Әкім мырза, елдің алдында бір ақтарылайықшы!

278
3

10Біз осынау Ашық хат деп айдар тағып, ат қоймаған мақаламызға көптен бері іште түйген, көңілдің көліне сыймаған, жүрекке жүк түсірген біраз мәселелердің басын түйістіріп, оған елдің пікірін, өзіміздің ойымызды арқау етіп отырмыз. Баяндар жайымызды барынша байыпты етуге, ешкімнің көңіліне салмақ түсірмеуге, тек көкейдегі көп сауалдарға жауап алуды мақсат тұтқанымызды алдын ала айта кеткіміз келеді.

Құрметті Асқар аға, қолыма қалам алғанда мен арғы жақ пен бергі жақты оймен өлшедім, бүгінге дейін «Уақыттың» бетінде Сіз жайлы, Сізге қатысты біраз дүние жарық көріпті, соларды қайыра бір шолдым. Өзімнің шамамның жеткенінше, хал-қадеріме қарай таразыладым. Ел көзтаныс болған сол ондаған мақалалардағы көпті толғандырған жағдайлардың жайына тағы да бір рет сын көзбен қарап, талдап шықтым. Осы жазбаға қол артып, оны баспаның бетінде көпке жария ету, маған да, көңіл күйіме де әжептеуір жүк түсіріп отыр. «Айтпаса сөздің атасы өледі» дегенді басты қағида ете отырып, баяндарымды Сіздің назарыңызға ұсынғанды ең дұрыс жол деп таптым.
Сіз талай-талай ірі қызметтердің басын ұстадыңыз, Елбасының үлкен сеніміне ие болдыңыз. Сол сенімнің арқасы болар, өзіңіздің кіндік қаныңыз тамған қазақ деген ұлы қазақтың ұйытқысының бастауы болған Оңтүстікті бес жылға тарта уақыт басқарып келесіз. Еңбегіңіз еліңіздің көз алдында, өйткені халық-айна, бәрін көреді, бәрін біледі, бағасын береді, кейде қорқытады, ал баз бірде тереңіне батырады. Соған шыдаймын, еліме еңбегімді сіңіремін, қолымнан келгенді жасаймын деп келдіңіз, туған жердің топырағына. Жасап жатырсыз. Бірақ…
Сөз басында еткен еңбегіңіздің еліңіз үшін аз болмағанын айтып едім, соған лайық абыройыңыз елдің де, Елбасының да тарапынан өзінің қажетті бағасын алып жатыр. Сіз жөнінде осы облыстан тарайтын және еліміздегі азулы деген ақпарат құралдарында күн сайын десем қателеспеймін, мақалалар жарық көріп жатады. Оқимыз. Орынды болса мәртебеміз өсіп, кәдімгідей желпініп қаламыз. Сын жағы басымдау болса, Сіздің алдыңызда тұрмасақ та, кәдімгідей көңіліміз пәс түсіп, іштей шағылып қаламыз. Сол мақалалардың кейбіріне байланысты біз де өз пікірімізді кезінде жария еттік. Бұл сіздің алдыңыздағы есеп емес, тек бар болғаны болған жайды қаперіңізге қайта бір салу деп санағайсыз.
Баспасөз жағымсыз жағынан алғанда Сізге неге шүйіледі. Ең әуелі-кадр мәселесі жөнінде. Дәл осыған келгенде қарап отырсаңыз сол жазылған жайлардың астарында көп болмаса да, біраз шындықтың бар екенін байқайсыз. Оны сіздің қалай байқап, қалай бағалайтыныңыз өзіңіздің еншіңізде. Ащы да болса айтайық, біздің облыста кадр мәселесіне келгенде сапырылысқан тірлік көп. Бірін аласыз, бірін саласыз, бірі келеді, енді біреуі кетеді. Тура бір кірлеген шұлықты жаңасымен ауыстырған секілді. Оу, Аға, сол қызметке баратындарды, жаңадан тағайындалатындарды неге елгезердің тар тесігінен өткізіп алмайсыз? Сізге бағынбайтын бір күш солай етуге мәжбүрлей ме? Бірақ, менің жеке пікірімше, сіз біреудің мәжбүрлеуіне көне қоятындай соншалықты солақай саясатшы емес секілдісіз. Мүмкін менің жастығым-менің қателігім болар. Бір мекеменің бірінші басшысын өзіңіз басшы болған кезде төрт-бес мәрте ауыстырудың қажеттілігі неден туындады, әлде сіз шынымен осы бір әлсіз, қыры мен сыры көп саясатқа келгенде әлжуазсыз ба?
