақырғы сәтті тоспай, өз-өзіне қол салады. Бұл жағдайды сахабалар  (с.ғ.с) пайғамбарға жеткізеді. Сонда ол «Алла тағала өмірінің соңына қарайды» деген. Бұдан шахид дәрежесі, ұлық сауап арқалайтын адам өмірінің соңы өзіне үлкен азап жүктеді. Бір замандарда өзіне қол салу көбейгенде оған жаназа оқымау пәтуаланды. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз мұндай өлімге қатыспаған. Шариғатта адам өлімі бес түрлі, соның ең ауыры мен қиыны осындай өлім яғни өзін-өзі өлтіру. Өзін қалай және немен өлтірген адамның тозақта да дәл солай азапталатыны хадисте белгіленген. Енді жанкештілердің мақсатын зерделесек, көбінесе өкініш, қарыз несие, жауапсыз сезімдегі махаббат, діни мүддеден болып жатады. Адам өмірінде пендешілік пен қателік міндетті түрде болады. Алайда, өкінішсіз дүниеден озған адам болмайды. Бақытты ғұмыр мен бақытсыз кеткен адамның да өкініші бәрібір болады. Сондықтан өкініш те өткінші дүние. Ал мұсылман үшін зор өкініш – Алланы танымау. Басын сұқпауға тиісті болған қарыз-несиеге кіріп, оның төлемінен қашып, сол үшін қабірде байланып, одан кейін қияметте қамалып, жан-жағынан періштелер сап-сабымен күзеткенде, мұсылман адам қарызын қалай да қайтарып беруді осы өмірінде ойлаған жөн. Қай өмірде болмасын, ол бәрібір қайтарылатын қарыз. Сезім де ой сияқты санада болуы керек. Ол қайтарымды немесе жауапсыз болса да, ол өмір кешетіндей дүние емес.
Ойдың берері бар, алары көп. Егер білмегеннің ойындағы «Жұмақ» жаны жай табатын сая бақ болса, сол бақтағы намазын осы өмірден бастасын. Өйткені, өмір біреу емес. Бұл дүниенің қиындығын бір жіппен үзіп, ана дүниеде жалғамаймын деген сынық ой екі дүниенің арасында қалып қоймасын. Алланың қалауынан қорқу керек. Мың жерден жақсылық тілеген жүректің өмірді аяқ асты ететін титімдей ойы Алланың қалауына ілінсе не болмақ. Өмірдің мәресіне жетуге белгілі жастық пен кәрілік, өткеретін жылдар мен уақыф бөлінген. Оны керексінбей, айналып өтіп, төте жолмен тартқан адам қайда бармақшы. Иманымызды қастерлейік, жақсы оймен күн, қайырлы түнмен таң атырайық. Салиқалы  кәрілікке үмітімізді үзбейік, жаман ойға мұқтажсыз, жақсы оймен өмір кешейік, Әумин!

Нұрлан АСАНОВ,
Шығыс Қазақстан облыстық
 мешітінің имамы.