Тілімнің тұғыры берік боларына сенемін

182
0

11Елбасы  Жолдауында: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз… Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз… Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады…» дей келе, «Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз» деп, бүгінгі таңда тілдерді дамыту мәселесі мемлекеттік деңгейдегі міндет екенін де атап көрсетті. Сондай-ақ, Елбасының «Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек. Орыс тілін білу – біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені баршаға белгілі… Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады» деп, қазақ тілі және тілдердің үштұғырлы мәселесіне кеңінен тоқталды.

Елбасы өзінің биылғы Жолдауында. «Қазақ тілі, біздің мемлекеттік тіліміз өсіп-өркендеп келеді. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады» деп атап көрсетті.
Тәуелсіздік жылдарында саяси және құқықтық деңгейі жетіле түскен Қазақстан халқының мемлекет құраушы ұлттың тілі мен діліне, мәдениеті мен салт-дәстүріне анағұрлым ден қойғандығынан да байқауға болады.
Елімізде қазақ ұлтының айқын басымдылыққа ие болып, қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалардың, арнаулы және жоғары оқу орындарының қаулай өсіп,қажеттілікке айналуы, қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік қызметке кіруге, бұрыннан орны барлары тұрақтанып қалуға талпынып, мемлекеттік тілді жаппай меңгеріп жатқандығы осының айғағы.
Сондықтан туған тіліміз қазақ тілін құрметтейік, қастерлейік. Өзге тілді білейік, үйренейік, алайда, өз тіліміздің жойылып кетуіне жол бермейік. «Тіл дегеніміз қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, бүрсүгінгі де тағдыры. Қазақ тілі… өткірлігімен, бой балқытып, тамыр шымырлатып жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандырып, ұғымына қонымды, жүрегіңе тиімді… қысыл таяң қатал жағдайда қайрап, егеп сөз тапқанға қолқа жоқ дегендейін ерге, елге медет болып адам түгіл жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын тіл» — дейді Бауыржан Момышұлы. Иә, қазақ тілі – шешен тіл, өнерге, әдебиетке бай тіл. Түркі тілдерінің ішінде ең таза бола білген осындай тілімізді мәңгілік сақтайық.! Себебі, тіл жоқ жерде халық жоқ, тіл жоқ жерде ел жоқ!

Динара БАЙКЕНЖЕЕВА,
Шымкент қалалық АХАТ
 бөлімінің жетекші маманы