М.Әлі мырза, әлі айтысқа дайын емес екенсіз

307
0

timthumbБаспасөз-қоғамда пікір тудыратын, ой қалыптастыратын, көпшілікке оқиғаның арғы беті мен бергі бетін таныстырып отыратын орган. Кез келген басылым біреуді қаралау, тырнақтың астынан кір іздеу, болмаса аққа қара күйе жағуды мансұқ етпейді. Ондай пиғылды өзінің карьерасы етіп алған басылым-халыққа «көз, құлақ һәм тіл» бола алмайды. Екі жылдан астам уақыт бойы халыққа қызмет етіп келе жатқан біздің – қоғамдық-саяси газетіміз тура жолдан ауытқымауға, адамдардың жанына қаяу салмауға, әділетті пікір қалыптастыруға хал-қадерінше күш салып, сол айқын мақсатты үдеден шығуды басты ұстаным етіп келеді.

Біз газетіміздің №36 санында «Бармысың, бауырым?» айдарымен «Ел жылап жүр, М.Әлі болса әлі мығым отыр» деген тақырыпта мақала жарияладық. Ол Сайрам ауданының 2006-2010 жылдары аралығында әкімі қызметін атқарған, бүгінде «ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басқарма басшысы болып отырған Мұхит Әліге байланысты еді. Мақаланың жазылуының түпкі себебі-аталмыш ауданда соңғы бес-алты жылдың көлемінде жер төңірегіндегі даудың өршігендігіне, оған нақтылы бір тұщымды нүктенің қойылмай, дәл бүгінгі таңда да сол даудың жалғасып келе жатқандығы айтылған еді. Өзіміздің жазғанымыздан жалтарып, ақталу ниетінен аулақ екенімізді еске салып, жазылған жайдың неліктен жалғасып отырғандығын айтар болсақ, ол-М.Әлінің осы жазбаға байланысты берген ресми жауабына қатысты болып отыр. Егер мақаламен танысқандар болса біз онда бұрынғы әкімнің ішкені мен жегенін, заңға қайшы әрекеттерін қопарғанымыз жоқ. Тек «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистраліне байланысты болған біраз шулы оқиғаларды тілге тиек еттік. Оның деректерін аспаннан алғанымыз жоқ. Дәл осы заңсыз әрекеттерге байланысты М.Әлінің тергеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты қазіргі атқарып отырған жұмысынан уақытша шеттетілгенін бірер ауыз сөзбен атап көрсеттік. Және сол жер төңірегіндегі тыншымаған ары тарт, бері тарт жағдайлардың қазір де жалғасып жатқандығын еске салдық. Арғы жағын тәппіштеп нетеміз. Біздің редақцияға сол мақалаға байланысты М.Әлінің өзі қол қойған №01\4274(30.09.2013ж.) жауап хат келді. Мұны біз әншейін «жауап хат» деп сымтемірше майыстырып, барынша жұмсартып атап отырмыз. Әйтпесе, бұл жауап жауындатқан, борандатқан, дауылдатқан, сес көрсеткен жауап болып тұр. Бізге шарт қойып, оны орындамаған жағдайда ҚР ҚК-нің 129-шы бабына сәйкес тиісті іс-шараларды атқаратындығын М.Әлі ашық мәлімдеп, біздің алдымызға «барриккада» қойып қойыпты. Бұған мақұл дедік. Ол кісінің шамданғаны, біздің «шапқа түрткеніміз» әлгі мақаладағы «қызметінен уақытша шеттетілген еді» деген сөз болса керек. Бірақ ол өз кезінде болған нәрсе. Жауапқа тартылған, үстінен қылмыстық іс қозғалған лауазымды тұлғалардың заң шеңберінде қызметтен уақытша шеттетілетіндігі біздің еліміздің заңында бар нәрсе. Оған таңданатын түгі жоқ, ақтығыңды дәлелдеп шық та, орынтағыңа қайта отыр.
Жақсы. Біз енді өткен күннің заң аясындағы шындықтарына бір жүгініп көрелік. ОҚО бойынша ЭСЖҚД-і тергеу басқармасының 06.12.2011 жылғы қаулысына көз салсақ, біраз мәліметтерді біліп, көзімізді көп нәрсеге жеткізе аламыз. Енді аталған мекеменің тергеу басқармасының тергеушісі, қаржы полициясының капитаны М.Сариевтің №1510005100024 санды қылмыстық іс құжаттарын қарап шығып, анықтағандарының анық-қанығын көптің назарына ұсынайық.
