«БІР КЕТПЕНШІНІҢ ҮСТІНЕН ПӘЛЕН АДАМНЫҢ КҮН КӨРГІСІ КЕЛЕДІ»

286
5
0000000000

Серікбай ИБАДУЛЛАЕВ, ОҚО әкімдігінің энергетика және коммуналдық қызмет бөлімінің бастығы:

Ол – ел басқарудың кеңестік мектебінен шыңдалған азамат. Бүгінгі кейбір жас шенеуніктер секілді ешқашан шіренбейді, шалқаймайды. Өйткені, ол – «ескі гвардия» өкілі. Заманы мен өскен ортасы оны солай тәрбиелеген.  Ол деп отырғанымыз – ОҚО әкімдігінің энергетика және коммуналдық қызмет бөлімінің бастығы Серікбай ИБАДУЛЛАЕВ. Біз Секеңмен коммуналдық қызмет төңірегінде ғана емес, қоғамның өзекті проблемалары жайлы да сөз қозғадық.


Қыстан қысылмай шығамыз

― Серікбай Ибадуллаұлы, Сіз бүгінде облыстағы ең ауыр салалардың бірі – энергетика және коммуналдық шаруашылық бөлімін басқарып отырсыз. Жасыратыны жоқ, бұл саладан дау да, шу да көп шығып жатады. «Қыс қыр астында» тұр, ендеше әңгімемізді жылу маусымына дайындықтан бастасақ қайтеді?..
― Жалпы  қысқа дайындық жұмыстары жылда сәуір айында басталады. Осы мезгілде келесі қысқа дайындықты неден бастау керектігі талқыланып, қаржы көздері қаралады, сөйтіп жоспар жасалады. Облыс әкімі іс-шара жоспарын cәуір айында бекітіп, қаулы қабылдаған. Содан беріде қысқа дайындық жұмыстары бір күн тоқтаған жоқ. Қай жерде күрделі жөндеу жасау керек, қай нысан ағымдағы жөндеуден өтуі керек, қаржы қай уақытта берілуі керек, сондай-ақ, қатты, сұйық отын, мазут секілді отындардың төлемақыларын қашан төлеу керек — осы іс шаралардың орындалуын күнделікті бақылау облыс әкімдігіндегі энергетика және коммуналдық қызмет бөлімінің негізгі мақсаты.
Күрделі жөндеуден өтуі тиіс негізгі нысандар  кестеге сай жөндеуден өтті. 75 кіші қазандықтың бәрі түгел  күрделі жөндеуден өтті. Облыста Шымкент және Кентауда орталықтандырылған қазандықтар бар, бұлардың барлығы өздерінің ішкі резервтегі инфестициялық қорлары  арқылы бүкіл қысқы дайындықтарын аяқтап қалайын деді. Кентау қаласы бүгінде батареяларға су толтырып,  жылуды осы айдың соңына дейін беруге дайын. Шымкент қаласындағы ең үлкен 3-ЖЭО жылу қазандығы  Шымкенттегі 1717 көпқабатты үйге жылу береді,  олар да жылу беруге дайын.
Облыстағы қатты және сұйық отынмен жылытылатын барлық бюджеттік мекемелер конкурстан өтіп, қаржымен толық қамтылған. Бір сөзбен айтқанда, облыс қысқа 95% дайын. Облыста кеш қаржыландырылған денсаулық саласының сегіз нысаны бар, оларда күрделі жөндеу жұмысы біршама күнге созылуы мүмкін, сондықтан олардың жұмыс кестесі күнделікті бақыланып отыр, жөндеу бітсе, жылу да беріледі.
― Халыққа көп нәрсе керек емес: су, жарық, газ және жолы болса болғаны. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қайбір жылдары «Таза ауыз су», сонан кейін «Ақбұлақ» бағдарламалары қабылданды. Алайда, біздің облыста судан шығып жататын шу көп. Ел ішіндегі мұндай әңгімені бертінде облыстық мәслихат депутаттары да айтып қалды. Судан шу шыға беретіні несі?
― Мен негізі қырық жылға таяу ауыл шаруашылығы саласында қызмет еткен адаммын, облыста ауыл шаруашылығы саласын жақсы білетін екі азамат болса, мүмкін соның біреуі мен шығармын. Алайда, 2010 жылы ОҚО әкімі Асқар Исабекұлы мені ең күрделі салалардың бірі саналатын энергетика басқармасына жіберді. Міне, мен осылайша пәленбай жылдық қызметімде тұңғыш рет энергетика және коммуналдық қызметпен бетпе-бет келдім. Әрине, алғашқы екі айда жаным қатты қысылды, ал үш-төрт айдан соң мен бұл системадағы ауыз судың не екенін, газбен қамтамасыз етудің не екенін, электр энергиясымен қамтамасыз ету,  шайынды суды шығару, санитарлық тазалықтың не екенін түсіндім. Коммуналдық қызмет деген — шегі жоқ жұмыс, бұл жұмыста «мынаны атқарып тастадым», «бүгін бітемін» немесе «ертең бітемін», «осыны бітсем бәрінен құтыламын» деу қате. Мәселен, санитарлық тазалықты алайық.  Халық тұрмыстық қалдық тастауын ешқашан тоқтатпайды әрі оны қашан, қай мезгілде, қашан тастайтыны да белгісіз. Бұл жұмысты тек алдын-ала жоспарлап, бақылап отыру керек.
