Көршілер келісімге келді. Көңілдегі күдік сейілді ме?

179
0

111Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас, төскейде-малы, төрде бастары қосылған қазақ пен өзбектің ара қатынастарына сызат түспеген, екі ел арасындағы барыс-келіске шектеу қойылмаған. Ол жақтағы қазақтар мен бұл жақтағы өзбектер екі ортада дәнекерлік көпірін орнатқан. Бұл жағдай кешегі кеңес заманында еді. Тәуелсіздікке қолдары жеткен екі ел басшыларының қарым-қатынастары соңғы уақыттарда онша болыңқырамай жүргендігін байқаушы едік, себебін әр саққа да жүгіртетінбіз. Бірақ іштей Нұрағамыздың Ислам әкамен бір болуын тілеуші едік. Себебі, бүгінгідей жаһандану тұсында көрші елдер бір-бірлерін  қолдап, бір болмаса Аждаһаның ба, Аюдың ба, аузына түсіп, жемтігіне айналып кету қаупі жоқ емес.

Кешегі аптада Н.Назарбаев Өзбекстанға ресми сапармен барып, И.Каримовпен кездесті. Екі ел басшылары бірқатар маңызды мәселелерді талқылаудан өткізіп болған соң, тарихи құжаттарға қол қойды. Біздің де күткеніміз осы еді. Қазақ пен өзбек халқының жақын әрі туыстық байланыстарының тарихы тереңде екендігін жоғарыда айттық. Өзара татулығымыз бен қарым-қатынасымызға сызат түсірмеу жағын ойлап, тиісінше достық байланысымыз артып жатса, Орталық Азияға көз алартушылардың мыстары басылары анық. Аймақтағы шиеленіскен жағдайларды да бірлесе шешкеннің артықшылығы мол. Бәрінен де бұрын, Өзбекстандағы қандастарымыз қағажау көрмеулері тиіс.
Әлішер Науаиді кім білмейді? Өзбек халқының ұлы ойшылы мен атақты ақыны айтқан: «Жалғыз қолмен шапалақ ұра алмайсың» деген ұрымтал сөзін мысалға келтірген Н.Назарбаев Өзбекстандағы Қазақстан Республикасы Елшілігі жаңа ғимаратының ашылу салтанатында бауырлас елдердің бұдан былайғы қарым-қатынастарына сызат түспейтіндігін айтты. Лайым, солай болғай!
Ташкенттегі Абай көшесінде Қазақ халқының ұлы ойшылы мен атақты ақыны Абай Құнанбаевтың ескерткіші ашылып, бұл да бір екі елдің бір-бірлеріне деген құрметінің куәсі болғанына толқыған Нұрсұлтан Назарбаевқа Ислам Каримов та Астанада Әлішер Науаи ескерткіші орнатылатынына сенім білдірді.
Қалай десек те, біраз уақыттан бері көрші екі мемлекеттің арасындағы түсініспеушіліктердің түйінін тарқатуға сеп болған бұл ресми кездесудің маңызы зор екендігіне дау жоқ. Әлемнің сұңғыла саясаткерлері құлақ түрген осынау екі жақты кездесу Ташкент төрінде жоғары деңгейде өтіп, талайлардың түн ұйқыларын төрт бөлгені де рас. Көршілер тату болса, жау алмасы да ақиқат. Осыны негізге алған Қазақ-Өзбек басшылары көптің көкейіндегі күдікті аз да болса сейілтті. Болар елдің басшылары осылай жасаса керек-ті.

Е.СӘРСЕНБИН.