«Алпамыстай батырға Шымкентте бір орын бұйырмай тұр»

296
0

Расы керек,   Оңтүстік жақта Амангелді Сопбековтің есімін білмейтіндер кемде-кем. Ол – Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің директоры ғана емес, ОҚО мәслихатының депутаты. Қоғам өмірінен ешқашан сырт қалмайтын азамат Оңтүстік Қазақстанда қандай да бір тосын оқиға болса алдымен көмек қолын созатын азамат, қайбір жылы Шығыс  Қазақстан жақтың жұрты топан су астында қалғанда  қиналған жұртқа Шымкент жақтан азығын арқалап алдымен жеткен де – осы азамат. Амангелді Әбдімәлікұлымен арадағы сұхбатымыз қоғамдағы түрлі мәселелер төңірегінде өрбіді.

«Пендешілікке баратын адамдар қай елде де кездеседі»

–Сіз – педагог-ғалым ғана емес, қоғам қайраткерісіз, ОҚО мәслихатына Сары-ағаш ауданынан сайланған депутатсыз. Бесінші шақырылым депутаттарының мандатқа ие болғанына, міне, тура екі жыл болыпты, осы аралықта сайлауалды тұғырнамада көтерген проблемаларыңыз қаншалық шешімін тапты?
– Сарыағаш  дегенде елдің көз алдына алдымен минералды суы мен шипажайлары  елестейтіні рас. Брендке айналған осы екі дүние үшін Сарыағашқа жылына мыңдаған емделуші мен демалушы келеді. Оның үстіне аудан Өзбекстанның шекарасында, Ташкент секілді үлкен қаланың іргесінде орналасқан. Яғни, аудан ықылым заманнан туристердің мекеніне айналған. Ал, мен осындай ауданда туып-өскенімді мақтан тұтамын. Сарыағаш ауданының проблемалары маған етене таныс. Ес біліп, ат жалын тартып мінгелі ауылдың, ауыл халқының проблемаларын көзіммен көріп, қайнаған тіршіліктің ортасында өмір сүріп келемін.
Сайлауалды тұғырнамамда уәде берген мәселелердің көпшілігі осы екі жылдың ішінде шешімін тапты. Шешімін күтіп отырған екі-үш мәселе қалды. Алайда, бұл сол бағдарламада көрсетілген мәселелерді шешумен ғана шектелеміз деген сөз емес. Ел іші болған соң заман ағымына қарай күн сайын түрлі жаңа проблемалар шығып жатады. Мен сайланған округ үшін жол, су, газ мәселелерінің шешімін тапқанын күтіп отырмыз.
–Сіз Сарыағаш ауданынан сайланған алты депутаттың бірісіз. 2014 жылдың бюджетін бекітер тұста комиссия отырысында депутаттар арасында үлкен наразылық туындады. Бюджетті жоспарлау басқармасы бастығына деген ренішіңізді Сіз де жеткіздіңіз. Сарыағаш жақта бюджетке енбей қалған нысандар болды ма?
–Расы керек, біздер, депутаттар, әрқайсысымыз көрпені өзімізге қарай тартқымыз келеді. Ал, облыс бюджеті – үрлесе созыла беретін шар емес. Оның үстіне ОҚО мәслихатының әлеуметтік даму жөніндегі комиссия мүшелері қаржының  қайда және қалай бөлінетінін білуге тиіспіз. Иә, бюджетті жоспарлау басқармасына деген ренішті менің де білдіргенім рас, 2014 жылдың бюджетін жоспарлауда депутаттармен келісілмегенін айттым. Бюджетті талқылау барысында мұндай дау-дамай үнемі болып тұрады, содан сенсация жасаудың қажеті жоқ. Мұндай мәселеге әділ қарау керек.
Менің сайлау учаскемнен 2014 жылдың бюджетінен қаржыландырылуы  тиіс екі нысан бар еді, екеуі де бюджетке енді. Оның бірі — медпункт,  екіншісі – мектеп. Сайлаушылардың аманатын орындау бір бөлек те, оны бюджетке енгізу бөлек әңгіме. Расы керек, бізде әлеуметтік нысандарға қаржы бөлуге ықпал етейік десек,  жобалық-сметалық құжаттары мен басқа да техникалық құжаттар дайын болмай жатады. Ал, оларды жасату үшін аудан әкімдігінен қаржы бөлінуін күтуге тура келеді. Мен өз сайлау округімдегі бірқатар нысандардың құжаттарын өз қаржыма жасаттым. Осы екі жылдың ішінде округтегі жеті-сегіз мектептің, Шеңгелді ауылдық округіндегі Толағай деген ауылдың медпунктінің бюджетке енгізілуіне ықпал еттім.
