Басшының қысымына шыдамадым

149
0

OLYMPUS DIGITAL CAMERAАдам бекерден -бекер қолына қалам алып, арыз жазбайды. Ашынады, қамығады, біреуге ренжиді. Басқа-басқа, жұмыс барысындағы түсініспеушіліктер, басшылық тарапынан көрсетілер қысастық, кімді-кімді болсын, шаршатады, жүйкеге салмақ түсірмей қоймайды. Мүмкін менің де білместігім болар, әйтсе де кез-келген басшының қарамағындағы қызметкерлердің ішкі жан дүниелеріне үңіліп көргендері дұрыс, өзін олардың орындарына қойып көргеннің де артықшылығы жоқ.

Мен 1999 жылдан бастап Ордабасы аудандық қаржы бөліміне жұмысқа орналастым. Жұмысыма жауапкершілікпен қарадым, міндетіме адал болдым. 2005 жылы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне ауысып, бөлімнің бас маманы лауазымына көтерілдім. Ал, 2010 жылы аудандық экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі қызметіне қабылдандым. Мен қашанда өзіме жүктелген міндеттің жауапкершілігін жете сезінгендіктен болар, басшылық тарапынан тапсырылған жұмысты орындамаған кезім болған жоқ.
Үстіміздегі жылғы маусым айының 3-нен бастап кезекті еңбек демалысына шықтым. Бірақ, бөлім басшысы менің заңды демалыста екендігімді ескерместен, қосымша тапсырмалар беріп, жұмыс істеуге мәжбүрледі. Маусымның 17-не дейін жұмыс істеуіме тура келді. Басшыдан қалған екі апталық демалысымды беруін сұрандым, ол келісті. Әйтсе де, әріптестерім басшының шақырып жатқанын, келіп кетуімді өтінген соң, үйдегі бар тірлігімді жиыстырып қойып, жұмысыма жеттім. Болмашы тірлік болғандықтан, әріптес жігіттер өзіміз тындырамыз деген соң, үйге қайттым.
Бұл  сенбі болатын. Жексенбі күні де телефонымда тыным болмады. Мән-жайды сұрасам, маған қатысты анау айтқандай зәрулік жоқ сияқты. Дүйсенбі күні жұмысқа келген соң бөлім басшысына жолықтым. Тапсырылған жұмысты мамандардың атқарып жатқандығын айтқаным сол, маған беталды айқайлап «ол жұмысты неге өзің істемейсің» дегенге барды. Менің заңды демалысым жайына қалып, ырың-жырыңмен ай да аяқталуға жақындады. Дәл осындай жағдай 2012 жылы да болып, менің еңбек демалысым жұмысқа жегілумен өткен болатын. Өзінің  қызметтік құзіретін асыра пайдаланып, менің 3 жасқа дейінгі балам барын да ескермеген бөлім басшысының қысастығыма бұдан әрмен шыдай алмайтын болғандықтан, жылай-жылай жұмыстан босату жөнінде өтініш жазуға мәжбүр болдым.Менің  жұмыстан кетуіме қысастық жасап, мәжбүрлеген, заңды еңбек демалысымды тиімді пайдалануға жол бермеген мемлекеттік қызметкер, бөлім басшысының осы әрекетінің қаншалықты заңдылығын құқық қорғау органдары анықтап, тиісті бағасын береді деген ойдамын. Егер заңсыздық орын алса, менің өз қызметіме қайта орналасуыма ықпал жасауларын сұранамын.

Айнұр Мұсаева, Ордабасы ауданы.