МАКАШЕВАНЫ ЗЕЙНЕТКЕ ЖЕТКІЗБЕЙ ЖЕЛКЕЛЕУ КІМ ҮШІН КЕРЕК БОЛДЫ немесе «туысым» келді деп, Б. Нарымбетов белден басады ма?

207
1

31Осы аптада тағы бір тосын жаңалық гу етті. Бұған дейін тексеруден көз ашпаған Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Любовь Макашева қызметінен босатылды. Расын айту керек, бұл бөлімге бірнеше уақыттан бері талай «мықтының» көзі түсіп жүрген еді. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасынан бастап, «Жастар практикасына», одан бөлек, тоғыздай бағыт бойынша елге әлеуметтік жәрдем беріп келген мекемеде игеріліп жатқан қаражатта сан жоқ. Басқаны қойғанда, майлы жіліктен кешегі күндері қала әкімінің орынбасары да біраз дәмеленген жоқ па еді?!

Қайталап айтайық, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Б. Нарымбетовтің көмекшісі болған Алмасбек Ғабдуллин осы бөлімге қарасты жұмыспен қамту орталығына басшы болып барды да, артынша қаржы полициясының құрығына түсті. Құқық қорғау органдарынан алынған ақпараттарға сүйенсек, бұл азамат әлдекімдерден ақша талап еткен. Білдей бір қала әкімі орынбасарынан тәрбие алған жап-жас жігіт осылайша істі болып шыға келді. Жалпы алғанда, Оңтүстікте әкім орынбасарларының қолынан шыққан жас-жас жігіттердің жемқорлықпен айыпталып жатуы— күнделікті «модаға» айналып бара жатқан сияқты. Күні кеше ғана Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған Болат Нәжіметдинұлының да «қолынан шыққан» Ә. Рабаевтың, одан кейін А. Орманчинаның да жемқорлық, мемлекет қаржысын негізсіз талан-таражға салу фактілерімен айыпталып, ол шу бүкіл республикаға жария болған еді. Ел арасында «Серый кардинал» атанып кеткен кешегі Болатбек Әлиевтің, бүгінгі Болат Нәжіметдинұлының кадрлары осындай жағдайларға тап болып жатқанда, одан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Б. Нарымбетовтің де «қалмай» тұрғанын қалайша айтпай кетейік?! Көмекшісі болған Алмасбек Ғабдуллиннің қандай жағдайға тап болғанын жоғарыда айтып өтсек, Шымкент қалалық спорт және денешынықтыру бөлімінің бастығы болған Н. Смановтың 10 миллионнан астам мемлекет қаржысын негізсіз жұмсағаны тағы бар. Түсінбейміз, облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары болып отырып, 6 миллион теңге пара алған Альмира Орманчина аталған факт бойынша қамауға алынды, ал он миллионнан астам мемлекет қаржысын желге ұшырған Н. Сманов бостандықта жүр. Бұл Болатбек Әлиевке қарағанда Бахадыр Нарымбетовтің мықтылығы ма екен? Мүмкін оның Елбасы саясатын өзі қалағанынша жүргізіп отырған мықтылығының арқасы шығар, Н.Смановтың мемлекеттік қызметтен былыққа бата отырып, өз еркімен қызметінен кеткені қалай? Бәлкім, Бахадыр Нарымбетов оны босатудың дұрыс амалын  осылай шешті ме екен? Ол жағы бізге беймәлім ғой, десек те, облыста «серый кардинал» деген ұғым пайда болғаны қашан. Ал, қала дәрежесінде қандай «кардинал» пайда болады екен? Осы сұрақты жиі ойланатын болдық.
Айтпақшы, қызметінен босаған Л. Макашеваның орны бір күнде 50 000 АҚШ долларына дейін қымбаттап кетіпті деген жел сөз пайда болды. Біреулер «анау барады екен», біреулер «мынау барады екен» дейді. «Кім барса да, ақшамен ұрып алады ғой, әйтпесе зейнет жасына бір жыл қалғанда Макашеваны алып тастау кімге керек болды?» деп жүрген де ел жетерлік. Енді біреулер «былтырдан бастап аталған бөлімде жұмыспен қамту орталығын басқарып отырған белгілі кәсіпкер Нұрхан Егізбаев басшы болады екен» дегендей қаңқу сөзді таратып жүр. Мүмкін бұл мақала жарыққа шыққанша-ақ мәселе шешіліп, біреу басшы болып келетін шығар. Белгілісі— «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Қызмет дегенде бірін-бірі аямайтын Шымкентте оның сатылатыны баяғыдан белгілі. Бірақ, тап осындай базар, аукцион болатынын бірінші рет естіп отырмыз.
Елбасы күн сайын еліміздегі гендерлік саясатқа қолдау көрсету керектігін айтып-ақ жүр. Ал, Шымкентке жаңадан келген Дархан Сатыбалды кадрлық електі қызметте отырған санаулы қыз-келіншектердің бірінен бастапты. Бір жылдан соң зейнеткерлікке шыққалы отырған, осы мекемені пәленбай жылдан бері абыроймен басқарып келе жатқан Любовь Макашева осылайша қызметтен кетті. Ол қаланың жаңа әкіміне неге жақпай қалды? Қаланың бас идеологы Б. Нарымбетов бұл мәселеден хабардар ма? Мәселе осында.

Ағабек ДАТҚАЕВ.