Әлемде дағдарыстың дауылы есеңгіретіп тұр. Баяғыда Карл Маркс жарықтық «Еуропаны коммунизм елесі кезіп жүр» деп бағамдаған екен, ал бүгінгі дағдарыстың дымды шығармас ауыртпалығы сол кәрі құрлықты кәдімгідей-ақ теңселтіп отыр. Бір облыстың басшысы ретінде сіз қиын кезде алып айдынға ескексіз қайықпен шыққанмен, еліміздің еңсесін түсірмей, қарнын аштырмай, тізгініңізді түзу ұстап келесіз. Ойымызға орынбасарыңыз Болатбек Әлиев (кейінгісі Нәжмединұлы), департаменттің қос басшылары Рабаев пен Орманчинаның аттары түскенде кадр саясатындағы ісіңізге деген көңіліміз су сепкендей басылады. Дәл осы жерде сізге салмағы батпан «Неге?» деген жауабы аса қиын сауалды қойғымыз келеді. Соңында әңгімесі көп аудан мен қаладағы әкімдерді сол орынтаққа отырғызарда, шыныңызды айтыңызшы, елмен ақылдастыңыз ба, ақсақалдардың айтқанын тыңдадыңыз ба, әлде өзіңіз алақаныңызбен маңдайыңызды сүйеп отырып тағайындай салдыңыз ба? Болмаса бір жақтан шамаңыз жетпейтін дүмпу болды ма? Қызметтен бір кездері абыройы ортайып кеткендерді қайта қызметке алуға неге өзіңізге-өзіңіз еркіндік бересіз? Осы жерде қателесіп кеттім-ау деп кейін де болса сәл опық жеп, ойланып бармақ тістемейсіз бе?
Қазір басқаны айтпағанда, біздің облыста түйіні шиеленген екі үлкен мәселе бар екенін өзіңіз жақсы білесіз. Ұмытпасаңыз есіңізге салып, сол жағдайларға қайыра бір қамшы салып көрелік. Түркістанда болып, облыс әкімінің орынбасарлығы қызметін атқарып, барлық сатыдан өткен Уәлихан Қайназаров ағаңыз бар. Дәл осы кісі басқарып отырған ауданда мыңдаған жан қазір нүктесі қойылмаған, қойылуы да қиын жер дауының азабын тартып жатыр. Оның бүге-шүгесін баяндап неғыламыз, болған, болып жатқан заңсыздықтың бәрі сізге толық аян екенін сізге айтпай-ақ білеміз. Әлде елді шулатып, олардың зарына құлақ түру, көз жастарын көруден біреулер ләззат алып келе ме? Осыны шешуге облыс әкімі ретінде сіздің қолыңыздан шынымен шамаңыз келмей ме? Өмірі таусылмайтын осы Сайрамдағы жер дауының бел ортасында болған, бүгінде облыстағы бір департаментті басқарып отырған, сансыз баптар елінің экс-әкімі Мұхит Әлі мен сол кездегі Ақсукент ауылының әкімі болған бүгінде ауданның ішкі саясатын басқарып отырған Оразкүл Бүкірованың өткендеріне соттан бұрын сіз неге баға бермейсіз? Сізге жекелеген тұлға қымбат па, әлде мыңдаған қарапайым халық қымбат па? Осының да жауабын ойлана жүріңізші.
Елдің аузына қақпақ бола алмайсыз. Жел сияқты гуілдеген әңгіме сізді бірде қызметтен алып, басқа жаққа ауыстырып, орныңызға әлдебіреулерді тағайындап жатады. Оның бәрі желсөз екенін, сіздің қызметтегі тағдырыңызды бір ғана адам – Президент шешетінін біз білеміз. Тағы бір түсінбейтін нәрсе бар, ол атыңызға айтылған сындарды не дұрыс, не бұрыс деп қабылдамайтыныңыз көпті де, бізді де таңдандырады. Сіз жылдар бойы БАҚ өкілдерінің басын қосып, кадр мәселесі мен өзіңіздің атыңызға айтылған көп сындарға тойтарыс болатындай ащы да болса ақиқатты айтпай келесіз. Орыстың «Молчание знак согласие» деген сөзі бар емес пе. Ал қазекең «үндемеген үйдей бәледен құтылады» дейді. Сіз осының қайсысын негізгі бағдар етіп ұстанып жүрсіз?
Асқар аға, мен ашық хатқа бергісіз мақалада біраз сауалдың жүгін сіздің иығыңызға арттым. Ертең бұл қызметтен өрлеп кеткен кезіңізде өзіңіз «мен не істедім, туған жерде қандай із қалдырдым?» деп, ал халқыңыз  «Біздің Асқар мынаны істеп кетті» дейтіндей жұмыстар жоқ емес екенін білеміз. Бірақ, әлгі айтылғандар бәрібір көкейде сауал күйінде тұр. Ендеше баспасөздің өкілі ретінде мен сізге қолдан келер бір ұсыныс айтқым келеді. Сіз әкім, біз журналист болып, бір бетпе-бет сұхбат өткізсек. Онда қойылар сауалдар, айтылар пікірлер мүмкін әділ немесе артық болар, тек сіз соған ашық жауап берсеңіз. Мен бұған дейін ешқандай басшыға дәл сізге қойғандай талап, сізге айтқандай өтініш жасаған емеспін. Сол кішкентай талап пен аз өтінішіміз жерде қалмайды, таяу күндері біз ортақ әңгімеге лайық орындықтың басында бас қосамыз, қорытындысын халыққа қаз-қалпында береміз деп сенемін. Өйткені, сан сауалдың жауабын, шын әңгімені халқыңыз күтіп отыр. Осыны ұмытпағайсыз. Біз соған дәнекер жұрт пен биліктің арасына «алтын көпір» болайық, Аға.Жүздесер күн жақын болсын!

Сізге деген құрметпен және игі ниетпен хат жолдаушы ініңіз, «Уақыттың» бас редакторы
Талғат БАЛТАБАЕВ