ҚР Үкіметімен 09.12.2005 жылы бекітілген «ҚР автожол саласын дамытудың 2006-2012 жылдарға арналған бағдарламасы туралы» №1227 қаулысы негізінде «Батыс-Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік өткелін қайта құру жобасын іске асыру мақсатында 18.03.2009 жылы ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Ө.Шөкеевтің қатысуымен өткен №1425 санды осы халықаралық транзиттік көлік дәлізі жобасы негізінде ОҚО аумағындағы құрылыс жұмыстары аймағындағы бұрын беріліп кеткен жерлердің иелеріне басқа жерлерден тең бағалы жер телімдерін (қаржылай өтеусіз) беру мәселесін шешу жөніндегі хаттамалық тапсырмасы тиісті өңірлерге берілген болатын. Осыған байланысты ОҚО әкімінің аудан мен қала әкімдеріне аталған жобаның аумақтарында жер телімдерін тоқтатуды жүктеген №9 хаттамалық тапсырмасы да бар. Бұл қылмыстық істің қозғалуы жобаны іске асыру үшін Сайрам ауданының аумағынан өтетін «Шымкен айналма» автожолының құрылысына байланысты болған. 2009 жылдың көктем айларындағы осы қабылданған тиісті құжаттардың барлығы және нұсқаулық хат Сайрам ауданының әкімі М.Әліге жолданып, тапсырмаларды бақылауға алу жүктелген.
Құжаттар негізіндегі тергеушінің анықтауы бойынша Сайрам ауданында мемлекеттік деңгейдегі қабылданған құжаттардың орындалуы барысында біршама заңсыздықтар орын алған. ҚР Жер кодексінің 43-3 тармағының талаптары бұзылып, адамдарға артықшылықтар беріліп, аудандық әкімдіктен заңсыз шешімдер шығарылған. Қандай қажеттіліктен, нендей мәжбүрліктен туғандығы белгісіз, бірнеше азаматтарға жер қорынан берілген жерлер жедел, өте асығыс берілгендігіне кім де болса таң қалары хақ.
Біз қаулыға негіз болған анықтамадағы кейбір кереғар әрекеттердің үтірі мен нүктесін түгендеп,бүге-шігесін анықтауды мақсат етіп отырғанымыз жоқ. Тексеру оны өз кезінде түгелдей ашып берген. Бізді таңдандыратын екі ғана мәселе бар. Оның біріншісі жер сұрап, арыз жазғандар-берісі бір, арысы жеті күннің ішінде жер телімдерін алып отырған. Не деген оперативтілік, не деген асығыстық. Тура біреу «берсең де бер, бермесең де бер» деп желкеңнен оқтаулы мылтық тіреп тұрған секілді. Азамат А.Бектаевқа Қайнарбұлақ ауыл округі аумағындағы арнаулы жер қорынан шаруа қожалығын жүргізу үшін 50 гектар жер 330,0 мың теңгеге 09.03.2013 жылғы №214 қаулысымен берілген. Қаулыға аудан әкімі қол қойған. Осы жер ҚР Жер кодексінің 42-43 баптарының талаптарына сәйкес азаматтардың өтініштері екі ай мерзім ішінде қаралуға тиіс екендігін «керемет басшылыққа алып», арызы екі күннің ішінде қанағаттандырылған. Дәл осы ауылдық округтің аумағынан азамат Е.Ержановқа 27.04.2009 жылғы №352 қаулымен арнаулы жер қорынан 31,5 гектар суармалы жер телімі шаруа қожалығының жұмысын жүргізу үшін 48 жыл мерзімге жалға берілген. Тағы бір азаматша А.Бүрлібаеваға осы округ аумағынан 11.09.2009 жылғы №981 қаулымен тәлімі 7,12 гектар және жайылымдылық 4,81 гектар жер, барлығы 13,39 шаруа қожалығын жүргізу үшін (қосымша суармалы 1,46 гектар жер осыған біріктірілген) қадастр бағасымен 31746 теңгеге сатып берілген. А.Бүрлібаеваға және Е.Ержановқа арыз жазғаннан кейін бір күн ішінде, А.Бектаевқа екі күннің ішінде жердің берілуін қалай түсінуге болады? Және бір қызығы жер беру операциясы Ө.Шөкеевтің хаттамалық тапсырмасынан соң жүзеге асырылған. Сайрамда жер – «қасқалдақтың қанындай» зәру нәрсе екендігін ескерсек, дәл осы жерде таныстыққа жол берілмеді деп кепілдік беретін адам табыла қоя ма екен? Әрі осы құжаттардың барлығына аудан әкімінің өзі қол қойып отырған. Сонда оның қашан арызданғаны, кезекке тұрған, тұрмағаны жөнінде қағазға көз салу қаулыға қол қойған басшының қаперіне келмегені ме? Әлде қол қоясалу қағазы шимайлай салу ма?
