Қазаққа қарсы заң жобасын ұсынғаны үшін ЕРБОЛАТ ДОСАЕВ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТСІН!

282
1

a02a«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына ұсынылып, ешбір талас-тартыс, дау-дамайсыз-ақ  Сенатқа жол тартқаны ел-жұрттың ерекше таңданысын, ашу-ызасы мен наразылығын тудырғандығы шындық. Егер аталған заң жобасы қабылданар болса, ең алдымен Елбасымыздың 22 жыл бойы табанды жүргізіп келген көші- қон саясатын түбірімен теріске шығаратын және қазақ көшін бір жолата құрдымға кетіретін болады.

Сол себепті де мұндай қадамға ешқашан жол беруге болмайды. Өзгертуге ұсынылып отырған заңнамалық актілердің ішінде «ҚР Азаматтық туралы» заңының 16-бабына мынадай редакция жасау ұсынылыпты: «ҚР аумағында заңды түрде кемінде 5 жыл тұрақты тұрған немесе ҚР азамттарымен кемінде 3 жыл некеде тұрған оралмандар». Егер аталған өзгертулер шынымен қолданысқа енетін болса, елге оралған қандастарымыз табаны күректей бес жыл бойына өз отанында екінші сортты адамның күйін кешіп,  рухани және экономикалык шектеулерге ұшырайтын болады. Атап айтқанда олардың меншігінде егістік жер, өріс-қоныс және бау-бақшалы тұрар жай болмайды. Мемлекеттік қызметтің есігі жабық,  шетел төлқұжатымен жүргендерді еңбек ұжымдары да тұрақты жұмысқа алуға құлықты болмайды. Тіпті олардың кінәсіз бүлдіршіндері де ата жұртында өздерін жатжұрттық келімсектей сезінеді. Ал «ҚР Халықтың көші-қоны туралы» заңының 23-бабындағы редакцияға сәйкес:  «ҚР Үкіметі оралмандарға қолайлы деп белгілеп берген аймақтарға қоныстанған этникалық қазақтар ҚР-да тұрақты тұруға рұқсат аларда төлем қабілетін растаудан босатылады» делінген. Мұндай өзгертуден шығатын қорытынды – бұдан былай елге оралған қандастарымыз ҚР Үкіметі оралмандарға қолайлы деп белгілеп берген аймақтарға қоныстанбаған жағдайда, олар төлем қабілетін растаудан босатылмайды. Мысалы, елімізге өте қажетті, шетелдерде жүріп-ақ ерекше танымал болған бір ғалым немесе өнер, әдебиет, спорт майталманы көшіп келді делік, заң бойынша олар да Астана немесе Алматыға қоныстана алмайды. Себебі, заң алдында барлық адам бірдей. Бұдан мемлекетіміздің ұтары қайсы?! Және бұл адам құқықтарының халықаралық фактілеріне де қайшы келетіні  өз алдына бөлек әңгіме. Бұдан тыс аталған заңның 49-бабындағы өзгерістерге сәйкес, тұрақты тұруға рұқсат алғаннан кейін ҚР аумағында 1 жыл ішінде 6 айдан кем тұрса, көшіп келушілерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты беруден бас тартуға не оның күшін жою үшін негiз болады екен. Бұл жерде мынадай бір сұрақ туындайды. Түгел отбасы емес, оның жекелеген мүшесі белгілі себептерден ҚР аумағында 1 жыл ішінде 6 айдан кем тұрды делік. Сонда әлгі отбасы мүшесін заңдағы аталған өзгеріске сәйкес Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты беруден бас тартсақ, не оның күшін жойсақ, халықаралық адам құқықтарына байланысты фактілердің Вена, Хельсинки және Женева декларацияларында көрсетiлген тағдыр тәлкегiмен бөлiнiп кеткен отбасылардың тағдырын шешу емес, мұндай трагедияларды өз қолымызбен жасаған болмаймыз ба?!
Осындай кесірлі заң жобасының авторы кім дейсіздер ғой? ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев. Бұл жігіттің осыдан біраз жыл бұрынғы дәл осындай салғырттығы мен біліксіздігінің салдарынан ВИЧ індетін жұқтырған 220 баланың 11-і көз жұмып, бүкіл елді шулатқан болатын.  Естеріңізде болса, сол кезде Елбасы Н.Назарбаев «Масқара қылдың ғой!» деп қызметінен де алған. Араға біраз жыл салып,  ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрі болып қайта тағайындалған сол Ерболат Досаев шетелден көшіп келетін қандастарымыздың Қазақстан Республикасының азаматтығын алуын бес жылға кешіктірмек болып жанын салды. Сондағы уәжі – «Келуге мүмкіндікті қалдырып отырмыз. Келетін ағайын-туыс келе береді. Оралман ағайынмен проблемалар жетіп жатыр. Жұмыспен қамту, балаларын оқыту ауыр. 4 жылда көреміз олардың проблемаларын қалай шешкенін» дейді.
Өтірік пен өсекті жүндей сабаған мұндай министрсымақтан не үміт, не қайыр?! Сонда Ерболат Досаев қанша оралман ағайынның жұмыссыздар қатарында тіркеуде тұрғанын, олардың балаларының оқу қаражаты үшін қанша қаражат жұмсалып жатқанын өзі біле ме екен?
Атышулы заң жобасына байланысты өткен Сенаттың екінші оқылымында Нұрлан Оразалин, Қуаныш Айтаханов, Светлана Жалмағамбетова бастаған депутаттар бетін қайтармағанда Ерболат Досаев Президент Нұрсұлтан Әбішұлын бүкіл әлем алдында екінші мәрте жерге қарататын еді.
Жаһандану заманында жат жұртта жұтылып кетудің аз-ақ алдында тұрған 5 милионнан астам қандасымызды елге  оралтпаудың   қамын жасап, ұлтка қарсы заң-жобасын ұсынып отырған  Досаев мырзаның қазақ елінде билік тізгінін ұстауға қандай моральдық қақысы бар?!
Шатаспаңыз, Досаев мырза! Елге оралған милионнан асатын қандасымызды сен асырап отырған жоқсың, Елге оралған ағайын жұмыссыз емес, қайта біраз халықты жұмыспен қамтып  отыр.
Сондықтан біз қоғамдық ұйымдар Ерболат Досаевтың ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрі  қызметінен өз еркімен кетуін қатаң талап етеміз!

Рахым Айып, ҚР «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің  атқарушы директоры;
Ибраһим Қошқари, ҚР  «Қазақтану» этнографиялық қоғамдық қорының директоры;
Қайрат Байтолла, ҚР «Отандас-ел» қоғамдық бірлестігінің Бас хатшысы;
Мұхтархан Абаған, ҚР «Кенесарыхан» қоғамдық қорының төрағасы;
Жамали Дихан, ҚР «Қаражорға» ұлттық өнерді қолдау қорының директоры;
Мақсұтхан Дәлей, ҚР Алматы облысы Қарасай ауданы «Баркөл бау-бақша» серіктестігі тұтыну кооперативінің төрағасы;
Талапбек Тынысбек, ҚР «Жезбұйда» жастар қоғамдық бірлестігінің  төрағасы;
Бауыржан Шаһарбек, ҚР «Ұлт бірлігі» қоғамдық қорының төрағасы