«Сарыағаш ұлы Әуезов өсиетіне сай болуы шарт»

272
0

Әбдібақыт МАҚҰЛБАЕВ, Сарыағаш ауданының әкімі:

51Соңғы жылдары ғана емес, жалпы еліміз егемендігін алғаннан бері қарай Сарыағаш ауданына әкім құтаймай қойғаны рас. Бұл облыс басшылығының саясаты ма, әлде таңдалған басшылар талап деңгейінен көрінбей, жүгі ауыр ауданды алға сүйреуге шама-шарқы жетпей қала берді ме, әйтеуір алды үш жыл, соңы жеті айдан артық істей алмады. Бір жылдан асып, екі жылға жетпегендері тіпті көп болды. 20 жылда 11 әкім ауысты. 350 мыңға жете жығылатын халқы бар, Ташкенттей алып шаһардың іргесінде, тоғыз жолдың торабында орналасқан, стратегиялық маңызы зор ауданға басшы болып келген кім-кімде алдына зор мақсат қойып, алапат «амбициямен» келеді.

Ғұлама Мұхтар Әуезов айтып кеткендей, Ташкенттей үлкен мәдениетті шаһардың іргесіндегі Өзбекстанның бес ауданымен шектесіп жатқан, 205 шақырымдық мемлекеттік шекара сызығын бойлай орналасқан аудан мен оның орталығын «Мынау – Қазақстан» деп мақтанышпен көрсететін жағдайға жеткізсем дейді. Орасан зор жоспарлар, жобалар кешенін жасайды, ауданның ішкі, сыртқы мүмкіндіктерін шамалайды. Біз сияқты журналистер «100 күн» дейтін дәстүрді желеу етіп, жаңа әкімнен сұхбат алуға асығамыз. Ол да қуана келіседі. Жоғарыда айтылған жоспарларын алдымызға жайып салады. Осы сәтті пайдаланып біз де олқы түсіп, ойсырап, опырылған тірліктерді тізбелей келе, енді тұралаған тұрмыс қайта құралып, шатқаяқтаған шаруа оңаларына халықтың ешқандай күмәнін қалдырмай, бір желпінтіп тастаймыз. Бықсыған үміт оты қайта маздап, «ойпырмай, Құдай қайдан бере салды» дей бергенде, үмітімізді үкілеген әкіміміз қоштасуға да үлгермей кете барады. Оның елді елеңдеткен талай тамаша бастамасы «тумай туа шөгіп», тамыр тастамаған күйі құриды. Орнына келген әкім «өзіне ғана тән өзге бастамаларымен» келеді. Қаламгердің үйреншікті тірлігі қайта басталады. Әрине, қай салада да істі ілгері бастыратын нәрсе – сабақтастық, яғни қолға алынған істің сол қарқынмен одан әрі жалғасуы. Ауданның көштен қалып жатқан жайы жоқ, дегенмен, кадрдың тұрақтамауы орын алмай, немесе сабақтастықтың арқауы үзілмей, тұрақты даму үрдісі қалыптасса, жағдай бұдан да жақсы болар ма еді дейсің ғой, баяғы. Қысқа мерзім ішінде ел есінде қаларлық іс тындырып кеткен азаматтар да, есімі ел есінде жатталмай жатып, «қамырдан қыл суырғандай» тып-тыныш із суытқандар да, артындағы айғай көпке дейін басылмаған басшылар да болды. Оның бәрін айта берудің қажеті жоқ шығар. Біз бүгін әңгімемізге арқау еткелі отырған Әбдібақыт