Екіншіден, осы қозғалған жер төңірегіндегі тергеу кезінде жауап берген экс-әкім М.Әлі барлық заңсыз әрекеттердің жауапкершілігін сол кездегі өзінің орынбасары Самат Сапарбаев пен аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы Қ.Медетовке қарай сырғыта салған. Тіпті «Батыс-Еуропа-Батыс Қытай» дәлізі түсетін жол бойынан әлгі азаматтарға берілетін жердің бөлінгендігін білмейтіндігін де жасырмапты. Үкіметтің бағдарламасы бір күнде белгіленгенбейді. М.Әлі соны білмесе несіне әкім болған? Дәл осы мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылуы мен  артықшылықтар көрсетілуінің салдарынан мемлекетке жалпы 17 413 859 теңге көлемінде ірі зиян келтірілген. Қылмыстық іс осыған байланысты ҚР ҚК-нің 307-бабының 3-бөлімі негізінде қозғалған. Қабылданған қаулы негізінде Мұхит Оралбайұлы Әліге қатысты қылмыстық қудалауды оның іс-әрекетінде қылмыс құрамының анықталмауына байланысты қысқартылған. Дұрыс, одан бері біраз уақыт өтті, оны ешкім қайта көмбені қазып, қудалап жатқан жоқ. Егер басшы азамат өзіне жүктелген бірінші басшы ретіндегі жауапкершілікке атүсті қарап, оны орынбасарларына, бөлім бастықтарына, заңгерлеріне сырғытып сала берсе, әрине мемлекеттің сұраусыз миллиондары желге ұшпағанда не болмақ? М.Әлі заңның жауапкершілігінен құтылды. Сылтауы-«мен басқалар қол қойған соң, қол қоя салдым» болып тұр. Ендеше, сол кездегі жер мәселесіне тікелей жауапты болған ол кісінің орынбасары, бүгінгі Ордабасы ауданының әкімі Самат Сапарбаев жауапкершіліктен қалай құтылып кетті? Бұл енді өз алдына білемін деген кісіге бөлек әңгіме.
2010 жылы жерге қатысты жауапкершілік аудан әкімінің орынбасары, жер комиссиясының төрағасы Ә.Әмірәлиевке жүктелген екен. Бұл кісінің М.Әліге қатысы, не істегені, қандай қызмет атқарғаны, оның ақырының не болғаны елге белгілі. Мұхит командасындағы тұлғаны алда толық талдап беруге болады,егер қанат болса.Азамат А.Бектаевқа жер телімін беруде осы орынбасар өзінің қызметтік жауапкершілігін мүлдем осалдатып алған. Барлық құжаттарға қатысты аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы Қ.Медетов делінгенмен, оның орнына ұдайы осы бөлімнің бас маманы Ж.Алибек қол қойып отырған. Тергеу қалай өтті, іс қалай қысқарды, қаулы неліктен біржақты қабылданды, мемлекеттің қаржысы кімдердің кінәсінен рәсуа болып, желге ұшты деген көп сауалдар қазір сараусыз қалған.
М.Әлі мырза болса бізді айтыс-тартысқа шақырып, соттасуға үндеп, үрейімізді ұшырып-ақ болып отыр. Біз ешкіммен айтыспаймыз, егер қажет болса әлі бояуы кеуіп үлгермеген мәселелерге тиісті орындар арқылы қозғау салуға құдіретіміз бен сауатымыз жетеді. Тек Мұхаң секілді қорқытпаймыз, үркітпейміз. Әркім өзінің сүйреген арбасының доңғалағының түзуі мен қисығын соңында қалған бұралаң ізіне қарап, кішкене ойланғаны да жөн секілді. Осы бәрімізде ұмытып қалмайық. Сұраусыз кеткен миллиондар қайта «тіріліп» кетпегенін тілегеніміз жөн секілді. Әйтпесе…

