Андропов заманын аңсап жүрмін…

362
0

3-1Келмеске кеткен кешегі  кеңес заманын қанша жерден қаралап бақсақ та,ол кезеңнің де тиімді тұстары, жақсы жақтары болғанын бәрібір санадан өшіре алмасымыз анық. Расы керек, тәуелсіз ел болдық деп, телпегімізді аспанға қанша атсақ та кейде ол кезді де аңсайтын тұстарымыз бар. Әсіресе, темірдей тәртіп пен халыққа деген шексіз құрметтің орны бөлек еді. Билік басына Ю.Андропов келгенде туылған сәбилер бүгінде 30-ға таяп қалыпты. Андроповтың кім екенін олар білмесе де, сол кезде жасымыз  30-ға таяп қалған біз жақсы білеміз.

Сол жылдары жемқорлықтың бүгінгідей асқынған түрі, жұмыссыздық, сауатсыздық, біліксіздік, халықты көзге ілмеу деген атымен жоқ-тын. Ащылау айтсам, тілім жазықты емес. Шындығы солай. Ол кездің шенеуніктері аяқтарын аңдап басып, біреуден пәре алмақ түгілі, ойына кіріп те шықпайтын облысты басқарған Асанбай Асқаровты жаяу жүрген жерінен талай көргенбіз. Қоғамдық көлікте жүріп, қоғамдық тамақтандыру орындарынан түстік ішетін совхоз директорлары мен аудан басшыларын да көріп өстік. Олар халыққа жақын болды, мұң-мұқтаждық сонан кейін болмаған сияқты. Андроповтың тапсырмасы бойынша зәулім үй салғандар мен көлік мінгендердің табыстары есептеліп табан ақы, маңдай терімен табылмаған дүниелері мемлекет меншігіне алынды. Бай мен кедей деген болған жоқ, басшы да, қосшы да, қара халық та бір санатта өмір сүрді. Жұмыссыздық деген атымен болмады. Керісінше,жұмыссыз жүргендер жазаға тартылды. Қоғамға масыл болғандары үшін.
Жоғарғы Кеңестің депутаттары да дәл бүгінгі аудандық мәслихаттың депутаттарындай шіренбеген болар. Олар қарапайым еңбек адамдары болды, елге, жерге жандары ашитындар еді. Егер дүкенші сіздің 1 тиыныңызды қайтармаса, соңы қандай дау болатынын да бүгінгі ұрпақ біле қоймас. Білім, біліктілік, тәжірибе-бірінші кезектегі талап. Қымбатшылық жоқтың қасы. «Еңбек ет те, міндет ет» қағидасын ұстанған еңбеккерлер мен жұмысшылардың мерейлері үстем-тұғын.
Қазір сондай ерекшеліктерді байқайсыз ба? Атымен жоқ. Барлық салада, барлық сатыда жемқорлық өршіп тұр.Еліміздегі жер асты, жер үсті байлықтарын сатып, халықтың қанын теспей сорғандар шетелге қашып, жалғанды жалпағынан басып жүрсе-дағы, бұл бір қалыпты жағдайға айналғандай.
Бүкіл халықтың тірнектеп жинаған дүниесі жекешелендірудің құрбаны болды, жері сатылды, мыңғыраған малдан тігерге тұяқ қалмады. Техникалар таран-таражға түсті. Осыдан бастап жең ұшынан жалғасқан жемқорлық дерті бүгінде шегіне жетті. Арандары ашылған алпауыттар қос-қос қабатты үй былай тұрсын, шетелден виллалар сатып алуға көшті, көліктің төрелерін мінді. Тіптен, жеке ұшақ, жеке кемесі бар дәулер пайда болды. Олардың дүниені қандай жолмен тапқанында ешкімнің шаруасы жоқ. Қарап тұрсаңыз, әкім-қаралар, депутат-мырзалардың қай-қайсының болмасын, жеке кәсіптері бары анық. Олардың туған-туыстарының аттарына рәсімдеп қойып, мемлекеттің майшелпек қаржысын солай қарай итермелеуге құмбыл. Әйелінің, баласының, тағасының атында фирмасы, ең әрісі, сауда нысандары бар ал нақты егесі өзі болып табылатын шенеуніктерді санауға сан жетпейді. Депутаттарыңыз да солай. Айналып келгенде, Қазақстанның байлығына жан-жақтан аш қасқырша жабылған пенделердің әрекеттерінен шошынасың.
Өзімізде жұмыссыздар мың-мыңдап саналса да, шет мемлекеттерден арзан жұмыс күшін тарту туралы заңды бекітіп алдық. Қазір қай құрылысқа бармаңыз, өзбекстандық келімсектер өріп жүр. Араларында кімдер жоқ дейсіз? Ұрысы да, қарысы да, ниеті бұзықтары да, уағызшылары да осы топтың ішінде. Олар сапалы құрылыс жүргізеді, еліміздің байлығына жанашырлықпен қарайды дегенге кім сенеді? Нәтижесін көріп те жүрміз, бүгін салынған нысан ертеңіне сыр береді. Жұмыссыз жүрген жастар әрнәрсеге ұрыншақ келеді. Ойланбай жүріп, от басқандардың қаншасы түрмеде жатыр немесе мына заманнан түңіліп, өмірден баз кешіп жатқандарды ешкім де ойлап, бас қатырып жүргенін көрмейміз. Бүгінгі жасанды, көз алдау үшін ғана құрылған жүйе халықты шаршатты. Билік пен халықтың арасы алшақтап, шегіне жетті. Бейбіт күнде халыққа қарсы оқ атылды, жерін, баспанасын тартып алады, пәре бермесе жұмысқа қабылдамайды. Астана мен ауылды салыстырғысы келетін шенеуніктер «бізде бәрі керемет» деп ойлайды әрі Президентті солай алдайды.
Қырғызстанды құбыжық көрсеткісі келетіндер олардың бізден көш ілгері ұзап кеткендерін түсінгілері келмейді. «Біз демократиялық елміз» дегенімізге мысқылдап  күлетіндер көп. Өзіміздің тілімізге өзіміз тұсау сап, өзіміздің халықты өзіміз қорлап, өзіміздің байлығымызды өзіміз тонап, өз жерімізде өгейдің күйін кешіп, мойнымызға батпандап қарыз артып, американдықтардың «алданышына», орыстардың «ойыншығына», қытайлардың «қалжасына» айналғанымызға мәзбіз. Шашылып-төгіліп, той тойлаудан, халықаралық даңғаза іс-шара өткізуден танбаймыз. Қарыз басымыздан асып жатса да. Сөйте тұра, биік мінберлерден «бюджеттің әр тиыны есептеулі» деуден шаршамаймыз.
Қысқасы, тап осылай кете беретін болсақ, іштей іріп-шірудің құрбанына айналарымыз анық. Ұрпағымыздың алдында қарабет боларымыздан бөлек. Қазақ халқы талай зұлматты бастан кешсе де, тап бүгінгідей, өзін-өзі тонаған заманды көрмесе керек. Қорқынышты. Тым қауіпті де. Осындайда ғой, Андроповтың заманын аңсап кететінім…

Жарылқасын БЕКБАЕВ,
Шымкент қаласы.