Тілләбайұлы Мақұлбаев Сарыағаш ауданында 2002-2004 жылдары басшылық жасады. Содан 2012 жылдың көктемінде осы ауданның әкімдігіне қайта тағайындалды. Аудан халқы «оу, мынау тағы қайтып келіпті ғой» деп таңданыс танытқан жоқ, тіпті «облыс әкіміне рахмет, мынау бір оңды іс, сәтті тағайындау болған екен» деген лебіздерді де көп ішінде құлағымыз шалып қалған сәттер аз болмады. Осы жәйттің өзі адамды көп ойға жетелейді. «Халық айтса – қалт айтпайды» деген тәмсілдегі ақиқат кеше де, бүгін де дау туғызған емес. Халқымыздың санасында ежелден қалыптасқан басшы адамның бейнесі бар. «Ханда 40 адамның ақылы бар» деген сөз тегін айтылмаған. Жамбыл атамыздың: «Шешен кісі –сөз бастар, батыр кісі – қол бастар» дейтініндей, ел бастау (басқару) дегеніміз де ердің ерінің ғана қолынан келетін, айтуға ғана оңай шаруа. Қауашақтың қауқары өз пайдаңды қаузаудан әріге бармай, бұқара биігінің мүддесінен көріне алмайтын болсаң, бұл араға ат шалдырмағаның дұрыс. Ақша мен дүние – мүліктің көптігі азаматтың ілкімділігінен дерек берсе де, ел билеуге қажет икемділік, мінездегі көркемділік, терең білім мен біліктілік, сирек ұйымдастырушылық қабілет, көрегендік пен көргенділікті кемеңе желкен қылып, билік айдынына шығу, азаматтың айбының, кесек кісілік келбетің мен көсемдігіңді мойындатып, елді ізіңе ерте білу дейтін ерен қасиет мүлде өзге тамырлардан нәр алып, басқа бастаулардан сусындайтынын ұмытпаған жөн. Бизнестен келіп, билік орынтағына қонжиғанымен, ел мүддесінің қанжығасын майлап, көсегесін көгертуге кемелдігі жетпей, кежегесі кейін тартқан, әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған әрекет жасауға әл-дәрмені жетпей, айылы бос, құйысқаны әлсіз талайдың орта жолда омақаса құлап жатқанын да көп көрдік. Ел алдында екі ауыз сөзді жұптауға сөз қоры мен ой жұтаңдығы мүмкіндік бермейтін, ішкі мазмұны мәнсіздеу үлкенді-кішілі мансап иелері жыртылып- айырылады. Елдік мұраттарымызды тұғырлы етіп, ұлттық тамырларымызды тереңдетіп, қасиетті құндылықтарымызды ұрпақ санасына сыналауға конститутциялық та, заңнамалық та негіздер толық қарастырылғанымен, соның үдесінен шыға алмаушылықтың бірден-бір себебі – тұлғалық ,көшбасшылық қабілеттері кемшін азаматтардың алды-артын болжамай, атқа қонуға ұмтылуында. Басшының биік рухани әлемі туралы әңгіме өрбітпегеннің өзінде, мемлекеттің ел игілігіне бөліп жатқан қыруар қаржысын сол қажетке жаратудың жолын таппай, дамуға – тұсау, өркендеуге – кедергі  болып жүргендер туралы биік мінберлерден қайта-қайта айтылуда, жазаланып жатқандары да жетерлік.
