«Дәуірдің» даңқы дүрілдеген күн

203
2

1-2Мамыр айы табиғатта да, адам өмірінде де бір арпалыс шақ.Қысып үйреніп қалған қыс әлі де кете қойғысы келмей жатса, күлімдеген көктем нұрын шашып оны еңсеріп барады.
Осы мезгіл мектеп ұстаздары мен шәкірттері үшін де қым-қуыт әрекеттерге толы уақыт. Бір жағынан оқу жылын қорытындылап, жақсы бағалар үшін бақтарын сынап, екінші жағынан Бірінші, Жетінші, Тоғызыншы мамырларға сәйкес келген мемлекеттік мерекелерді тойлап жатқаны.

Осылардың үстіне біздің күн шуақты Оңтүстік өлкесінде соңғы жылдары арнайы ресми болмаса да бір қозғалыс, тіпті дәстүр деуге келетін құбылыс пайда болды. Ол-бұрынғы шәкірттердің мектебіне, туған топырағына деген ыстық ықыласы, перзенттік махаббаты, қадірлеп, иіліп жасар тағзымы.
Осындай бір игілікті шара Мақтарал ауданы, Ж.Ералиев ауыл әкімшілігіндегі Арай елді мекенінде болып өтті. «Дәуір» жалпы орта мектебін тура 20 жыл бұрын бітірген шәкірттер осында жиналды. Жақында ғана орталықтан ауысып келген мектеп директоры Бибігүл Шырынбекова олардың басын қоса білді. «Осы ауылдан, аталған мектептен шыққан ауданға, облысқа, тіпті республикаға белгілі болған талай қазақ күресі мен еркін күрестің хас шеберлері мен қоғам қайраткерлері бар болатын. Міне, осыларды жас ұрпаққа үлгі- өнеге етуді мақсат тұттым» – дейді Бибігүл ханым.
Мерекедегіше безендірілген мектеп ауласы мен ғимаратына қарап, спорттың қазақша,еркін күрес түрлері мен футболдан өтетін турниріне келгенімізді түсіндік. Ұйымдастырушылары мен демеушілері, әрине бұрынғы түлектер. Олар мектепке үлкен спорттық күрес кілемін сыйға тартыпты. Елбасымыз Н.Ә Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты соңғы жолдауында саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады деп атап көрсетті. Осында қолжетімді спорт нысандары, спорт құрал-жабдықтары жетіспейтіндігі ашық айтылған болатын. Осыған орай біз де ауылда бұқаралық спорт қозғалысын дамытуға өз үлесімізді қосуға шешім қабылдадық, – дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі – Асқар Ниязбеков
Ұйымдастырушылар іс-шараны осынау 20 жылда өмірден озған ұстаздары мен сыныптас достарының рухына арнап, мешітте ас беруден бастады. Ауыл ортасындағы еңселі мешітті 2002 жылы ағайынды Жұмаділлаевтар тұрғызып берген еді, сонан бері елді имандылыққа баулуға игі әсерін тигізіп тұр. Ауылда есірткімен әуестенетін, ішімдік ішіп, түрлі бас бұзарлық жасайтын кісілердің болмауыда мешіт ықпалы деп есептеймін. Сондай-ақ, сабақтан тыс уақытта мектеп оқушылары да көптеп келеді. Олардың оқу үлгерімі мен тәртібі негізінен жақсы болып отыр. Себебі, асыл дініміз жақсы оқуды, үлкенді сыйлауды, көркем мінезді болуды үндейді. Бұл жағынан біз мектептің рухани көмекшісі сияқтымыз, деп ағынан жарылды ауыл имамы Ораз есімді жас жігіт.
Сонымен турнирдің салтанатты ашылуынан кейін алғашқы күні қазақша және еркін күрестен «Дәуірді» дүркіреткен жарыс болып өтті.
Қазақша күрестен Ж.Ералиев кубогын 60 кг салмақ дәрежесінде М.Әзірет жеңіп алса, Б.Өмірбаев кубогын осы салмақта А.Шәкірат иеленді. Еркін күрестен И.Бекназаров кубогын 29 кг салмақта Ж.Бекназар, Ө.Юсупов кубогын 36 кг салмақта О.Қабылбек, М.Буданов кубогын 42 кг салмақта С.Шәріпбектер жеңіп алды.
1993 жылы мектеп бітірген түлектер белгілеген кубок 60 кг салмақ дәрежесіндегі Р.Көшербайға бұйырды.
Турнир соңында “Түйе балуан ” атағы үшін балуандар кілемге шықты. Түлектер өкілі Е.Юсупов пен мектептегі күрес үйірмесінің бапкері А.Жүнісов арасындағы белдесу тартысты әрі қызықты өтті. Жеңіс Е.Юсуповтың еншісіне бұйырды. Күрестің басы-қасында елге белгілі қазақша күрестің хас шебері Бақыт Жаңбырбаевтың жүруі турнирдің көркін әрлеп, салмағын арттырып тұрды.
Осындай іс-шара жексенбі күні футбол жарысымен жалғасты. Жастардың құлшынысы ерекше болды. Көтеріңкі-көңіл күй жағдайында өткен додаға ауыл тұрғындары көп жиылды.«Арай», «Сейфулин», «Ералиев» командалары жүлделі алғашқы орындарды тиісінше өзара бөлісті. Спорттық талаптарғва сай сауатты да, қызықты ойын өрнегін көрсете білген «Арай» командасы Жамбыл атындағы ауыспалы кубокты еншіледі.
Екі күндік іс-шараны мектеп директоры Бибігүл Шырынбекова қорытындылады. Ол қомақты қаржылай және мектеп өміріне қажетті құрал-жабдықтармен демеушілік жасаған Ербол Ералиев, Исақ Бекназаров сияты азаматтарға алғысын білдірді. Біз осы іс-шараны атақ арттыру, бедел жинау үшін емес, осы жерде бар игі дәстүрді жалғастыру үшін, сөйтіп мектеп оқушыларын туған жерді, елді сүюге, сонымен қатар олардың бойында салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін өткіздік. Кең-байтақ Қазақ елінің кішкентай бөлшегі – Арай ауыл тұрғындарының бірлігі үшін, балаларымыз қазіргі заманға бейім болуы үшін осылай жасадық.
Ең бастысы – оқушының білім сапасы. Елбасымыз осы мәселеге баса назар аударып отыр. Осы орайда, биыл 84 шәкірт үлкен өмірге жолдама алмақ. Олардың 44-і ҰБТ сынағына барады. Келешекте осы сынаққа бітірушілерді түгел апаруға көшпекпіз. Бұл, әрине, оңай шаруа емес. Ұжыммен ойласа келе, келесі жылы–6, арғы жылы–7 оқушыны «Алтын белгіге» ұсынуды ұйғардық. Биік белесті осылай бағындырсақ…, – деп сөзін аяқтады Бибігүл ханым.
Осыдан кейін болашақта  «Дәуірдің» дәуірі жүретініне жұрт сеніп тарқасты.

С.ҚҰЛЖАНОВ,
Мақтарал ауданы.