Менің сайлаушыларым тұратын Әлімтау, Бозай сияқты ауылдар үшін ең керегі – жол. Қысқа қарай шалғайдағы осы ауылдарда жол жабылып, халықтың орталықпен байланысы үзіліп қалады. Біз билікке осы Әлімтау, Бозай, Тасқұдық және Қожатоғай ауылдарының арасын қосу жайлы ұсыныс жасадық. Егер Қожатоғай мен Арыстың арасын жалғаса, сол арқылы Сарыағашқа төтесінен келуге болар еді. Сол маңдағы Сырдың жағасында отырған ауылдар, мәселен,  көкөніс егумен шұғылданады. Бұл олардың осы жол арқылы өнімдерін қиналмай тасымалдауына да кең мүмкіндік берер еді. Бұл ұсыныс комиссияда қаралып, қолдау тапты. Сәтін салса, алдағы уақытта осы жолдың салынуы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асып, осы маңдағы көптеген шаруа қожалықтарының жұмысын жандандыруына септігін тигізеді деп күтіп отырмыз.
– Сарыағашта соңғы жылдары су тасқыны бір емес, бірнеше рет орын алды. Соңғысы былтыр тура осы кезеңде орын алды, алайда кейіннен жұрттың өтемақыға көңілі толмай, наразылығын білдіріп жатты. Бүгінде осы жұрттың көңіл-күйі қалай?
–Сарыағаштағы соңғы табиғи апат тура осы кезеңде орын алды ғой. Сол кезде Қарақалпақ, Жылға ауылдарының тұрғындары қатты зардап шекті. Бірнеше үй апатты жағдайға жетіп, қора-қопсы құлап, ірі мал шығыны келді. Әрине, жұрт өздерінің, бала-шағасының аман қалғанына қуанды.
Осы топан су салдарынан 4 көпір, 26 өткел бұзылған болатын. Алдымен 6 ауылдық округті қоршай ұзындығы 4 шақырымды құрайтын бөгеттер салынды. Қауіпті қашыртқылар мен арық, атыздар да тазаланды.
Сол бір күндерде оқиға орын алған жерге алдымен мен жеттім. Техникаларымды апарып, суды басқа арнаға бұру үшін арық-атыздар қаздық. Әйтеуір, қарап отырмай, қолдан келгенше көмектестік. Кейіннен топан судан зардап шеккен адамдарға
өтемақы бөлген кезде комиссия құрамында өзім болдым, ешбір үй ескерусіз қалған жоқ. Үй-жай, қора-қопсысының шығынын есептедік, әрбір қойды 15 мың теңгеден бағаладық. Тіпті құжаты жоқ үйлер де тізімнен қалыс қалған жоқ, тиісті өтемақыларын бәрі алды. Сол кезде мен өз қаржыма  18 өткел салдым. Бес саусақ бірдей емес, ел іші болған соң арасында пендешілікке барып, өтемақыны дұрыс есептемеді дегендер де болды. Бірақ, бүкіл елдің көңілін табу қашан да қиын, бастысы халық көптің көмегіне, биліктің шұғыл әрекетіне риза болысты. Пендешілікке баратын адамдар қай елде де кездеседі. Депкорпустағы кейбір әріптестерім «осындай жағдай Сарыағаш жақта неге оқтын-оқтын қайталана береді?» дейді.
– Соны біздің де сұрағымыз келіп отырғаны…
– Бұл – табиғаттың тосын апаты, ал, апат айтып келмейді. Мәселен,  Әлімтау, Бозай, Шеңгелді  секілді шалғайдағы ауылдар орналасқан жер – адыр. Жер тоң, еріген су жерге сіңбеген соң жағдай осындай болып отыр. Сондықтан бұған табиғаттан келген тосын апат деп қарау керек. Биыл спутник арқылы алдын-ала тексеру жасалып қойды. Суағарлар салынып, ауылдың іші-сыртының бәрінен арық-атыздар қазылды. Егер қар қалың жауып, жер тоң болса, шындап келген апатқа сол өткел де төтеп бере алмайды. Өзім сол жердің азаматы болған соң бәрін көзбен көріп жүрмін.
– Расы керек, келген туристер де, лауазымды тұлғалар да Сарыағаш жақтан қайтатындықтан, көбіне осы жаққа көңіл көбірек бөлінеді де, бұрынғы Келес ауданына қарасты ауылдар, әсіресе, шалғай ауылдар тасада қалып жатқандай көрінеді…
–Бұл – қате пікір.  Бүгінде ешбір ауыл, елдімекен ескерусіз қалып жатқан жоқ. Ауданнан сайланған алты депутат та өте белсендіміз, сайлаушыларымыздың аманатын орындауға бәріміз де мүдделіміз. Халық бұрынғыдай сылдыр сөз, құрғақ уәдеге сене бермейді. Жаңалықтардан күнде көріп жатыр, қай елде не болып жатқанын. Мәселені төтесінен қоятын ақсақал-қарасақалдар әр ауылда да бар, сондықтан біз де олардың алдында ұятты болмау жағын ойлаймыз. Шындап келгенде, бюджеттің 30 пайызы Сарыағаш ауданына кетіп жатыр. Ал әлеуметтік тұрғыда  адам басына қарай қаржыландыру жағы ескерілмей отыр. Мен жүрген жерімде үнемі осы мәселені көтеріп келе жатырмын. Мәселен, Түлкібас ауданында халық саны — 150 мыңдай адам, ал Сарыағашта — 350 мыңға жуық. Мақтаарал да — Сарыағаш секілді үлкен аудан. Әлеуметтік мәселелерді шешуде осы халық санына қарай бөлу керек. Көбіне бізде осы мәселеге көңіл бөле бермейді, барлық ауданға теңдей қарағысы келеді.