Кеңестік кезеңдегі «Бәрін кадрлар шешеді» («Все решают кадры») дейтін ұлағатты ұстаным қандай қоғамдық формацияда да өз маңыздылығын жоғалтпақ емес. Елбасымыздың халыққа ұсынылған ұзақ мерзімді бағдарламасында: «Біз мемлекеттік қызметтің кадрлық құрамын іріктеу және кәсіби даярлықтың жетілдірілген әдістемелерін енгізу арқылы сапалы түрде жақсартуымыз керек» — деуінде терең мән жатыр. Әңгіменің  әлқиссасы Әбдібақыт Тілләбайұлының Сарыағаш ауданына екінші рет әкім болып тағайындалғанынан басталған еді ғой. Қытайлар: «Өтпелі кезеңде өмір сүр» деп қарғайды екен. Осы қарғысты «Өтпелі кезеңде ел басқар» деп өзгертсең, ауырлығы бұрынғысынан әлденеше рет артып кетеді. Әбдібақыт ауданға алғаш келген 2002 жыл  елде жүргізілген сан салалы реформалардың нәтижелері айқын аңғарыла бастаған, экономикалық, әлеуметтік жағдайдың оңалуға бет бұрған кезеңі еді. Бірақ әлеуметтің қордаланып қалған мәселелері өте көп болатын. Оларды тізбелеп жатуды қажет деп санамадық. «Енді келетін әкім ғалым адам екен» деген сыбыс шыққанда құлағымыз елеңдеп-ақ қалған. Бұл, бәлкім, бұдан бұрын Сарыағашты басқарған азаматтардың ғалым болмағандығынан шығар. Сөйтсек, Әбекең қызметтік жолын комсомолдан бастапты. Қасиетті Қазығұрттың қойнауында дүние есігін ашып, киесін бойына сіңірген, ерлігімен, еңбегімен ел назарына түскен азаматтардың қай-қайсысын алып қарасаңыз да кеңдікті, биіктік пен тереңдікті, Сабыр Рақымовтағы өрлікті бойларына теңдей дарытқан дархан мінез, тылсым табиғатымен таң қалдырады. Қазақтың үлкен қаламгерлерінің бірі Мархабат Байғұт ағамыз дарынды ақын Бақытжан Алдияр туралы «Қазығұртқұнар қаламгер, Өгемөзекті өлеңдер» деп аталатын мақала жазған еді. Қаражамбас Қазығұрттың бар қасиетімен бірге қарапайымдылығы да қонған Әбекеңнің мектепті алтын медальмен бітіріп, Мәскеудің ауыл шаруашылығы академиясында оқыған ғалым-агроном екендігін, комсомол басшылығының облысқа дейінгі барлық сатысынан өткенін, облыстық ауыл шаруашылық ғылыми –зерттеу институына басшылық еткенін, туған ауданына әкім болғанын білмеген біз алғашқыда.
Өзім қаламгер – журналист болғасын ба, әйтеуір әкім атаулыны баспасөзге жақын не оған бей-жай қарайтын деп екіге бөлуге бейіммін. Бей-жай қарайтынымыз не, тіпті баспасөзді байырғы дұшпанындай көретін әкімдер де болған. Арасында тек өзіне қатысты нәрсе жазылыпты десе ғана газетті қолына алатындары бар көрінеді. Ел тағдырына бейжай қарай алмайтын, ел ертеңіне елеңдейтін адам ғана газет-журналмен достасады. Мерзімді баспасөздегі ақпарат ағынын бақылайтын адам көркем әдебиетіңіздің бетін де ашпайды. Қысқасы, ешнәрсе оқымайтын адамнан зиялылық іздеудің қажеті жоқтығы дәлелдеуді қажет етпейтіні ақиқат. « Сөз» дейтін құдіретке құрметпен қарайтын әкімдерден Оразкүл Асанғазиеваны, Омарбек Нұржановты, Әбдібақыт Мақұлбаевты, Нұрмахан Жолдасовты, Ұласбек Сәдібековті көрдім. Бәрі де біздің ауданды басқарған азаматтар. Әбдібақыт аудан тізгінін ұстаған күннің ертесіне аудандық «Сарыағаш» газетінің редакциясына келді. Материалдар – техникалық базамызбен, ұжыммен танысты, ұзақ әңгімелесті. Хал-жағдайымызды білді. Зәруліктеріміздің жайын сұрады. Сол күннен бастап газетпен тығыз байланыс орнатты. Жалпы баспасөзге, жақын болу дегеніңізді әркім өзінше түсінуі мүмкін, бірақ жаңа әкімнің бұл әрекетін біз газеттің ақпараттық әлеуетін ауданды өрге бастырудың маңызды бір тетігі ретінде пайдалану мақсатынан