Шоқайда су жоқ, “Су жүйесінде” шу көп

505
0

Шоқай мен су жүйесінің мақалаға қандай қатысы бар деп ойлап отырған шығарсыз. Түсінікті болу үшін басынан бастап баяндайын. Шоқай дегенім Қызылорда қаласындағы орталық көшенің бірі. Ал екіншісі “Қызылорда су жүйесі” МКК мекемесі.
М. Шоқай көшесін қозғаған себебіміз, бұл көше тұрғындары сонау 2011 жылдың желтоқсан айынан бері ауыз сусыз отыр екен. Бізге арнайы хабарласқан көше тұрғындары осылай деп мұңын шақты. Олардың айтуынша, ауыз судың азабын тартқанына көп жыл болыпты. Осы жайында талай құзырлы орындарға айтқанымен еш қайран болмаған.

Аталмыш жәйттің жай-жапсарын білу мақсатында Шоқай даңғылындағы көшенің бірі Арал көшесі тұрғындарымен кездескен едік. Осы көшенің комитеті Аралбай Әбдіразақов есімді ағамыз құзырлы орындарға деген өкпе-назын бүкпелеп қалмады. Оның сөзіне сүйенсек, бір ғана Арал көшесінде ауыз суға қатысты түйткіл қордаланып жатыр. Ауыз суды айта-айта аузымыз ауырды дейді ол.
Көше бойымен жүргізілген ауыз су құбыры арқылы осы көшедегі әрбір тұрғын өз ауласына суды қалтасындағы қаржысымен кіргізіп алыпты. Осы орайда айта кеткен абзал, ол су құбырын әрбірі 20 мың теңгенің үстінде тартқызған.
— Біздің көше “Қызылорда су жүйесі” мекемесінің балансында жоқ. Солай бола тұрса да біз оларға ай сайын 300 теңгенің үстінде ақша төлейміз. Десек те бізге құзырлы орындар тарапынан ешқандай жағдай жасалып жатқан жоқ. Мінекей төрт айдан асты бізде әлі су жоқ. Біз суды КНС-тен тасып ішіп отырмыз. Одан қалды ағайын-туыстың үйінен тасимыз. Әбден қиналдық,- дейді ашынған Аралбай ағамыз.
Осы кезде көшенің тағы бір тұрғыны Қазыбек Молдабеков көше комитетінің ойын одан әрі қарай жалғады. Оның айтуынша, Шоқай даңғылы бойындағы бір ғана Арал көшесінің түйткілді мәселесі шаш- етектен.
Арал көшесінде бүгінде 50-ге жуық үй бар. Енді қараңыз осы үйлердегі тұрғындар ауыз судың азабын тартқалы қаш-шан. Айталық, алдымен есіктің алдымен жүргізілген ауыз су құбырын өз қорасына (Қызылордада ауланы осылай деп атайды) кіргізуге өз қалтасынан ақша шығарған. Жә, мұны қоя тұралықшы. Бірақ өз балансына алмаған аталмыш мекеме басшылығы келіп, күтпеген жерден ауыз су есептегіш құрылғысын орнатпадыңдар деп, 9 мың теңгенің үстінде айыппұл да салып кетіпті. Заңға қарсы тұруға, тағы да болмайды, амалдың жоқтығынан сол ақшаны төлеп құтылған. Бұл аз десеңіз, сол құрғыр есептегіш құрылғысын, өз қалталарынан шығарып тағы орнатқан да.
Осындай жәйттерге ашынған Қазыбек Молдабеков аталмыш мекеменінің өз ісімен дұрыстап айналыспай отырғанын алға тартты. Және де осы мәселенің ақ-қарасын ашып алу мақсатында қала әкімі Мархабат Жәйімбетовке арыз жазып отырғанын, оған осы көшенің тұрғындары түгелдей қол қоюға келісіп отырғанын жеткізді.
Осы уақытта біз көше тұрғынына қоян жылының желтоқсан айынан бері неге үнсіз отырғанын айтып, төтесінен сауал тастадық. Қазыбек ағамыз төрт айдан бері олардан зор үміт күткенін, Шоқай даңғылын айтпағанда, бір ғана Арал көше тұрғындарын ауыз судың азабына салмас  деп медет күткенін жасырмады.
Көше тұрғындарының айтуынша, бүгінде есік алдынан жүргізілген ауыз су құбыры 40-тық мөлшердегі құбыр екен. Негізінде 100-дік құбыр орнатылуға тиіс болса керек. Сондай-ақ оның тереңдігі де көңіл көншітпейді. Соның салдарынан әр жыл сайын қыс мезгілінде құбыр қатып, ауыз сусыз қалып келеді. Бірақ бұл жолғы жағдай мүлде бөлек. Өйткені көктем келсе де әлі күнге ауыз сусыз отырғанын айтып, құзырлы мекеменің қол қусырып қарап отырғанына күйінеді.
Осы мәселе жайында “Қызылорда су жүйесі” мекемесіне де бардық. Алайда мекеме тарапынан, аталмыш көше тұрғындарына қарсы пікір айтылды. Олардың сөзіне сенсек, қақаған қыста қатып қалған құбырға мекеме жауапты  емес. Және де сол құбырдың қатуына тұрғындардың өздері кінәлі. Өз тәртібіне сүйеніп, құбырды күтіп ұстамаған.
Қалай дегенде де бір ғана Арал көшесі тұрғындарының мұң-мұқтажы жоғарыдағыға саяды. Ал Шоқай даңғылында қаншама көше бар екенін ескерсек, ауыз судың азабын тартқан халықтың жанайқайын ескеусіз қалдырмаған абзал. Бұл мәселе құзырлы орындар назарынан тыс қалмайды деп үміттенеміз.

Ербақыт тағыберген,
Қызылорда.