Электр энергиясымен қамтамасыз ету көлемі де жылдан-жылға ұлғайып келеді. Қанша подстанса салу керек, қанша елдімекеннің электр жүйесінің бұрынғы жүйесін қайта қалпына келтіру керек деген мәселелер алдын-ала жоспарланады. Бұдан басқа күнделікті сұранысты жауып отыру деген тағы бар. Кейде электрмен қамтамасыз ететін Жамбыл, Екібастұз электр стансалары мен Қырғызстан секілді ірі электр өндірушілердің көмегіне жүгінуге тура келеді. Бұл орайда мәселеге Үкімет араласып,  республикааралық келісімге баруға тура келеді. Газбен қамтуда да солай. Мұның бәрін айтып отырғаным, бұларды бірінен екіншісін бөліп қарау мүмкін емес.
Енді сіздер сұрап тұрған судың жайына тоқталайық. Облыста ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары алғаш рет 2006 жылы қолға алынған, ал бағдарлама 2008 жылы  басталған. Мұнда ең басты қателік: жер асты су қоры көздері зерттелмеген. Алғашқы кезеңде біраз нысандар жер асты су көзі жоқ жерлерден салынып кеткен, сөйтіп су жетіспейтін нысандар іске қосылып кетті, халыққа сағатпен су алуға тура келді. Жобалық-сметалық құжаттар дайындаған кезде көптеген су көздері жоқ ауылдардың жобалары бекіліп кеткен. Осының нәтижесінде кейбір нысандардан су ақпай, халықтың наразылығын тудырды. 2011 жылы ауыз су бағдарламасына орай Үкіметтен тапсырма беріліп, бірнеше принциптер атап көрсетілді. Біріншіден, су кіретін елдімекенде су көзі болуы керек, екіншіден, алдымен халық көп шоғырланған елдімекендер сумен  қамтылуы тиіс, Ал енді кейінгі 2010-2012 жылдарда  салынған құрылыстардың бірлі-жарымы болмаса, айқай-шу кездесе қоймайды.
Мәселен,  басқа жақтан гөрі Шымкент қаласының төңірегінде суға қатысты айқай көп. Оның себебі мынада, бізде алдымен «Сәуле», «Қазығұрт»,»Шұғыла» секілді шағын аудандар салынды да, «Оңтүстік», «Солтүстік» су ағарлары енді  ғана салынып жатыр. Бұл суағарлар алдағы жылдарда іске қосылады. Суға қатысты шикілік Ордабасы, Отырар аудандарында  бірер нысандарда кездеседі.  Сонымен қатар, республикалық «Қазсушар» мекемесінің Сарыағаш, Созақ аудандары мен Шәуілдірдегі топтама су жүйелері бүгінге дейін қалыпты жұмыс істемей отыр.
― Аталмыш бағдарламаларға жүгінсек, ел тәулік бойы таза ауыз су пайдаланып отыруы тиіс еді. Дегенмен, бүгінде біз көп ауылдарда судың күніне екі-ақ рет (таңда, кешке) берілгеніне, тіпті кей ауылдарда құбыр жүргізілгенмен мүлде сусыз отырғанына куә болып жүрміз. Бұған қалай жол берілген?
― Мұның өз себептері бар: біріншіден, күніне екі мезгіл ғана берілетіні ауылдарда су торабы мекемелері өзінің шығынынан сақтану үшін электр энергиясын таратушылармен түнгі тарифке келісімге отырады. Түнгі тариф арзан, сондықтан сол мезгілде барлық су қоймаларына су толтырып алады да, соны таңда бір мезгіл, кешке бір мезгіл таратады. Қазір біздегі тізім бойынша 662 елдімекеннің 70 пайызында су тәулік бойы беріліп жатыр, бұл әсіресе соңғы үш жылда салынған нысандарға қатысты.
Облыста 929 елдімекен болса, соның барлығы алдағы уақытта сумен қамтылады, бағдарлама ´2020 жылға дейін жалғасады.

Қаржыны игеретін шаруақор адам жоқ…

― Енді энергетика жайлы айтайықшы.  Бүгінде әлем халқы энергияны үнемдеп, тиімді пайдалану мәселесіне бас қатырып жатыр. Бізде бұл мақсатта қандай шаруалар атқарылып жатыр?
