Тілді тегін үйретеді

163
1

1 (98)Тіл ұлттың жаны, болмыс-бітімі, өткені мен бүгіні. Мемлекеттік тілді білу, оны жетік меңгеру – бүгінгі күннің уақыт талабы. Осыған орай 1997 жылы құрылған Шымкент қалалық қазақ тілін оқыту, салт-дәстүрді және өнерді насихаттау орталығы қаламызда мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында ілкімді тірліктер атқарып келеді. Мемлекеттік және әр түрлі меншік нысанындағы мекемелер мен кәсіпорындардағы ісқағаздың мемлекеттік тілде рәсімделуіне, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін еркін меңгеруі үшін көптеген қалалық, облыстық, республикалық іс-шаралар ұйымдастырып, жүйелі жұмыстар жүргізуде. Мемлекеттік қызметкер болсын, болмасын кез келген адам бұл орталыққа келіп, қазақ, ағылшын тілі курстарына жазылып, тегін үйрене алады. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының өзінде 52 топта 604 тіл үйренуші курстан өткен. Аталған тіл үйренушілердің 113-і мемлекеттік, 491-і азаматтық қызметкерлер. Былтырғы жылмен салыстырғанда 219 адамға артып отыр. Оқыту бағдарламасы мемлекеттік стандартқа сәйкес (А-1, А-2, В-1, В-2, С-1) деңгейлері бойынша оқытылады.


Орталықтың жанынан қазақ, ағылшын тілдерін оқытуды ұйымдастыру, әдістемелік жұмыстардың сапасын арттыру, мұғалімдердің біліктілігін, тәжірибесін көтеру, кәсіби шеберлігін шыңдау, озық әдістемелерді насихаттау мақсатында ғылыми-әдістемелік кеңес те құрылған. «Салт-дәстүрді берік ұстанған, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған біздің өңір тұрғындарының арасында ана тілін үйренуге деген ықылас өзге облыстарға қарағанда басым. Қызығушылықтары жоғары. Олардың тілді қаншалықты деңгейде меңгергендерін анықтау мақсатында түрлі байқаулар ұйымдастырып тұрамыз. Мысалы, биылғы жылғы 15 ақпанда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау, халық арасынан талантты жастарды іздеп табу және жастардың көркемсөз оқу өнеріне деген қызығушылығын арттыру мақсатында Оралхан Бөкей атындағы  XV байқауын өткіздік. Байқауға қаладағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан 10 үміткер қатысты. Ал 15 наурызда Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011- 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қаланың үш тілді жетік меңгерген жастары арасында өткен «Тілдарын-2013» байқауында орта арнаулы білім беретін оқу орындарынан 12 үміткер бақ сынады.  Білім-біліктілігін танытты. Сондай-ақ, 21 мамырда қаладағы мемлекеттік органдар қызметкерлері арасында «Мемлекеттік тіл ─ мемлекеттік қызметте» атты  байқауға  қаржы, кеден, төтенше жағдай, мәдениет және статистика салаларынан бес топ  қатысып, жеңімпаз топ бағалы сыйлықтар және қала әкімдігінің атынан дипломдармен марапатталды, – дейді директоры Нұрила Серікбайқызы .
Орталықтың оқытушылары біліктіліктерін арттырып, өзге әріптестерімен тәжірибе алмасу мақсатында республикалық семинарларға да жиі қатысады. Айталық, 23-26 сәуір аралығында Астана қаласындағы ұлттық тестілеу орталығының ұйымдастыруымен «Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытудың әдіснамасы мен тіл меңгеру деңгейін бағалау құралдарын жетілдіру» тақырыбында өткізілген республикалық семинарға орталық оқытушысы А. Жұмаева, 13-14 маусымда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитетінің ұйымдастыруымен  Астана қаласында «Оқыту бағдарламалары мен мазмұны, оқыту технологиясын жетілдіру» атты республикалық семинар-тренингке  Г.Есепбаева қатысып, біліктілігін арттыру туралы сертификатпен марапатталды. Ал осы жылдың 26  маусымда облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасы аясында мемлекеттік қызметкерлерді қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытып үйретудегі үздік технологиялар мен проблемалар» тақырыбында өткізілген семинарда орталықтың қазақ тілі пәні оқытушысы  С.Ибадуллаева «ҚАЗТЕСТ типтік бағдарламасы бойынша ересектерге қазақ тілін оқыту әдістемесі» және орталықтың ағылшын тілі пәні оқытушысы А. Тузулбаева «Ересектерге ағылшын тілін меңгертудің тиімді тәсілдері» тақырыптарында баяндама оқып, біліктілігін арттыру туралы сертификаттарға ие болды.
Орталықтағы 5 оқу кабинетінің 1-і мультимедиялық, 1-і интерактивті тақтамен  жабдықталған. Көрнекі құралдар мен әдістемелік оқулықтар да жеткілікті. Мультимедиялық кабинетте қазіргі заманғы соңғы үлгідегі 13 компьютер жұмыс істейді.
Жақында «Ісқағаз және оның үлгілері» атты мемлекеттік тілде жүргізуді оқыту курсына арналған көмекші оқыту құралы мекемелер мен ұйымдардың ісқағазын жүргізушілері мен кадр мамандарына арналған оқу құралы, медицина саласының  қызметкерлеріне арналған «Денсаулық сақтау саласының термин сөздері мен құжат үлгілері» атты оқу құралы, тіл үйренушілерге арналған қазақша-орысша-ағылшынша «Тілашар» кітабы жарық көрді. Бұл оқулықтар курсқа қатысушыларға тегін таратылады екен. Директордың орынбасары Жадыра Төлееваның айтуынша, биылғы жылы қазақ тілін – 657 (15%), ағылшын тілін – 438 (7,5%), орыс тілін – 226 адамды  (7,5%) оқыту күн тәртібіне енгізілген. Ал 2014 жылы жалпы – 1528 адамды, 2015жылы 1786 адамды оқыту жоспарлануда.  Біз аталған орталықтың тек биылғы жартыжылдықтағы еңбектерін ғана тіздік. Ал былтырғы жылғы атқарылған шаруалары ауыз толтырып айтарлықтай. Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін тілімізді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Қазақ тілін дамыту саясаты одан жерінуге, тіпті қазақтардың өздерінің бойды аулағырақ ұстауына ықпал етпеуі керек. Керісінше, тіл Қазақстан халқын біріктіру болуға тиіс. Бұл үшін тіл саясатын сауатты және дәйекті, қазақстандықтар сөйлесетін бірде-бір тілге қысым жасамай жүргізу керек. Сіздер біздің саясатымыз туралы – 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігін білесіздер. Сондй-ақ қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз. Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек. Бұл үшін қазір барлық жағдай жасалған» –  деген еді. Ендеше,  үш тілді меңгеріп шығамын десеңіз уақыт оздырмай Шымкент қалалық қазақ тілін оқыту, салт-дәстүрді және өнерді насихаттау орталығына барыңыз.  Есігі қашанда айқара ашық.

Ә.БЕГІМБЕТ.