туындаған деп пайымдадық. Сол пайымымыз дұрыс та болып шықты. Әр аптада бір рет өткізілетін кеңейтілген аппарат мәжілістеріне қатысып жүреміз ғой. Күн тәртібіндегі  бір мәселе міндетті түрде газет бетінде айтылған сын мен ұсыныс – пікірлерді талқылауға арналатын. Бүгінде көп адам газетте жазылған сөзге жергілікті билік мән бермейді, білсе де білмегендей болып жүре береді дейді ғой. Бізде олай болмады. Тұрғындардың билікке де, газет сөзіне де сенімі бірден артты. Мұның нәтижесі ауданның күнделікті тыныс-тіршілігінен айқын сезіле бастады. Аз уақытта аудан мен қаланың кескін-келбеті өзгерді. Үлкен шаһарларда бірнеше жүз жылдық ағаштар қартайып, құлап, адамдардың өміріне қауіп, темір көліктерге зақым келтіріп  жатыр дегенді жиі естиміз. Бізде ондай жағдай жоқ. Себебі, қартайған ағаштар алынып,орнына жаңа көшеттер отырғызылады. Өсіп тұрғандарының бұтақтары қысқартылып, ретке келтіріледі. Көше бойындағы арықтар тазаланып, тұрақты түрде ағын судың болуына мән беріледі. Сол жылдары «Аялдама», «Фасад» деп аталатын бағдарламалар жасалып, жұмыс істей бастады. Бұрынғы әр түрлі үлгідегі, қабырғалары қисайып, құлап, шатыры жұлынып, орындықтары тоналып, сәні де, мәні де кеткен аялдамалар жекеге беріліп, біркелкі, заманауи сәулет үлгілері ұсынылды. Нәтижесінде аялдамалар жазда ыстықтан, күз-бен қыста жаңбыр мен қардан қорғайтын, жұтынып тұрған сәулетті қызмет көрсету нысандарына айналды. «Фасад»  бағдарламасы аясында көше  бойында орналасқан мемлекеттік, жекеменшік мекемелер мен кәсіпорындар, қызмет көрсету нысандары ғимаратының, тұрғын үйлердің иелеріне үйлердің қасбеттерін талап деңгейінде әрлеу, көріктендіру, сол үйлердің тұсындағы көше бөлігін, арық, аяқжолдарды күтімге алу, абаттандыру міндеттеледі. Күнделікті қадағалаудың нәтижесінде бұл қала көркі артып, шырайының ашылуына, санитарлық тазалықтың артуына септігін тигізді. Қала мәдениетінің артуы тұрғындардың да өмірге деген көзқарасын  біршама өзгертті.
Аудан экономикасын өркендетумен бір қатарда рухани салаға да көңіл бөліне бастады. Аудандағы негізін 1962 жылы Төлеген Айбергенов қалаған, бүгінде ақынның өз есімімен аталатын әдеби бірлестік мүшелерінің  «Сарыағашым-сырлы өлкем» деп аталатын ұжымдық жинағын шығару туралы бастамаларымызды Әбдібақыт Тілләбайұлы бірден қолдады. Кітап демекші, бүгінде материалдары толық жинақталып, баспаға дайын тұрған 70-80 баспа табақтық Сарыағаш ауданының энциклопедиясын шығару бастамасын Әбдібақыттың өзі көтерді. Ол Қазығұрт ауданына әкім болған кезінде осындай игі істі жүзеге асырған. Әлі есімде, 2004 жылы Ә. Мақұлбаевтың жұмыс бөлмесінде әдеби кеңесші ретінде шақырылған қазақтың үлкен жазушысы Қалаубек Тұрсынқұлов, «Сарыағаш» газетінің редакторы Кеңес Балықбаев, сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Құдірет Қыстаубаев, т.б. бірнеше ел ағалары, зиялы қауым өкілдері бас қостық. Қалаубек аға Қазығұрт ауданының энциклопедиясын шығару тәжірибесін әңгімелеп, бұл тарихи мәні бар кітапқа  қандай материалдар, қандай үлгіде енуі керектігі жайлы ойларын ортаға салды.  Энциклопедияның редакциялық коллегиясын, ақылдастар алқасын белгілеп, жұмысқа кірісу туралы бәтуә жасалды. Сол кітапты дайындау жұмыстары дерлік толығымен аяқталған кезде Әбдібақыт Тілләбайұлы қайтадан ауданға оралуы осы игі істің шапағатындай, оны жүзеге асыру осы кісінің тағдыр талайына жазылғандай әсер қалдырды.