― Энергияны үнемдеу – өте күрделі мәселе. Соңғы кезде Елбасының өзі бұл мәселені республика көлемінде көтере бастады, бұған қатысты арнайы бағдарлама да қабылданған. Осы бағдарламаға сәйкес электр қуатын пайдаланған бұрынғы көптеген ескі завод-фабрикалар электр көздерін үнемдейтін жаңа технологияға көшуі тиіс. Жарықты үнемдеудің тағы бір жолы  жарық үнемдеуші шамдарды пайдалану болып табылады. Облыста бүкіл бюджеттік мекемелерді осындай шамдармен қамтамасыз ету үшін 262 млн. теңге бөлінген.

Жарықты үнемдеу мақсатында біздің облыста да күн батареялары, желден, судан энергия өндіру жұмыстары қолға алына бастады. Мұнымен біздің саладан бөлек кәсіпкерлік бөлімдері де жұмыс істей бастады.
― Жасыратыны жоқ, бізде әлі де қисайған, ескірген электр бағаналарымен отырған ауылдар бар. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?
― «ОңтүстікЖарықТранзит» мекемесі өз балансындағы ескі бағаналарды өз кестелеріне сәйкес біртіндеп ауыстырып келеді. Бізде, әсіресе, жаңадан салынған шағын аудандарда немесе жаңа бой көтерген көшелерде халық ортадан ақша шығарып, жарық тартып алып жүр. Бұл, әрине, тұрғындардың өзіне қауіпті. Қазір Шымкентте сондай бағаналарды ауыстыру қарқынды жүріп жатыр. Биылдың өзінде облыс орталығында үш шағын аудан, облыста алты елдімекеннің бағаналары түгелдей ауыстырылды. Бұған арнайы бағдарлама жоқ, алайда, бәрі де біздің басқарманың жоспарында тұр, жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, сараптамадан қалай өтеді, солай қаржыландырылып жатыр.
― Қоқыстарды тазарту, қыстарда жолды тазарту барасында халықтың коммуналдық қызмет сапасына көңілі тола бермейді, билік мұның себебін көбіне техниканың жетіспеушілігімен түсіндіреді. Расында да, бізде жағдай соншалық ауыр ма?
― Бұл, әрине, өте өзекті сұрақ, сондықтан бұған осы шаруалармен тікелей айналысатын мамандардың жауап бергені дұрыс болар еді, Техника жетпейді деу бекер, негізінен алдымен қаржы бөлінеді, сонан соң конкурс жарияланады. Конкурс талабында осы техника мәселесі нақты көрсетілуі тиіс. Сонда конкурсқа қатысушы мекеме құжаттарында техника жетеді деп көрсетеді. Коммуналдық қызметтен қателік кетіп жатса, ол сонымен айналысатын мекемелердің, осы жұмысты бақылаушы адамдардың кемшілігі. Бұл жерде жұмысты, қаржыны дұрыс жобалап, келісім шартқа сай қызмет етсе болды.
― Ал, аудандардағы жағдай да мәз емес қой. Қыстарда сәл қар түссе, қаламен екі аралықта көлік қатынасы тоқтап, облыс әкімдігі мен төтенше жағдайлар қызметі араласуға тура келеді…
― Аудандар да сол жүйемен жұмыс істейді. Мәселен, коммуналдық қызметке 80 млн. теңге бөлінсе, санитарлық тазалық, елдімекенді жарықтандыру, көгалдандыру, көркейту, қысқа дайындық, қар тазалау деген соның ішіне кіріп кетеді. Бюджеттен қаржы бөлгенде жай бөле салмайды ғой, соңғы бес жылдың есебін қарап, түрлі жағдайларды ескереді, есептейді. Ал, сол бөлінген қаржыны дұрыс жоспарлап, басқару – басқа әңгіме. Кей жерлерде бөлінген қаржыны игеретін шаруақор адам жоқ. Біреу ерте қимылдайды, біреу кеш қимылдайды. Әрине, кеш қимылдаған адам халықты шулатып алады. Болар іс болып қойған соң қимылдаған кезде жасаған ісі көзге көрінбей қалады. Бұл тікелей аудан әкімінің осы саланы бақылайтын орынбасарының міндеті, ол жағдайдың алдын алып отыруы керек. Әйтпесе, мен бұл жерден ешқандай проблема көріп тұрғаным жоқ.

Ел басқару ісін қиындатқан сайын сыбайластық жоғарылап барады

― Сіз – кеңестік ел басқару мектебінде шыңдалған азаматсыз, яғни «ескі гвардия» өкілісіз. Ел тәуелсіздігін алғалы ел басқару реформалары бірнеше рет өзгеріске ұшырады. «Ескі гвардия» өкілінің бүгінгі ел басқару реформасына көңілі тола ма? Мемлекеттік қызмет істері туралы соңғы заңның не артықшылығы, не кемшілігі бар?
