Алашта өткен ұлы өмiр

212
0

СуретЖылдың қай мезгiлi де өзiнше қызық, өзiнше қымбат. Кешегi келген жақсы жаз жарқырап өте шықты да, көк айдынында ақжiбек мизамы ұшып, қиқулап тырналар қайтқан тағы бiр жайлы күз келдi. Бұл қазақтың ұлы даласы мен асқар тауларына сәйкес дархан дарын, арылмас арманы мен алыс сапар жол кешкен ұлы ағамыз Мұхтар Әуезовтiң ортамызға тағы бiр оралар шағы. Ұрпақтарға ұлағат, аманат қалған мәңгiлiк мұрасымен тағы бiр кездесiп, кеңесер кез. Ол күндерден Әуезовтiң әйгiлi “Оңтүстiк сапарынан” берi елу төрт жылға аяқ басты. Одан бергi ұланғайыр өмiрде ол туралы көп айтылды, көп жазылды. Әйтсе де қилы замандар ағысында бiр-бiрiне кереғар екi дүние өткелiн кешiп өткенде қияметтiң көпiрiн қия баспаған ғажайып өмiрдiң ашылмаған беттерi, шешiлмеген жұмбағы таусылар ма?!

1960 жылдың 26 мамыры Шымкентте үлкен думанды күн едi. Қарсаңда Америка сапарынан оралған Әуезов Шымкентке келiптi. Облыс партия активiнiң үлкен жиналысында сөз сөйлейдi екен. Хрущев сапарының артынша мұхиттың арғы жағындағы ұлы елдi көзiмен көрген ғұлама Кремль төрiндегi айдарынан жел ескен саясаткер, партия көсемiнен алабөтен ел-жұртына не айтар екен?..
Активке шақырылған иiн тiрескен ығай мен сығай жайсаңдар қазақ арасынан шыққан, кейiнше Мәскеуде Орталық Комитетте шыңдаудан өтiп, қазақ арасына қайта оралған, өзi қуақы, қазақы мақалдатып бұлбұлша сайрайтын сужорға шешен обком хатшысы В.И.Макаровты талай тыңдап, құлақтары сарсылған жұрттың бұл жолғы көкейiнде жалғыз Әуезов едi. Көрсек, сәлемдессек, тыңдасақ дейдi.
Бiрақ облыстық драма театры ғимаратының кең залына сiресе жайғасқандар президиум үстелiнiң басынан, мықтылар қатарынан өздерi сырттай пайғамбардай сыйлайтын Әуезовтi көре алмады. Ол залға қарама-қарсы қасқайған марқасқалар iшiнде емес, төменде, зал iшiнде, екiншi қатардың оң жақтағы ең шеткi орында елеусiз, қалың көк дәптерiнiң ақ парақтарын әлсiн-әлi қайырып тастап, қаламын бiрде оң /қазақша/, бiрде солға қарай /арабша/ жорғалатып, өз iсiне берiлiп отырған-ды.
Жиын басталып, қызу сөздер сөйленiп, еттi, сүттi, мақтаны көп бергендер есiмi мадақталып, өкпек жел ескен далада “Отан үшiн” күнге пiскен еңбеккерлердi хан көтерiсiп жатты. Солардың бiрi емес, бiрегейi, осы жиынға арнайы шақырылғандар iшiнде анау бiр қияндағы “Желтиместiң” шөлейт адырларында сегiз жүз iрi қойдың әрқайсысын орта есебi 94 килодан салмақ тартқызып, ақ майға бөктiрiп “рекорд” жасап, етке берген аудандас жерлесiмiз, өзi өз болып, көптiң алдына шығып көрмеген, сөзге жоқ, iстiң адамы момын шаруагер Маманов Керiмбек қария едi. Осы еңбегi Мәскеуге хабарланып, Хрущевтен құттықтау телеграмма алған Керекең қалай еленбесiн.
Мiне, сол Керекеңе сөз кезегi тиiп қалсын. Өмiрiнде мұндайды көрмеген көкемiз биiк мiнберге шығарын шығып алғасын, залға қарап аңтарылып бiршама тұрды. “Iһа” деп жөткiрiндi. Ақ қырау жапқан басындағы қара барқыт тақиясын бiр маңдайына жылжытып, бiр желкесiне ысырды. “Иә, жолдастар! – деп езу тартты. – Бiз былтыр жұмысты қатты қылғанбыз. Сөйтiп, биыл да қатты қылып жатырмыз” деп бар сөзiн тәмамдады. Сырттағы елге бiр сөзiн де шығын қылмай, қырық жыл қой баққан адамның мына соншалықты ықшам әрi мазмұнды баяндамасына риза болған зал iшi қалың күлкiге көмiле дүрiлдете қол соқты.
Сол сәтте желке жағымнан бiреу түрткiледi.
– Әу, бұл жиынға келдi деген Әуезовiмiз қайда?
