«Адасқанның алды-жөн, арты-соқпақ» дегенге кім қалай қарайды?

297
3

1Баспасөз-қара бастың қамы үшін басқаларды «қан жоса» ететін қару емес. Ол өткір кездік, алмас қылыш. Бей-берекет пайдаланбасаң, қаруың халықтың көңілінен шығатын жұмсақ мәртебеге ие болады. Біз «Уақыттың» дүниеге келген алғашқы күнінен бастап-ақ әділеттілікті ақ ту, шындықты атой салар ұранымыз етуді ең басты қағида етіп ұстандық. Сол бағыттан, сол ниеттен әлі танған жоқпыз деп елдің алдында да, бізге тырнағын батырғысы келген, әлімжеттік жасаймын, жөргегінде тұншықтырамын дейтін кейбіреулердің алдында да арымыздың адалдығына ант беруге әзірміз. Жалпыға емес, жекелеген жандарға жақпайтын тұсымыз, олардың бізге алакөзімен ата қараған кездері аз болған жоқ. Оның да ең басты себебі-біздің шімірікпестен шындықты айтамыз деп «жазықты» болатындығымыз. Біздің «кінәміз» де осында.
Жақында ғана «Уақыт» газетінің директоры Талғат Балтабаев іссапармен Арқаны бетке алып, алып ұшақпен Астанаға жол тартты. Осы сапар директор үшін әрі қуанышты, әрі ренішті болғанының өзі қызық. Қатарлас орында отырған Шымқаланың жаңа әкімі Дархан Сатыбалдыны көріп, қазақи салтпен, жасы кішіліктің әдебін ұстанып, әкімге сәлем беріп, өзін таныстырады. Ел танып қалған «Уақыт» газетінің басшысы екендігін әкімге таныстырады. Жағымпаздық үшін жалпылдағаннан емес, ел билеген азаматтың қолын алып, назарында болып, басылымды таныстыру басты мақсат болды. Жаймашуақ әңгіменің соңында Дархан мырза қала әкімдігінің басшылығына, оның жұмысына байланысты соңғы кезде жазылған мақалалар циклының кейбір артық кеткен, келіспейтін тұстары бар екенін айта келіп, оған түзету беру жөнінде директорға ұсыныс жасады. Егер талап орындалмаса, істің заң арқылы шешілетінінде ескертуді артық санамады. Сөйтіп әкім мен директордың көк аспанның астындағы алғашқы жүздесу сұхбаттары осындай нүкте қойылған талаппен аяқталды.
Әлқисса, арада апта өтпей газеттегі үш бірдей мақаланың басты кейіпкеріне айналған Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетовтен редакцияға бөлек-бөлек, әрқайсысының зілдей салмағы, таудай талабы бар жауаптары жаңбырдай жауып келе бастады. Орынбасардың талап қоюы орынды, өйткені олай етуге әр азамат, әр басшы қақылы. Бірақ қысқа, әрі нұсқа үш жауапты сынға берілген жауап деп біржақты қабылдауға болмайды. Өйткені бұл жауаптардың негізгі мазмұны егіздің сыңарларындай ұқсас. Жазылған, айтылған мәселелер мен фактілердің қай жері бұрыс, басылым нендей мәселелерді жалған жазған деген сауалдар төңірегінде бірде-бір уәжді әңгіме жоқ. Жалпылама «артық кеткен, шындыққа сай келмейді» дегендерді бір абзацқа сыйдырған Нарымбетов мырза одан кейін осыларды қайталап түзеп, бәрін жоққа шығарып, сол бетте, сол көлемде, сол әріптермен түзету беру жөнінде өзінің үзілді-кесілді талабын кесе көлденең қояды. Олай етпейтін болса сотта жүздесетінін үш жауапта үш мәрте қайталапты. Мұны қорқыту деп те, бопсалау депте, жүдә әрірек айтсақ күш көрсетіп, қоқан-лоқы жасау демеске ешқандай амалымыз, шама-шарқымыз қалмай отыр. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді»  деген мәтелді қайыра бір ол жақтың да, бұл жақтың да есіне сала отырып, біз жазылған жайлардың шындықтың ауылынан алыс қонбағандығын, фактілердің ауа қармап, бұлттың арасынан теріп алынбағандығын тағы да «жауап бергіш» орынбасардың есіне салғымыз келеді. Біздің мақсатымыз-айтыс-тартысты қоздырып, жазықсыздардың жағасына жармасып, аққа қара күйе жағу емес. Сондықтанда біз көкейдегі бірнеше сауалды үш топқа бөліп, Б.Нарымбетовтың үш жауабының «астына әдейі салып бердік». Ол газеттің бүгінгі нөмірінің үшінші бетінде толық жарық көріп отыр. Елдің алдында ешқандай бүкпесіз жауап беретін болса және ол жауаптар толыққанды дәлелденетін деңгейде болса, біз оның бір үтірін де қалдырмай сол тасқа басылған қалпында халыққа ұсынамыз. Бағасын көп берер, болмаса қаладан да биік деңгейде тұрған басшылардан сұрармыз. Бахадыр мырзаның «таңдайы талмай, тақылдаған, «соттасамыз» деген талабы содан кейін де бола жатады. Біз соттасудан да, «оттасудан» да қашпаймыз, тек әділеттің ақ туынан аттап кетпей, адалдықтың мәресіне ақтықпен ғана жетсек деген инабатты ойымыз бар екенін еске салғанды сөз соңында жөн санадық.
Мүмкін, қала әкімінің орынбасары бізге жауаптарын жалаң ұсынбас үшін «Нұр Отан» ХДП ОҚО, Шымкент қалалық филиалының Саяси Кеңес бюросындағы өзіне қатысты мәселе «майшаммен» қаралғаннан кейін бергені де дұрыс болар деген жанашырлық пікірімізді де еске сала кеткіміз келеді.

«УАҚЫТ».