Сол екі жыл ішінде өзге аудандарға үлгі боларлықтай тағы бір іс тындырылды. Бұрын аудандық, қалалық ардагерлер кеңестері қала әкімдігі ғимаратындағы қуықтай бөлмелерге орналасып, олардың толыққанды жұмыс істеріне, ардагерлердің бас қосып, әртүрлі жиындар өткізуіне мүмкіндік жоқтың қасы еді. Бұл әлі аудан бюджетінің қоржынына қампиып,бүйірі шықпаған кезі болатын. Дегенмен, әкімнің қиыннан қиыстыра білер қабілетінің арқасында Сарыағаш қалалық орталық саябағынан лайықты жер таңдалып, қариялардың жүріп-тұруына да, демалуына да ыңғайлы, сәні мен салтанаты жарасқан екі қабатты ардагерлер үйінің ғимараты салынды. Бұл да бір көптің көңілінен шыққан іс болды.
Қала мен ауылдағы жолдар жөнделіп, жаңадан мектеп, балабақша, мәдениет үйлері салынып, ескілері күрделі жөндеуден өткізіліп, елдің мәре-сәре болып жатқаны бүгін ғой. Жарық пен жылудың жанжалы енді ғана сабырсып, қордаланып қалған әлеуметтік мәселерге енді ғана мән беріле бастаған сол жылдарда мәдениет ошақтарының жағдайы аса мәз емес-тұғын. «Алдымен нанымызды түгендеп алайық, ән кейін бола жатар» дегендей уәждер айтылып жатса да, Әбдібақыт қала орталығындағы шатырынан су сорғалап,  сыры да, сыны да кете бастаған мәдениет үйінің жағдайына бей-жай қарай алмады. Ол кезде айтар ауызға ғана оңай, 15 млн теңгенің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген соң мәдениеттің мерейі артып, елдің ертеңге деген сенімі нығая түсті. Осылайша көз қуантып, көңілді марқайтқан ғимараттын бір бөлігін Әділет басқармасына, бір бөлігін халыққа қызмет көрсету орталығына бөліп беріп, берекесін кетіру кейін орын алған тірліктер.
Жоғарыда біз «аудан энциклопедиясын жарыққа шығару Ә. Мақұлбаевтың тағдыр-талайына жазылған екен» дедік. Дәл осы сөзді Сарыағаш қаласының бас жоспарына қатысты да айтуға болады. Қала мәртебесі берілген 1969 жылдан бері 44 жыл бойы Сарыағаш қаласы бас жоспарсыз дамып келеді. Кеңестік кезеңде де бұған көңіл бөлінбеген. Сарыағаштың аумағы кеңейіп, заңсыз құрылыстардың саны артқан сайын қала қораштана түсті.  Әр жерден тұрғызылған сәулетті салтанат сарайлары мен әр түрлі қызмет көрсету ғимаратары да мұндай кемшілікті кемейтуге сеп болмады. 2004 жылы Ә.Мақұлбаевтың бастамасымен қаланың бас жоспарының жобасы аудан әкімдігінің мәжіліс залында көпшіліктің назарына ұсынылды. Бірақ, Әбекеңнен кейін келген жаңа басшының тұсында бастама аяқсыз қалды. Егер сол жылдардан бастап бас жоспар бекітілгенде, талай қисынсыз сәулеттік шешімдердің алды алынып, талғамсыздықтың тамырына балта шабылар еді. Сол бас жоспар болмағандықтан тұрғын үй салу үшін жер телімдерін беру тоқтатылып, жер кезегінде  тұрғандардың саны 3000 адамнан асып кетті. Әбекеңнің қайтадан әкім болып келуімен, осы жұмыс қайтадан қолға алынып,оның алғашқы нәтижелері тағы бір рет жұртшылық өкілдеріне таныстырылды. Ештен кеш жақсы, арадан 9 жыл өткенде қайта қолға алған істің нәтижесі баянды болғай.