― Мен Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бері мемлекеттік қызметте үзіліссіз қызмет етіп келемін. Кейбіреулер секілді кеңестік дәуірді көксейтін жан мен емес. Сол кездің өзінде мен жеке адамның кәсіпкерлікпен айналысуын шектеуге қарсы болған адамдардың бірімін. Ал, қазір мемлекеттік қызметкерлерді «А» корпус, «Б» корпус деп бөлгенге тағы қарсымын. Менің түсінігімде мемлекеттік қызметке тұру үшін 7-8 заңды білу аз. Заң біліп, жақсы баға алғандар елдің бар проблемасын шешіп береді дегенге өз басым сенбеймін.  Әрине, бірінші кезекте оның білімді болғаны дұрыс, соған міндетті де. Өйткені, соңғы он-он бес жылда біз төменгі білім беру саясатын босатып алдық, білімсіз мамандарды көзім көріп жүр…
― Сауатсыз мамандар көбейіп кетті дейсіз ғой?..
― Әрине. Тест дегенді мамандардың білімін тексеру үшін алатын шығар, алайда, нағыз маман болып шығу үшін бұл аз, маманға алдымен шаруақорлық керек. Ол жас кезден бейнетпен келетін қасиет. Бүгінде жап-жас жігіттерді үлкен мекемелерді не ауданды басқаруға жібереді, бұл қате. Бүгінгі жастар мемлекеттік қызметке келгенде біреуге қызмет етуді емес, өз басына май жағуды ойлайды. Жастардың арасында көп жүремін, қарап отырсам олар мемлекеттік қызметтің ішінен бизнес іздейді. Ал, бұрынғы жастар – кеңестік ел басқару мектебінен өткен не соның шет жағасын  көргендер абырой-атақты істеген жұмысының қорытындысынан іздейтін. Сондықтан, меніңше, бүгінгі ел басқару реформасын әлде де өзгерту, оңайлату керек. Мұны қиындатқан сайын сыбайластық жоғарылап барады, оны мойындауымыз керек. Бір кездері тесттен өту құны 100 доллар дейтін, қазір 5000 доллар болыпты деп естідім. «А» тобына өту 20-30 мың долларға жетіпті дегенді естіп жүрміз. Бұл әңгіме текке айтылып жүрген жоқ шығар деп ойлаймын. Сондықтан мен ел басқару жүйесінің басқа жолын қарастыру керек дер едім. Меніңше, кадрлық резервті қызмет істеп жүргендерден жасақтау қажет. Қызмет істемеген, практикадан өтпеген жастардан «А», «Б» корпустарына резерв жасау  дегенге таң қаламын. Кейбір азаматтар тек жеті-сегіз заңды оқып, соны күндіз-түні жаттап немесе өзінің тамыр-танысы арқылы тесттен өткен азаматтардан резерв жасадық деп Елбасыны сендіріп жүр.
Жұмысқа келген жасты алдымен қызметтің ең төменгі сатысынан бастап барлық деңгейде сынау керек, Міне, осындай маман ғана – мемлекеттің үлкен қоры. Мәселен, қазір мал шаруашылығы мамандары сырттап қалды, одан емтихан жоқ. Агрономия, экономикадан да емтихан жоқ. Ел басқаруда ең қажеттісі осылар емес пе?!
― Өзіңіз айтпақшы, бүгінгі жастар мемлекеттік қызметке бастық болу үшін барады. Өйткені, олар бастық болса бай болатынын біледі. Сіз еңбек жолын қандай қызметтен бастап едіңіз?
― Мен алғаш жұмысқа дипломым бола тұра десятник болып қабылдандым. Ол құрылыстағы шеберден төмендеу жұмыс, содан кейін шебер, құрылыс прорабы, партия комитетінің хатшысы, совхоз директоры болдым. Құрылыс прорабы болып 12 жыл жұмыс істеппін. Айтпағым, диплом алған соң өзім туып-өскен ауылға барып еңбек еттім де, тинақтайымнан елдің көз алдында өсіп отырдым. Мені жұмыс істей алмайды деп ел айтқан жоқ. Бәлкім менде білім жағынан кемшілік болған шығар, орыс тіліне сәл шорқақтау болған шығармын, бірақ, іскерлігімді, шаруақорлығымды елге дәлелдедім, мойындаттым. Ол кезде сыбайластық, тамыр-таныс жағалау деген жоқ еді. Кадрлардың 70-80 пайызы елдің көз алдында өсіп отырды. Егер жас маманның қызметіне ел риза болса, партия соны ескеріп, қызметін өсіріп отыратын.  Қазір қолындағы дипломы сәйкес келе ме, жоқ па – шаруасы жоқ, тесттен өтеді де, бос тұрған кез келген қызметке келе салады, сөйтіп бәрін нөлден бастап жылап жүреді. Сөйтіп жүріп те қызметте көтеріле береді, бірақ сол күйі шаруаны білмей жүре береді. Мәселен, сол азаматтар мақта егілсін, көкөніс егілсін немесе мал өсіру керек деп ұрандатуы мүмкін. Алайда, өзі соның қандай бейнетпен өсетінін, мал бағудың азабын мүлде білмейді. Диқанға су жете ме, тұқымды қайдан алу керек дейтін нәрселерден ол мүлде бейхабар, өйткені ол мұндай «спектакльді» көрген жоқ.