– Әне, анау төменде, зал iшiнде екiншi қатарда, шетте отыр, — дедiм. Солай деп мен өз кезегiмде өзiммен иықтас қатарда отырған сыйлас дос, обкомның насихат бөлiмiнiң бастығы Павел Ефимович Мостовойды сөзге тарттым.
– Слушай, Паке /Павел Ефимовичтi солай атаушы едiк/, почему его не пригласили в президиум?
– Да, Ир-еке, оказывается он, наш Ауезов “Алаш-ардинец” – дедi тыжырынып.
“Ойпырым-ай” деп суылдады жүрегiм. Оның жуадай жиырма жасында Алаш партиясында болғаны бұларға да жетiп қалған екен-ау!
Керекеңнен соң да “жасампаз” әулеттердiң пысықтары тақ-тақ құстай тақылдап, момындары мұрыны астынан мiңгiрлеп, тыңдаушысы мезi болып, жиынның ресми жағы сарқылған бiр шақта, обкомның хатшысы бiр сәт бөгелiп, залға күлiмсiрей көз жiберiп тұрды да:
– А, теперь, товарищи, разрешите пригласить на трибуну нашего дорогого гостья, уважаемого всеми нами…
Хатшы сөзiнiң соңын күтпеген зал толы жұрт дүрiлдете қол соғып, орындарынан тұрды. Олар бұл сәтте шалқақ кең кеудесiн биiк ұстап, жарқыраған ай маңдайлы палуан басын ишаратпен сәл ғана иiп, жұртқа бұрыла iзет көрсетiп, мiнберге өрлеп бара жатқан кескiн-келбетi ел-жұртқа оқулықтар мен сан алуан басылымдардан етене таныс ұлы ағаны көрдi. Одан көз жазбай, оның әр қимыл, әр сөзiн жүрегiне жаттап алғысы келгендей сiлтiдей тұнып қалысты.
Алысқа тартар арғымақтың екпiн алар алдындағы салғырт аяқ тастасындай сәл мүдiре түсiп жайқоңыр басталған сөз бiрте-бiрте ағыны терең дариядай кең арнасына түскесiн ағылсын келiп. “Америка қандай ел, бiз оның несiн үйренiп, несiнен жиренемiз?”
Мәселе осылай қойылғанда оған бiр сөзбен бағасын берiп, жауабын айту ұшқарылық болар едi. Қайсыбiр орасан ауқымды оқиғаларға санқилы әлеуметтiк көзқарас, ой-пiкiр болатыны шындық. Осының ғылым, бiлiм, әдебиет мәселелерi жағынан көп зер салған бiздiң делегация Америка халқының, әсiресе зиялы интеллигенция жағының бiздiң кеңестiк елiмiзге шын тiлеулес, өзара достық қатынасқа барынша ынталы екенiне көз жеткiздiк. Ал саясат – ол өз алдына мәнi-жөнi бөлек әңгiме. Ол жайында бiзде Хрущевтан асып кiм батылдық, ерлiк танытар едi. Империализмнiң қайнаған ортасында, барша ғаламның көз алдында биiк мiнберден “Капитализмнiң күнi бiткен. Келешек жеңiс социализмдiкi” деп анығын айтқанын дүние жүзi есiттi. “О, пәлi, ерлiк деп осыны айта болады” деп, бiр толқын сөз түйдегiн тастағанда, әдетте жайма шуақты сөз ағымында ерек, көтерiңкi “О, пәлiлiң” астарында ащы мысқылдың жатқанын iштей ұнатқан көптiң езуiне ерiксiз күлкi оралып, мұның соңы күлкi аралас дүрiлдете қол соғуға ұласқан едi.
Әуелi жоба-жоспары Алматыда жасалып, бiр түндiк жолаушы жолынан кейiн Шымкенттен басталатын Мұхаңның “Оңтүстiк сапарлары” былтырғы елу тоғызыншы жылдың сары күзiндегi сияқты терiскейге Қаратау арқылы кең өлкенi аралауға ұласып кетпек екен.
Жиыннан кейiн обкомдағы кездесу-кеңесудiң iзiнше бәз-баяғы қасынан қалдырмайтын жолсерiгi Әдiлбай аға Омаров /”Оңтүстiктiң” редакторы/ пен обкомның секретары Жарқынбеков Қаржаубектi iлестiрiп бiздiң Шаян жағына аттанды. “Мұхаң келе жатыр”, “Әуезов осы жақта жүр” дейтiн ескен желмен елге тарап жатқан сөз, оны көруге, бiр тiлдесiп қалуға деген құштарлық қайран ағаны халқына Жаратқан иенiң берген жалғыз сыйы екенiн бейнелеп тұрар едi.
