Өзіндік орны бар оқу орны

312
0

РИСУНОК 1Қазіргі кезде білім беру мекемелеріндегі басты міндеттердің бірі — салауатты өмір салтын қалыптастыру, жас ұрпақты жетістіктерге дайындау, мемлекетіміздің мәртебесін көтеру. Спорт саласын дамыту мақсатында көптеген жоғары оқу орындары студенттері арасында бокс, таэквондо, күрес, каратэ, кикбоксинг сияқты спорт түрлерінен сайыстарды өткізу дәстүрге айналған. Тиісінше, жүзден жүйрік атанып, мыңнан оза шыққан келешек маман иелері жеңіс тұғырына көтерілуде. 75 жылдан бері педагог мамандарды даярлауда ерекше белсенділікке ие, Оңтүстік Қазакстан мемлекеттік педагогикалық институты — облысымыздағы тұғыры биік оқу орындарының бірі.

Білім ордасының ректоры Аяшев  Оңалбай Аяшұлының басшылығымен бұл күнде институт қабырғасында 3500 студент мұғалім мамандығын игеруде. Институт тарихы тым әріден тамыр тартады. Оқу орны екі жылдық мұғалімдер институты болып, 1937 жылы ашылған. Алғашында тек тарих-филология факультеті жұмыс жасап, тарихшы мамандарды даярлау ісі үздіксіз жүріп жатты. Факультеттер бір институттан екіншісіне көшті және олардың аттары да сан рет өзгерді. Дегенмен, оқытушылар мен студенттерінің біліктілігі мен білгірлігінің арқасында ҚР Білім және ғылым министрлігі болашақ педагогтерге оқу орнының бастапқы атын қайтарып берді. Шымкент педогогикалық институты ОҚМПИ болып, 2011 жылдың 28 маусымында қайта құрылды. Жарты ғасырдан астам тарихында оқу орны күн сайын қанат жайып келеді. Заман талабына студенттер саны да жыл сайын артуда. Әсіресе, үш жарым мың студенттің 230 — ы «Спорт және әскери дайындық» факультетінде білімдерін шыңдауда.
ОҚМПИ «Дене тәрбиесі» бойынша мамандарды 1966-1967 оқу жылынан бастап даярлауда. Бұл күнде факультет кұрамында «Бастапқы әскери дайындық және дене шынықтыру», «Дене тәрбиесі теориясы мен әдістемесі» кафедралары жұмыс жасайды. Бүгінгі таңда «Спорт және әскери дайындық факультетін» ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, п.ғ.к., доцент Қуаныш Сабырұлы Наханов басқарады. Сонымен қатар, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы п.ғ.к., профессор М. Темірханов, п.ғ.к., профессор, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Ж.Н.Қобланов және көптеген тәжірбиелі профессор-оқытушы білім беруде. Студенттеріміз Әлем, Халықаралық, Азия, республикалық, облыстық біріншіліктерде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. 2012-2013 оқу жылында Республикалық Әлем және Халықаралық жетістіктерде студенттердің жеткен жетістіктері айтарлықтай жоғары дәрежеде болды. Атап айтсақ:
— Руслан Джабаев, каратэ-додадан Әлем Кубогі, күміс жүлдегер,
— Олжас Байниязов, — бокстан Баку қаласында өткен студенттер арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Алматы қаласында өткен С. Нұрмағанбетов Халықаралық турнирдің II орын иегері;
— Дәулет Әшірбек, — қазақша күрестен Қызылорда облысында өткен Мәшібек Мәлібаев атындағы ҚР Турнирінің қола жүлдегері, «Тайқазан» жүлдесіне арналған ҚР турнирінде «Түйе палуан», I орын иегері. Ағымдағы жылы ақпанның 24-ші жұлдызында жастар арасында өткен қазақ күресінен ҚР біріншілігінің «Түйе палуан» және I орын иегері;
— Жазира Жаппарқұл, — ауыр атлетикадан Мьянмада өткен жастар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері, ҚР бірнеше дүркін жеңімпазы, 2010 жылы Сингапурде өткен I — Жасөспірімдер олимпиадасының жеңімпазы;
— Нұржайнат Елубаева, — бокстан ҚР қола жүлдегері.
— Феруза Ергешова, — таэквондо 72 келі салмақтағы Азия біріншілігінің жеңімпазы, ҚР бірнеше дүркін чемпионы, 2012 жылы Лондонда өткен жазғы олимпиада ойындарының қатысушысы.
Институт бүгінімен ғана емес, өткенімен де мақтана алады. Факультеттің түлектері арасынан халықаралық деңгейдегі атақты спортшылар да шықты. Олардың есімдері халық жадында сақталып қалған. Алдыңғы толқын ағалардың ізін басар, спортты жандарына серік еткен студенттеріміздің барымен мақтана аламыз. Қажырлы еңбек пен табандылықтың арқасында кейінгі толқын оқу ордасының жетістіктер қоржынын алдағы уақытта да толтыра бермек. Жастығында биік асуларды бағындырып, болашақта өз саласында білікті шәкірттерді дайындау ОҚМПИ-дің әр студенттің алдына қойған мақсаты.

Асхат ТОРИЕВ,
ОҚМПИ аға оқытушысы.