Біз бұл мақаланы жазуда Мақұлбаевты мақтауды ғана мақсат етпедік. Басқасын айтпағанның өзінде, аталған игі істердің ауқымы ауданды екі-ақ жыл басқарған әкім үшін аздық етпесін келген басшы да, қарапайым азамат та мойындары шәксіз. Осы жерде бір жағдай еске түсіп отыр. 2004 жылы «Сарыағаш» газетінде менің «Мақұл» деп аталатын өлеңім жарияланды. Мазмұны «уәдені – құдай аты» деп есептемейтін кейбіреудің күйкі тірлігінен түңілген бір сәттік көңіл күйден туындаған болатын. Сол өлеңінің бірінші және соңғы шумағын келтірейін:
Сендіруге адамды,
Керек емес ақыл көп.
… Алайын інім «мақұл» деп, Іште қыжыл жатыр көп
Сол «мақұлға» жеткенше,
Кетпегейміз «бақұл» боп.
Іштей секем алған біреу Әбекеңе: «Мынау Сізді айтып отырған жоқ па?» деп сыбырлаған ғой. Сонда Әбекең: Мен «Мақұлбаев» болғаныммен, «Мақұлшыл» емес екенімді Мәкең біледі» деп қайтарып тастаған екен. Өзіне сенімді кісі ешқашан жағымпаздың шатқанына сеніп, шылбырында кетпейді.  Тағы айтайық, Әбдібақыттың келуімен көп игі істер қайта қолға алынуда. Бір әңгімелескенімізде өзі былай деп еді: «Қашан да Сарыағаш туралы, ойласам, ұлы Мұхтар Әуезовтың өсиет сынды сөздері алдымен ойға оралады. Оны жоғарыда өзіңіз де айтып өттіңіз. Халқы еңбекқор, қай кәсіпке де икемді, жері құнарлы, шипалы суымен аты әлемге әйгілі аудан экономикасының тұралап қалуы мүмкін емес. Елбасымыз ұсынған стратегиялық бағдармалар аясында даму қарқыны бәсеңдемейді, оған жол да берілмейді. Осы дамудың ең маңызды құрамдас бөлігі ретінде біз қаланы көркейтумен,  ұлттың құндылықтарымызды ұлықтаумен жаңа қазақстандық патриотизмнің  үлгісін көрсетуіміз керек. Сарыағаш заманауи қала құрылысы талаптарына сай өсіп, өркендеумен бірге, адамдардың рухани зияткерлік деңгейі  де сол өркендеуі деңгейінен биік болмаса, төмен болмауы үшін қолдан келетін жұмысты жасау азаматтық парызымыз. Жасалып жатқан бас жоспар негізінде қала аумағы солтүстік, солтүстік шығысқа қарай кеңейеді. Қазірдің өзінде бірнеше шағын аудандар қосылды. Заман талабына сай коммуникациялық жүйелерді жасаумен бірге, қаланы абаттандыру бағытындағы бірнеше сәулеттік жобаларды дайындау қолға алынды. Мәселен, қала орталығы болады-ау деген тұстан демалыс аумағын жасап, ол жерді Шымкенттегі «Шәмші гүлзары» үлгісінде абаттандырып, бірнеше әлеуметтік, зияткерлік маңызы бар нысандарды орнатпақпыз. Мәселен, солардың арасымен сәулетті Неке сарайын атап өтуге болады. Өзіңіз ойлап көріңіздерші, қазіргі Сарыағашта «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп көрсетуге тұрарлық тарихи-мәдени нысандар кемшін, тіпті жоқтың қасы. Осыны ескере отырып, сол аумақтан «Саяси Сарыағаш» деп аталатын аудан тарихы мұрайжайын жасауды ойластырудамыз. Бұл топырақта