Сындарлы мақсат жолындағы сапалы еңбек

223
0

8 (2)Асылында, әр адам – өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді сырлап бояуға, оған ажар, түр беруге, оны әшекейлеп, өрнектеуге еңбек етеді. Өмір жолында адам баласының қандай да бір салада белгілі бір дәрежедегі табыстарға жетудегі пәрменді серпіні де осының айғағы болар, сірә?! Дүниеге келген әрбір адам бір істің маманы, зергері болатыны заңдылық. Бүгінгі мақаламда сындарлы мақсатын сапалы еңбекке арнаған Абдраимова Зувайра Ажманқызы туралы сөз қозғамақпын.
Зувайра Ажманқызы 1964 жылы 20 желтоқсан күні Келес ауданы, Абай кеңшары, Қаратал бөлімшесінде дүниеге келген. Осындағы Ы. Алынсарин атындағы орта мектепті тәмамдап, №4 кәсіптік-техникалық лицейге (бұрынғы ГПТУ 3) оқуға түседі. Оқуын аяқтай салысымен яғни, 1982 жылы аймақтағы 21-байланыс бөліміне жұмысқа тұрады.

Қазіргі таңда Қаратөбе байланыс бөлімшесінде жұмыс істейді. Қазпошта қызметкері болып жүргеніне биыл 31 жыл. Халыққа қызмет ету әсте, еңбек жолындағы ыждағаттылықты, табандылықты, төзімділікті талап ететін аса қиын жұмыс.
Тағылымы терең ел тарихындағы әуелгі жүрегі жылы, келбеті нұрлы қазақ қызының сара жолын жалғаушы Зувайра апайымыз да бүгінде  бір отбасының ұйытқысы, отанасы, екі баласының бірін ибалы ұл, бірін инабатты қыз етіп тәрбиелеген аяулы ана, асыл жар, ардақты келін. Бір ғана нәзік сұлба өзінің өмірлік міндеттерімен қоса, қызмет жолында да жемісті еңбек етуде. Мұншама ауыр жүкті арқалаған айбатты қазақ аруының жігері неткен күшті дерсің мұндайда.
Қоғамдағы ең қарапайым адамның болсын,  өзі таңдаған кәсіппен айналысуы, ұзақ және қызықты еңбек жолынан өтіп, мол тәжірибе жинап, кәсіпқойлықтың шыңына шығуы, шабытпен еңбек етіп, оның нәтижесін көруі — міне, адамды бақытқа бастап апарар баспалдақтар осы болса керек. Еңбек еткеннен кейін, оның зейнеті болады. Адал еңбек еш кетпейді.   Өмір бойы құмырсқадай қыбырлап еңбек еткен адам дүниеге терең пәлсапалық оймен, түйсіне қарайды. Осы жолда өз ойын, күшін, қуатын сарп етеді де, өмірді өз тағынан құлатпайды. Бұл өмір мен адам арасындағы  терең үйлесім.
Өмірдің мәні – оны бақытты етіп өткізуде. Ал бақыт ұзақ еңбектің, маңдай тердің, бейнеттің жемісі. Өзгеден өнеге алудың да өнер екенін ұмытпайық.
Біз бәріміз де өмірге келген соң,осы әлемнің «бір – бір кірпіші болып қалануға» талпынамыз. Зувайра апайымыз секілді әрбір азамат  өзіндік күш – жігерін сарп етіп, еңбек етіп, Тәуелсіз Қазақстанның баянды болашағына жол бастар ұшқынды жарықша болса, ел ертеңінің жарқын болары сөзсіз. Барша пошта қызметкерлерін «Дүниежүзілік пошта» күнімен шын жүректен құттықтаймын, әрі еңбектеріңіз жемісті болсын  деп тілеймін!

Айгерім МҰСАБЕКОВА.