«Ұстаз» деген атқа лайықпыз

211
0

2-2Қай уақытта болсын, адамзат алдында тұрған басты  мақсат-міндеттердің бірі – жас ұрпақты саналы етіп тәрбиелеу. Білімді, мәдениетті жастар ғана қоғамды алға сүйрейтін алып күш. «Балаға әуелі тәрбие, онан соң білім беру қажет, өйткені ғылым тәрбиесіз залымдардың қолына түссе, халыққа опат алып келеді» деген екен Әл-Фараби атамыз.

Осы өнегелі сөзді өмірлік ұстанымыма айналдырып, бірнеше жылдан бері Шымкент қаласындағы №52 жалпы орта мектебінде сабақ беріп, бала тәрбиесімен айналысып келемін. Егеменді елімізді дамытуға үлес қосатын рухы мықты, тәрбиелі, жан-жақты жетілген, елін, жерін сүйетін, салт-дәстүрімізді сақтайтын, тілімізді, дінімізді дәріптейтін азаматтарды тәрбиелеу басты міндетім деп түсінемін. Ұстаздық ұлы мамандық. Сол себепті ең алғашқылардың бірі болып осы мектептің кірпішін қалап, бар саналы ғұмырын бала тәрбиелеуге арнаған әкем Ораз Саржановты үлгі тұтып, осы саланы жүрек қалауыммен таңдап алдым.
Тәрбие бағыттарының басым бағыты азаматтық патриоттық және құқықтық тәрбие ғой. Елін, жерін сүйіп, салт-дәстүрді жоғалтпаған, өз тілін жетік меңгерген жас ұрпақ – болашақта Отанға шексіз берілген азамат болатыны анық. Осы мақсатта жылда өткізілетін мектепаралық «Алтын ғасырдың алтын ұрпақтары» (2007) өнер фестивалінде І орынды, «Өнер құдіреті мәңгілік», (2012) І орынды, «Бірлігіміз жарасқан», (2011) І орынды, Жамбыл Жабаевтың туғанына 160 жыл толуына орай «Жамбыл жыры – бабалар үні» айдарымен өткізілген өнер фестивалінде ІІ орынды, (2006), «Өмірімді өнерге бейімдеймін» атты өнер фестивалінде IV орынды (2009), «Ұлы Жеңістің 65 жылдығы» мерекесінде орай ұйымдастырылған «Ел бірлігі – халық ынтымағының жеңісі» айдарымен өткізілген өнер фестивалінде ІІ орынды (2010) жеңіп алдық. Ал биыл  «Тарихы мол мәдени өлке — Оңтүстік» атты өнер фестиваліне 500-дей оқушымыз қатысып, қазақтың басын қосқан, өмір бойы азаттықты аңсаған Абылай ханның 300 жылдығына байланысты көрініс көрсетіп,  киелі өңірден шыққан ұлы тұлғалар Әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Бәйдібек би, Шәмші Қалдаяқов, Мұхтар Шаханов, Бекзат Саттарханов, күш атасы Қажымұқанды дәріптеді. Үміттену, талпыну, жақсы орын алу, №52 орта мектептің атын шығару шәкірт үшін де, біз үшін де үлкен жетістік деп білемін. Мектепте 1948 оқушы болса, соның бәрі дерлік тәртіпті, өнерлі, білімді десем жаңылыспаспын. Осындай дәрежеге жеткізіп отырған әрине, ең бірінші отбасы тәрбиесі, онан кейінгі білім ордасы емес пе?! Бала тәрбиесіне бей-жай қарамайтын ата-аналарға алғысым шексіз.

Айжан САРЖАНОВА,
№52 орта мектебінің мұғалімі.