Мәселен, ауыл әкімі жоғарыға ауыл шаруашылығы жөнінен есеп беруі керек болды делік. Солардың қайсысы шаруа қожалықтарын аралап, солардан құжат жинап, есеп жүргізді дейсіз?! Шаруа қожалықтарының жер көлемін біледі, не егетінін жобалап біледі де, сырттай ақпар бере салады. Осындай жалған ақпар ауданға, әрі қарай облыс, республикаға жетеді.
Кезінде мен ауыл шаруашылығын басқарудың механизмін ұсынғанмын. Менің ұсынысым бойынша, ол шаруаларға қызмет көрсету орталығы болуы керек. Ол компьютерлендірілуі керек, орталық база болуы керек. Бұл орталық ауылдағы шаруа қожалықтарына тұқым жеткізу, несие әперу, жанар-жағар май, тыңайтқыш тауып беру, ең соңы өнімді өткізіп, қаржы түсіріп беруге дейін айналысуы керек. Оның бастығын шаруалардың өзі сайлауы керек, оны аудандағы ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы бекітеді және екі жылға тағайындайды. Егер ол адамның жұмысына шаруалардың көңілі толмаса, өздері ауыстырып отырады. Ал, осы екі жылда адалдығын, шаруақорлығын дәлелдесе, ол адамды шаруалардың өзі де сақтап қалуға тырысады. Әйтпесе, қазір халыққа кімнің жаны ашып жатыр дейсіз?! Жанар-жағар майды біреу таратады, алғаны алды, алмағанын басқа біреуге сатып, үстінен ақша жонады. Тұқым, тыңайтқыш жеткізуде де сол мәселе. Ағын суды алуда бір каналдың бойында су тарататын пәленбай мекеме ашылған, шаруа солардан суды сатып алады. Каналдың аяқ жағындағылар өздеріне судың қашан тиетінін де білмейді, су берудің кестесін жасаған, оны бақылап жатқан ешкім жоқ. Ауылда мұны кім ұйымдастырады? Міне, менің әрбір ауылдық округ әкімдігі жанынан шаруаларға қызмет көрсететін орталық ашу керек дейтінім содан. Бізде осы кезге дейін ауылды қалай басқару керек дейтін мәселе басы ашық күйінде тұр. Ел сеніп сайлаған депутаттар тек бейнекамера алдында айқай шығарып, өзін көрсеткенге мәз. Оның қолында құжат тұр, жұмысты соған сәйкестендірсе болмай ма? «Мына қағаз бойынша мына үй су ала ма?», «мына құжат бойынша мына шаруаның жанар май не тыңайтқыш алуға мүмкіндігі бар ма?», «оны кім жеткізіп береді, сол адамның түрін көрейінші, мұның арасында ұрлық жоқ па?» дегенді олар неге айтпайды деп таң қаламын. Жасыратыны жоқ, бүгінде осы жүйенің бәрі – ұрлық. Судың үсті – ұрлық, жанар майдың үсті – ұрлық, тыңайтқышы тағы – ұрлық! Ауыл шаруашылығының жылдан жылға құлдырап бара жатқаны сондықтан. Кішкентай ғана жері бар бір кетпеншінің үстінен пәлен адамның күн көргісі келеді. Біреуі жерін тексеріп келеді, екіншісі тұқымын, үшіншісі бюджеттен алған субсидиясын, төртіншісі тағы бірдеңесін тексеріп, шаруаның ығырын шығарады. Диқан сорлыға күн жоқ. Сол үшін диқанның алаңсыз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, керек-жарағымен қамтамасыз етіп отыратын орталық керек дегенім осы еді.
Мәселен, облыстағы ауыл шаруашылығы басқармасының ауылдағы кетпеншіге еш қатысы жоқ, ол кетпенін шауып, өз күнін өзі көріп жатыр. Алайда, басқарма сырттай ауыл әкімдері арқылы мәлімет жинап, жоғарыға ақпар жібереді. Олардың есебін тыңдап отырып, өндірілген өнім көлеміне таң қаламыз. Ендеше, сол өнімдер қайда сатылып жатыр? Бұл қайдан шыққан мәлімет деп сұрайтын адам жоқ бізде.
