Бұқарбаев салған «байбаламның» ақыры не болды?

300
0

vlcsnap-2013-06-21-11h17m20s72-300x225 копияОсыдан екі жарым ай бұрын Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, ел танитын азамат Нұрғазы Бұқарбаев «Отырар» телеарнасынан бүкіл елге мәлімдеме жасап, өзінің отбасына қауіп төніп тұрғандығын, өзін құқық қорғау қызметкерлері мен облыс әкімінің қорғауын сұранып, жалпақ елге жария болған мәлімдемесін жасаған еді. Әрі мұндай қатерлі әрекеттің депутаттық мандатына қатысты екендігін айта келіп, «егер олардың (отбасымның дегені ғой) аман-сау жүретініне көзім жетпесе, депутаттықтан бас тартамын. Әрі қарай саяси және қоғамдық істермен айналыспаймын» деп мәлімдеп, дүниені дүр сілкіндірген еді.

Осы тосын, бас-аяғы жоқ Н.Бұқарбаевтың мәлімдемесіне байланысты облыс әкімі «апам да аң-таң мен де аң таңмын» дегендей, алақанын жауып тұрып, айран-асыр болып, оның неліктен брифинг өткізіп жалпақ дүниеге жар салғанына қайран қалып, бас шайқаған еді. Сол аты шулы мәлімдеменің аяғы бүгінде «сиырқұйымшақтанып» кетті. Бұл турасында заң орындары қандай әрекет жасады, Н.Бұқарбаевтың отбасына одан кейін ешқандай қатер төнбеді ме, ондай әрекеттің болатынына депутат мырзаның көзі жетті ме, жетпеді ме, жетсе депутаттықтан бас тартып, саяси және қоғамдық істермен айналысуды түпкілікті доғарып тастады ма? Телеарнадағы мәлімдеменің «не құйрығы, не құлағы» жоқ болған жұмбақ күйі әлі сол қалың елге хабары жетпей, құпия күйде тұр. Елдің алдына шығып, әжептеуір елең еткізіп, облыс пен қаланың әкімдерін кәдімгідей ойландырып, жұртына жұмбақ мәлімдеме жасаған Нұрғазы Бұқарбаев мырзаның өзі мен отбасының кейінгі жағдайынан жартымды жария мәлімет болмағандығы жаңалыққа жаны құмар, тосын істердің ортасында жүретін, біздерді де қаламгер ретінде әжептеуір ойға қалдырып тұр. Дәл осы жағдайға байланысты облыс басшысы қайран қалып ғана қоймай, «тапсырма бердім, білейік қандай мәселе екенін. Неге заңға сәйкес құқық қорғау органдарына өтініш бермейді» деген еді. Одан бері 70 күндей мерзім өтті. Кімнің не тындырып, қандай күй кешіп жүргенін тиісті орындардан білсек деген үмітімізді олардың баршасының ойына тағы бір салып қойғанды жөн санап отырмыз. Құқық қорғау саласының тарапынан қандай да бір мәлімет беріліп жатса, оқырманды құлағдар етерімізге кәдіктеріңіз болмасын.

Мәулен ТАЛҒАТҰЛЫ