бұдан 90 млн жыл бұрын жайқалып өскен, ауданға атауын берген алып ағаштардың тасқа айналған діңдері жатыр. Бұл Әзірет Әлінің немересі, қазақтар «Жігіттің пірі – Шәймерден» деп әспеттеген әулиенің, темірдің пірі – Дәуіт атаның, шипалы судың киесі – Иса атаның мәңгі мекен тапқан жері. Қазақ жерін жоңғарлардан тазарту жолында жан алысып, жан беріскен Жабай, Елшібек, Қойгелді, Алыбай, Толыбай сынды батырлардың мекені бұл.                                                                                                                                       Орыстың ақ патшасынан қазақ үшін ақырып теңдік сұраған Молда Қошық датқа, Қойгелді батырдың немересі Қабланбек ел қондырып,отырықшылыққа бейімдеген, ұрпақтың өрісі ырыстың бастауына айналған жер бұл. Осынау құтты мекенде қазақ елін 50 жыл әнмен әлдилеген Шәмшінің, Келестің бір уыс топырағын жырына арқау еткен Тоқаштың, өзінің мәңгілік биігінде дамылдаған Төлегеннің тағдырлары тоғысқан. Лениншіл Рустемов, Өзбекәлі Жәнібеков, Немат Келімбетов, Зиябек Рустемов, т.б. қазақтың тұғырлы тұлғаларының рухы кезіп жүр бұл аумақты. Олардың әрқайсысы үшін бір-бір мұражай тұрғызуға болады.
Аудан аудан болғалы оның даңқын  биікке шарықтатқан қанша тұлғалар өтті дүнеден. Шипажайларымыздың саны 20-ға жуықтады. Қазақстанға өнімдерін таратып отырған алып кәсіпорындар бар бізде. Елдегі көкөніс молшылығына ең көп үлесін қосып отырған да біздің аудан. Егер осының бәрі аудан тарихы мұражайынан көрініс тапса, жас ұрпақтың жүрегіне өзі туып-өскен аудан туралы мақтаныш сезімдері ұяласа, патриоттық тәрбиенің көкесі осы емес пе? Осы демалыс аумағының төріне тәуелсіздік монументін орнатып, жоғарыда аталған, т.б. тарихи-мәдени нысандарды тұрғызсақ, аллеялар мен гүлзарлар  жасасақ, олардың бойына аяулы тұлғаларымыздың мүсіндерін орнатсақ, келген адам Сарыағаштың бүкіл тарихынан мәлімет, мол рухани азық алып, осындай таңғажайыпты жасаған перзенттерге алғысын жаудырмас па еді?»
Иә, «Әдебиеті мен мәдениеті ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды» деген екен заңғар жазушымыз Ғабит Мүсірепов. Тұсымызда телемұнарасы асқақтап тұрған Ташкенттің жанында Сарыағашымыздың қасқайып, қазақтың биік рухы мен мәдениетін паш етіп тұрғанын, Оңтүстік қақпамыздан енген қандай қонақтың да саялы Сарыағаштың сәулеті арқылы Қазақстандағы «Мәңгілік ел» болу бағытындағы өрлеудің лебін сезінгені тек сарыағаштықтардың ғана емес, осынау топырақтың киесін таныған бүкіл қазақстандықтардың арзу-тілегі. Осындай ұлы мақсат, перзенттік парыз жетегіндегі Әбдібақыт Тілләбайұлы сынды шын мәніндегі зиялы азаматтан Сарыағаш халқының үміті зор.

Мұрат БЕКЕЙ,
Қазақстан Жазушылар және  Журналистер одақтарының мүшесі.