«Уақыт» апта сайын шығатын

Республикалық газетінің

Директор – бас редакторы

Т.Балтабаевқа

Сіздердің редакцияда жарық көрген мақала, яғни 24.09.2013 жылғы №36 (087) санды газетте «Ел жылап жүр, М.Әлі болса әлі мығым отыр» деген мақала Қазақстан Республикасының  N 453 заңының 20-2 бабының 6 тармағына сай Мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық жасаған деп көпшілік алдында негізсіз айып тағылған жағдайда, ол осындай айыптауды анықтаған күннен бастап бір ай мерзімде оны теріске шығару жөнінде шаралар қолдануға мақала мына төмендегі негізбен теріске шығаруға жатады:Газеттегі «Батыс Европа – Батыс Қытай» халықаралық танзиттік жол дәлізінің жобасына кіретін республикалық  маңызды автомобиль жолдары түсетін мемлекеттік меншіктегі жерлерден Сайрам ауданының тұрғындарына негізсіз қаулыларының аясында берілген жер телімдерін берген дерегі бойынша Сайрам аудан әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты ҚР ҚК-нің 307 бабының  -бөлімімен ОҚО бойынша ЭСЖҚ-і тергеу басқармасымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу нәтижесімен Менің іс-әрекетімде қылмыс құрамының анықталмауына байланысты 06.12.2011 жылғы қылмыстық қудалауды қысқарту туралы Қаулысы қабыланған.Демек, аталған мақалалар бойынша бүгінгі дейін сот шешімдері жоқ, яғни Менің атыма айтылған сындарға байланысты бірде-бір дәлел жоқ. Қазақстан Республикасының «Конституциясы» 77 бабының 3 тармағы 1 тармақшасына сәйкес, адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі;Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары» туралы 1999 жылғы 23 шілдедегі N 451 Заңының 19-бабын және 21 бабын басшылыққа алып, азамат немесе заңды тұлға өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы, егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарында таратылса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегін теріске шығарылуға тиіс, азаматтың немесе заңды тұлғаның бұқаралық ақпарат құралында теріске шығаруды не жауапты жариялау туралы талабы, егер бұқаралық ақпарат органы мұндай жарияланымнан бас тартса не бір айдың ішінде жарияланым жасамаса, сондай-ақ ол таратылған жайдайда сотта қаралады, азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер таратылған болса, олар мұндай мәліметтерді теріске шығарумен қоса олардың таратылуынан өздеріне келтірілген залалдың немесе моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы делінген ескертіп, «Уақыт» редакциясына 1(бір) ай мерзім ішінде жоғарыда көрсетілген шындыққа сәйкес келмейтін мақалаларды теріске шығару туралы ұсынылады.Егер осы ескерту хаты қанағаттандырылмаған жағдайда Қазақстан Республикасының «Қылмыстық кодексі» 129-бабына сай жала жабу, яғни басқа түсіретін көрінеу жалған мәліметтер таратқаны үшін тиісті іс-шаралар менің тарапымнан атқарылатын болады.

М.Әлі, Басқарма басшысы

Қыдыр ҚАЛИЕВ,
Шымкент қаласы.