― Жалған ақпар дегенде Дулат Исабековтің «Ескерткіш» деген әңгімесі еске түседі, оны «Шаншар» әзіл-оспақ театры  өздеріне ыңғайластырып сахналап жүр. Совхоз директоры жоғарыға тұңғыш тері илеушіге арналған ескерткіш дайын деп жалған ақпар беріп жібереді, жоғары жақ соны көруге қонақтарды жібергенде, совхоз директоры не істерін білмей, ескерткіштің орнына тірі адамды тұрғызып қоятыны бар. Сіз өмір бойы мемлекеттік қызметте келе жатқан адамсыз, Сіз де аудан әкімі болдыңыз, ендеше жалған ақпарды өзіңіз де жіберген шығарсыз? Мұны мойындайсыз ғой…
― Мен мынаны мойындаймын: аудан әкімі болып отырғанда ауыл әкімдерінен ақпар жинадым, ал, олар мәліметті қалай жинады, кімнен сұрады – мәселе сонда. Ауыл әкімі қай шаруадан не еккенін, қанша өнім алғанын сұраса сұрады, сұрамаса сырттай жазып бере салады. Әйтпесе, қай шаруа соларға жазбаша есеп беріп  жатыр дейсіз?! Мәлімет жинаудың ең оңай жолы – ауыл әкімдері аудандағы  салық комитетінен өз округінде қанша шаруа қожалық тіркелгенін анықтап, сол жерге өткізген есебін ала салады. Мәселен, мақта егудің бейнеті  ауыр, соның өзінен шаруаның үстінен оңай табыс тауып жүрген пысықтар көп. Сондықтан да диқаншылықпен күн көру бүгінде тым қиындап кетті.

Бәйменовтің бағасын алса болды ма?

― Жуырда Елбасы «А» корпусының өкілдерімен кездесті, ел ішінде олар туралы биліктің элиталық корпусы» деген сөз пайда болып еді, Елбасы оларды «халықтың қызметшісі» деп атады. Сіз де бір жылдары Шардара ауданында әкім болдыңыз, сіздіңше, әкім деген кім?
― Аты айтып тұрғандай, мемлекеттік қызметші елге қызмет етуі керек. Әкімнің қолында билік бар, бірақ, ол қарапайым халыққа, кәсіпкерге пана болуы тиіс, жұмыс істеймін деген адамға жәрдем беруі керек. Бізде, өкінішке қарай бәрі басқаша. Жұмыс істейтін адамға кедергі көп, тексеру көп. Бүгінгі ел басқару жүйесі бойынша Бәйменовтің немесе тест орталығының бағасын алса болды сияқты, бұл дұрыс емес. Мәселен, біз мектепті он шақты бала жақсы бітірдік. Соның екі-үшеуі ғана іскер, шаруақор болып шықты, тағы екі-үшеуі ғылымға кетті және олар дұрыс жасады. Қалғандары жақсы оқығанмен, өмірге икемсіз болып шықты. Сол сияқты тестен жақсы баға алыпты деп Мақтаарал сияқты үлкен ауданды басқарту масқара ғой. Ол адам мақта егудің машақатын біле ме, ол қашан егілуі керек, қашан піседі, оны қашан жинап алу керек дегенді білмесе не болады?
― Өмірбаяныңызға қарасақ, Сіз Түркістанда бірнеше рет не әкімнің орынбасары, не ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы болып қана қызмет етіпсіз. Қызметіңіз бірде жоғарылап, бірде төмендеп отырған. Мұның сыры неде?
― 1988 жылы Түркістанға қала әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалдым. Сол кезде облыста мен туралы ауыл шаруашылығын, банкроттық механизмін білетін маман деген пікір туған болса керек. Соған дейін мен Отырар ауданындағы «әл-Фараби» қауымдастығында жұмыс істеген кезімде халықты шулатпай, ың-шыңсыз банкроттыққа жіберіп, тәжірибе жинақтап қалған едім. Сол кезде Түркістан жақта колхоз-совхоздар  тарай алмай, ел қатты шулап жатқан. Ауыл шаруашылығының тетігін білетін маман ретінде таңдау маған түссе керек, Түркістанға әкімнің орынбасары етіп жіберді. Бірер жылдан соң ол жаққа Өмірзақ Әмет әкім болып келді. Әкім өз командасымен келген екен, мені ауыл шаруашылық бөліміне жіберді. Алайда, командасындағы жігіттердің жұмысына көңілі толмаған болса керек, мені қайта орынбасар етіп тағайындады. Сөйтіп жүргенде жоғары жақтағылардан ұлттық саясатты сақтау керек деген әңгіме жетіп, тағы да мен «құрбандыққа» шалындым. Ол да көп тұрақтаған жоқ, жеті-сегіз айдан  соң бұрынғы қызметке қайта тағайындалдым. Ол кісі қызметтен кеткен кезде мен тағы да бөлім бастығы болып жүргем, Мұхит Әлиев әкім болып келген кезде өзіне мені орынбасар етіп алды. Түркістанда сегіз жылдай жұмыс істесем, соның бір жарым жылдан аса уақытында бөлім басқарыппын, қалған кезде орынбасар болдым. Екі қызметті кезек-кезек ауыстырып отыруымның сыры осында.
― Сіз жаңа «әл-Фараби» қауымдастығын басқардым дедіңіз, онда не шаруамен айналыстыңыздар?
