Шымқалада заманауи зәулім мешіт ашылды

202
0

41Шымкентте көптен күткен озық сәулет үлгісімен салынған жаңа мешіттің ашылу рәсімі өтті. Бір мезгілде 3000 адам сәждеге жығыла алатын мешіт сыйымдылығы жағынан Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінен кейінгі екінші орында.
Зәулім мешіттің бой көтеруіне Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті Шейх Халифа бин Зайед Әл-Нахайян қолдау көрсеткен. Мешіт құрылысына 1 млрд 622 млн теңге жұмсалған көрінеді.

Ашылу салтанатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан Маямеров, Біріккен Араб Әмірліктерінің еліміздегі төтенше және өкілетті елшісі Матар Аль Кетби, ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама-Шариф, облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, жиналған жамағатты құттықтады. Саяси қуғын-сүргін кезінде қаза болған ата-бабамыздың рухына құран бағышталып, құрбандық шалынды. Ашылу салтанатында Дін істері агенттігінің төрағасы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Шымкенттегі мешіттің ашылуына байланысты Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті Шейх Халифа бин Зайед Әл Нахайянның атына жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
«Биік мәртебелі Шейх Халифа бин Зайед Әл Нахайян мырза!
Бұл мешіт Қазақстанда Әмірліктердің қаржылық көмегімен тұрғызылған жалғыз нысан емес. Осы тұрғыда Астана қаласында салынып жатқан көпфункционалды «Абу Даби Плаза» кешенін ерекше атап өткім келеді. Бұл кешен 2017 жылы Астанада өткізілуі жоспарланған Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесінің басты нысандарының бірі болатынына сенімім зор. Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы тығыз ынтымақтастық алдағы уақытта да екі ел игілігі үшін жалғаса беретініне үміттенемін.
Осы орайлы сәтті пайдалана отырып, Биік Мәртебелі, Сізге зор денсаулық және толағай табыс, отбасыңызға құт-береке, ал достас Әмірліктер халқына бейбіт өмір мен өркендеу тілеймін», – делінген құттықтау хатта.

Сондай-ақ Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан Маямеров: «Халқы қазақы салт-дәстүрге берік, мамыражай өңірде бұл мешіттің бой көтеруі заңдылық деп ойлаймын. Алла елшісі, сүйікті Мұхаммед пайғамбарымыз бір хадисінде «Менің үмбеттерім жамандыққа жиналмайды» деген.  Ендеше, жақсылыққа жиналған мұсылман бауырлар, жаңа мешіттің ашылуымен баршаңызды шын жүрегіммен құттықтаймын. Алла Тағала елімізде тыныштық орнатып, әрбіріміздің ісімізге береке берсін!», – деп жиналған жамағатты құттықтады.

Венера ҚАБЫЛБЕКОВА