Сол сапарында Шаянда бiр күн аялдап, аудандағы жас өркеннiң оқу-бiлiмi, өнерлi жастар iсiмен кең танысып, ендi шаруагер ауылдарға шығатын кезде өзi кешегi облыстағы үлкен жиында көрiп, екi ауыз сөзбен тыңдаушы жұртты қарық қып мiнберден түсiп кеткен Керiмбек шопанды далада, табиғат ортасында көрмек болыпты. Ұлы жазушы солай тiлек етсе, сөз бар ма, райком секретары Ысмайылов Нұртаза күналды телефон тұтқасын көтерiп, “Шалдардың” директоры Әскер Качиевке, ол өз кезегiнде бас зоотехник Құлжабек Жөлекеевке жедел тапсырма бередi. Айтылған сөз: “Керекең әзiр отырсын. Мұхаң бара жатыр…”.
Екi күннiң бiрiнде табалдырықты тоздырып, жаннан бұрын мал амандығын сұрайтын көп мамандардың көкесi соңында шаңын шұбатып Желтиместегi қыстауға келсе, кеше ғана облыстағы үлкен жиында сөз сөйлеп қайтқан, қағаз жүзiнде болса да Хрущевпен тiлдескен бүкiл елдiң бетке ұстаған әйгiлi шопаны жер қайыстырған қалың отарлы қойы құлқайырлы адырда жусап, өзi баяғы қоржын тамның алдындағы айтақырда жалаң аяқ ешкi терi бөстегiнiң үстiнде ұрты тола салқын суды “пуф” деп бүркiп жiберiп, созаңын созып, ақжұлық керзi етiгiн жамап отыр.
– Уау, Кер-еке, мұныңыз не тiрлiк, тастаңыз, ойбай, сiзге жоғарыдан үлкен кiсi келе жатыр.
– Е-е, келе берсiн.
Ауданнан, қаладан келiп, “жағдай сұрап” жайланып, шайланып келiп-кетiп жататын көп уәкiл, келгiншiлердiң бiрi деп қалса керек, баяғы бейжай қалпы:
– Облыстан ба? – дейдi бас көтерiп. — Әй, қатын, әнеукүнгi бiр шиша орнында тұр ма, әлде, әлгi қу, малдоқтыры құрғыр…
– Оу, тоқтаңыз, Кереке! Келе жатқан уәкiл де, малдоқтыр да емес, дүние жүзiне әйгiлi ұлы жазушы Әуезов екен.
– А, а, а, Әуезов деймiсiң. Оббоһи-әкпар-ай! Бәрекелдi, ол кiсi, сыпайы, әлгi iшкiлiк жағына мүлдем қарсы көрiнедi. Ендеше соятын малым дайын, бастап келе берiңдер, – дейдi.
Ол күнi аудан мен совхоз, одан Желтимеске баратын жолдың шұбалған шаңы басылмай ала шапқынмен совхоз парткомының хатшысы Алтын апай Жансейiтова Керекеңдi ақ көйлек, қара кәстөммен шыштай киiндiрiп, үй-жайын тазартып, ақ дастарханды жайғызып, қымбат қонақты аяқтарынан тiк тұрып күтiп алысқан ғой.
Ал, Мұхаң болса қазақтың биiк аспанында аз жыл ғана жарқырап аққан жұлдыз боп өте шыққан “Алаш” дәуiрiнен бергi өткен қырық жылда қыр қазағының маңдайына бiткен бағы да, шыққан тағы да тек мал, малмен таңы атып, малмен күнi батқанын көре жүрiп не ойлады екен? Мына өрiстегi қалың отар, жайлау, күздеу, қыстаудан басқа сөзде iсi жоқ Керекеңдей тұлғасын iздеп келгенде оның бейнесiнен не көрмек едi?
Шымкентте Бадам сыртындағы биiкте “Ет комбинаты” дейтiн мың, миллиондарды обып жатқан обырдың, оның арғы жағында жалғыз Шаян тарабы, Қаратау, Созақ өлкесi емес, Атыраудан Алтайға дейiнгi, Шұбартау, Семей жағы. Арқаның алып даласы болып қиырсыз қазақ жерi – “Елу миллионды” нысана етсе де орасан обырдың аранын тойдыра алмай, сары далада құба желге қақталған қайран қазақ жайында ой толғап не айтпақшы едi?
Көркем сөзге келгенде темiрден жiбек арқан есетiн ұлы шебер бұның да есебiн тапты. “Шаяндағы Керекең шешен” атты келiстi очеркiмен бүгiнгi “Алаш” азаматы дерлiк зор тұлғаны әсiре бояусыз қаз-қалпында айдай айқындап бергенiн көрдiк.
Сағанақтан шығып, жарғақ құлаққа жетiп, сар желмен сансыз белден асатын ағайын сөзi – Керекеңнiң ұлы жазушымен кездесу хикаясы ауыл-ауданнан асып, сонау Алматыға да жеткен ғой. Жеткенi сол, бiзден Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланған “СҚ”-ның сол кездегi бас редакторы Iсебаев Кенекең /Кеңесбай/ қасында жолсерiк тiлшi Жолдасбеков Алтынбегi бар, елге келдi. Кейiнгi толқыннан шыққан Ленин ордендi жас шопан, жақында ХХII партия сьезiне делегат болып қатысқан Мергенбаева Битанға бармақ болды.

 

Еркiнбек ТҰРЫСОВ

(Жалғасы келесі санда).