― Отырар ауданында Овцевод деген қаракөл қой шаруашылығымен айналысқан совхоз болған, осы қаракөл шаруашылығын сақтап қалу үшін қауымдастық жасаған екен. Мені соған төраға етіп жіберген, барсам жұрт пәлен айдан бері жалақы алмаған, қойдан түк қалмаған, ешқандай табыс жоқ. Содан бір күнде 70-80 адамды бір күнде жұмыстан босаттым. Өйтпесем болмайтын еді. Олар есепте тұра берсе салық жүріп жатыр, салық төлесек, ол балалардың жәрдемақысы болып қайта оралуы керек. Бізде оған мүмкіндік жоқ еді. Елдің алашағы көбейіп кеткен, содан қауымдастыққа қарасты техникаларды, жерді шаруаларға бөліп бердік те, банкроттық жарияладық. Үлкен совхоз осылай тараған.
― Сіз – көкпар жанашырысыз. Қайбір жылдары Сіз көкпардың маңайында сыбайластық  белең алып тұрғанын айтып, мафиялық әрекет бар деп айыптадыңыз. Бұл аса ауыр айып емес пе?
― Оны мен текке айтқан жоқпын, көзбен көріп, бірдеме білген соң айттым. Менің атам да, әкем де көкпаршы болған. Мен де ат шаптырып, үш рет көкпар берген адаммын. Көкпарды басқару механизмі де ел басқару механизмі сияқты. Көкпардың қызықты өтуі  тойбасшыға байланысты. Мәселен, қазір көкпарға 500 ат келсе, соның ішінде он шақты адамның аты ғана топтасып шығып,  басқаларды ысырып тастайды. Тігілген көлік не қомақты дүниені солар алады, ал жалғыз ат бағып жүрген қазаққа көкпардың пұшпағы да бұйырмайды. Бір байбатша төрт-бес ат ұстаса, өзі секілді тағы бір байбатшамен бірігіп, топ құрып, көкпарды өзгелерге бермеудің амалын жасайды. Сол адамдардың көкпарға қарап қалған күні жоқ. Тойбасшының тілін тауып, жеңіске жетуді ғана мақсат тұтады. Тамыр-таныстықты көкпарға тықпаламаса қайтеді?! Біздің аталарымыз көкпарда күш сынасып, өнер жарыстырған. Ер азаматтың күшін, айласын осы ойын арқылы бағалаған, жастар осы ойын арқылы шыңдаған. Міне, қазақтың жері осындай шыңдалған азаматтардың арқасында аман қалған.
Соңғы он жылда өзім де екі рет көкпар басқардым, ел әділ өтті деп бағалады. Елге озбырлық керек емес, таза өнер керек.
― Сыбайластықтың кірмеген жері жоқ дейсіз ғой…
― Иә… Мемлекеттік қызметте де біреу бастық болып таққа отырса, маңайына қырық кісі ағайыны не дос-жараны атқа отырады.

Биліктегілер аспанда қалқып жүр

― Шардара – жері күріш егуге қолайлы аудан, Сіз сол жақта әкім болып жүргенде осы шаруаны неге қолға алмадыңыз?
― Егер сұраныс болса, егілер ме еді?! Олай болмаған соң жұрт жаппай мақта егуге көшті. Жалпы, ауыл шаруашылығында сатып алушы болса, қай өнімді де егуге болады. Шардарада қызметте жүргенде Өскемен жақтан қауын-қарбызға тапсырыс түсті. Елді жинап сөйлесіп еді, бәрі келісті. Олар менен тек ағын су мәселесін реттеп беруді өтінді. Алайда, картамызды жасап біте бергенде Шығыс жақта билік ауысты да, бұл іс басталмай жатып аяқсыз қалды. Біз қайтадан өз шаруамызға алданып, жайымызға кете бардық. Бір күндері Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациядан  (СПК) қарбызға тапсырыс түсті, шаруалар егіп, өнім піскен кезде олар алмай кетті. Халық отырып қалды.
Қазір де диқаншылықпен айналысып,  аузынан майы ағып отырған адамды көрмедім. Шаруа осындай шарасыз халге түсті ме, оған ауыл әкімінің де, аудан әкімінің де басы ауруы керек.  Тығырықтан шығарар жол қарастыруы қажет.
― Соңғы жылдары ауылдардан мал сою бекеттерін ашу сәнге айналып кеткендей. Исі мұсылман ауыл қазағы малды өз ауласында құрбандыққа шалып, қан шығарғанды қалайды. Ауыл шаруашылығының майын ішіп, жілігін шаққан азаматсыз, қала берді малды ауылдың баласысыз. Ендеше, айтыңызшы, ауылдарға мұндай бекеттер қаншалықты қажет?
― Әрбір ауылға, көшеге мал сою бекеттері қажет емес дей алмаймын, қажет. Ол саясатқа жету үшін бізге әлі жиырма жылдай керек. Бүгінде мұндай бекеттер ветеринарға мөр бастыратын орын ғана болып тұр. Мал сойып сататындар мен тері жинайтындарға бұл аса қажет. Әрине, ветеринар мөрді тегін баспайды, ақшасын алады. Расы керек, мұны да төмендегілер емес, жоғарыдағылар ойлап тапты. Қазір қайда барсаң да қағаз сұрайтын заман, бәріміз қағазбасты болып кеттік. Бір сөзбен айтқанда, шаруа өз күнін өзі көріп жатыр, ал, биліктегілер жалған ақпарға қарық болып, аспанда қалқып жүр.
Сөзден сөз шығады деген, есіме түскен кезде бір жайды айта кетейін. Мәселен, мені мынадай жағдай толғандырады: ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне жүгінсек, соңғы бірнеше жылда облыста қаншама гектарға алма, жүзім көшеттері отырғызылды. Олар әлдеқашан өнім беруі тиіс еді, ендеше бұл күнде базарларда жергілікті алма толып тұруы тиіс еді. Жоқ, олай емес, біз әлі қытай не қырғыз, немесе иран алмаларын жеп жүрміз. Көшеттер егіліпті, субсидия беріліпті, енді солардан сұрау болуы керек қой. Кім қанша көшет екті, қанша өнім алды дегенді есептеп жатқан біреу бар ма? Көшет қурап кетті деп, субсидиясын алып болған соң  бақша орнына басқа өнім егіп жүргендерді де көріп жүрміз.
― Осыдан тағы бір мәселе келіп туындайды. Қайбір жылдары қорадағы бүкіл малға паспорт жасаттық. Бізде, Оңтүстікте, бастаған шаруаның аяқсыз, науқан күйінде қала беретіні несі?!
― Егер шаруаны аяғына дейін жеткізсек, ол дұрыс, сәтті бағдарлама болып қалар ма еді, кім білсін. Қазір мал санын сырғалау арқылы анықтайтындар бар. Мен де ауылда мал ұстаймын, байқағаным, мал сойсам не сатсам, оның есебін алып жатқан пенде жоқ. Ал, сатып әкелсем дереу сырғалап, ақшамды қағып алады. Кірісті есептейді, шығысты есептемейді. Сол сырғаны кім жасатып жатыр, оған қаржыны орталықтан кім беріп жатыр,халықтан алған ақша кімнің қалтасына түсіп жатыр – мұның бәрі үлкен зерттеуді қажет ететін сияқты.
― Қарап отырсақ, бүгінгі қоғамда бәрінен де қазақтың жағдайы ауыр: арба сүйреп жүрген де – қазақ,  үйсіз-күйсіз жүрген де – қазақ, әйтеуір өз жерінде өгейдің күйін кешіп жүргендей. Қазақтың жайы Сізді қаншалықты алаңдатады?
― Мұндай саяси мәнді сұраққа жауап беру қиын. Мен бұл тұрғыда басқаша пікірдемін. Адамдарды өзім үшке бөліп қарастырамын: біріншісі – қабілетті, алғыр адамдар. Олар мейлі билікте жүрсін, мейлі түрмеде жатсын әйтеуір алғыр, пысық болады. Екіншісі – орындаушылар. Олар берілген тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындайды, еңбекқор, . Мәселен, сіз оған бір гектар жердің арам шөбін тазалап қой десеңіз, ол соны мүлтіксіз орындайды, оның жанында он соттық жер қалып қойса да ол дүние өртеніп кетсе де соны шөптен тазартпайды. Үшіншісі – жалқаулар, соның ішінде біреудің есебінен оңай олжаға кенелгісі келетін ұры-қарылар бар. Сондықтан арба сүйреген адам соған лайық туылған шығар деп ойлаймын. Егер оның кеудесінде жаны болса, басқа дұрыстау жұмыс табар еді. Қазір істеймін деген адамға жұмыс көп, кәсіп көп. Бізде әлде де халықта «өкімет өлтірмейді» дегенге сенетін адамдар көп, алайда, сыбайластық, таныс жағалау осылай жалғаса берсе, сол халықтың сеніміне селкеу түсіріп аларымыз анық.
― Сізді «ескі гвардия өкілі» деп отырмыз, Сіз де әне-міне дегенше зейнетке шыққалы тұрсыз. Биыл зейнетақымен қамсыздандыру туралы заң үлкен даумен қабылданды, алайда елдің бұған көңілі толмады. Ел азаматы ретінде әйелдердің зейнет жасын көтеру жайын қалай қабылдадыңыз?
― Әрине, әйелдердің зейнет жасын көтеру дұрыс емес. Меніңше, өмірге перзент әкелмеген әйелдерді 63-те шығарса ешкім өкпелемейді. Бес бала туған ананы 63-те зейнетке шығару барып тұрған қиянат. Осынша баланы асырап, бағып күту, қатарға қосу бір басқа, оларға рухани тәрбие беру бәрінен ауыр. Сондықтан бес балалы ананы 50 жаста зейнетке шығару артықтық етпейді. Осы арқылы біз демографиялық саясатты да реттеп алар едік. Ананың бала тәрбиесімен айналысуы өзі үшін де, қоғам үшін де аса пайдалы болар еді.
― Серікбай Ибадуллаұлы, «Уақыт» газеті үшін уақыт тауып, сұхбат бергеніңіз үшін Сізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан
Гүлжамал МҰСАЕВА