Сарыағаш, Мақтарал жақтарда он-он бес мың тұрғыны бар ауылдық округтер кездеседі, ал Төлеби, Түлкібас секілді аудандарда халқының саны үш мыңға жетпейтін де округтер бар, бірақ бәрінің алатын жалақысы бір. Ал, атқаратын шаруасы, штат саны, жауапкершілігі шағын округтерден қанша есе артық екенін елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Мұндай әлеуметтік теңсіздік экологиялық аймаққа бөлуде де кездеседі. Мәселен, Шардара ауданы — экологиялық аумаққа кіреді де, Сарыағаштың сонымен шекаралас жатқан Әлімтау, Ащыкөл секілді кейбір ауылдары ескерусіз қалып қойған. Әйтпесе, екеуінің экологиясы бірдей.
– Ұмытпасақ, 2012 жылы Сарыағаш жақта бір топ депутат, білім бөлімі бастығы  мен бірқатар лауазымды тұлғалар «Сарыағаш Иегова куәгерлерінің орталығына айналып барады» деп дабыл қағып, Ақорда жаққа хат жөнелтіп еді. Осы мәселе қалай шешілді? Жалпы Сарыағашта дәстүрлі емес және теріс діни ағымдар кең етек жайғанын көз көріп жүр. Сіз және сіз секілді ел алдында жүрген азаматтар бұл мәселеге неге көз жұма қарайсыздар?
– «Сарыағаш Иегова куәгерлерінің орталығына айналып барады» деп дабыл қаққандардың арасында мен де бармын. Тиісті орындарға жіберген хаттарымның көшірмесі әлі сақтаулы. Меніңше, Сары-ағашта бұл мәселені бүгін-ертең шешіледі деу қиын. Кезінде Өзбекстан бір күннің ішінде жат пиғылды, теріс ағым өкілдерін ұстайтынын ұстап, ұсталмағандарын шекара асырып қуып шыққанда, солардың көбі Сарыағаш жаққа келіп жайғасты. Бүгінде олар тамырын тереңге жайып, айналасының бәрін улап бітті. Бұған өкімет араласпаса, біздің қолдан келер қайран болмай тұр.
– Сіздіңше, өкімет деген кім?
– Ол  Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Дін басқармасы мен агенттіктері секілді құзырлы органдар.
– Қоғам болып күресе алмаймыз ба  сонда?
– Жоқ, қоғамның қолынан ешеңе келмейді. Олар сіз бен біздің сөзімізді сөз демейді. Осы тұрғыда бізге Өзбекстанның саясатын ұстанғанымыз артық болмас еді деп ойлаймын. Сарыағашта теріс пиғылды ағым өкілдері көп екені рас, оны мойындаймыз.
– Құқық қорғаушылардың деректеріне сүйенсек, Сарыағаш ауданында мал ұрлығы көбейген…
– Бұл рас. Ұрылар көбіне жылқыларды қойып, елдің есігінің алдындағы жалғыз қойына дейін қолды етіп жатыр. Жасыратыны жоқ, бұл орайда Сарыағаш аудандық ішкі істер бөлімі оларды  ұстауға  қауқарсыздық танытып отыр.
Мәселен, мен сайланған округ – малды өңір. Айтып отырса, малы ұрланбаған үй жоқ. Өткенде бір ауылдың тұрғындары малды ұрлап бара жатқан жерінде ұрыны өздері ұстап, полицияға тапсырған екен, әлгі адамды соң шығарып жіберіпті. Дәлел жеткіліксіз депті. Соған қарағанда «мал ұрлықтарына құқық қорғаушылардың да қатысы болуы мүмкін» деген болжамым бар.  Халық ол жақта тек малға қарап отыр. Қазір жан-жаққа депутаттық сауал жіберіп, шағым жазып жатырмын. Бұл қаншалықты нәтиже береді, тағы белгісіз.

«Бізде шалағай тірліктер көп»

– ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мырза жуырда «Алдағы уақытта Қазақстандағы колледждерде білім беру жүйесі жаппай ақысыз негізде болуы мүмкін», – деп көпшілікті елең еткізген болатын. Колледждің директоры ретінде сіз бұған не дейсіз?
– Меніңше, мұны толық сараптап алмай, асығыс шешім қабылдауға болмайды. Шыны керек, еліміздегі колледждердің көпшілігі жекеменшік. Сондай жекеменшік  колледждерді мемлекеттің есебінен қаржыландырудан ұтамыз ба, ұтыламыз ба? Қала берді жекеменшік бола тұра, олар неге мемлекет есебінен қаржыландырылуы керек?  Сондықтан бұл ұсынысты әлі де болса жан-жақты ойластыру керек секілді.
Соңғы кездері колледждерді жекеменшік компаниялар қарамағына беру де кең талқыланып жатыр. Жуырда «Ақ жол» партиясының Астанада өткен съезінде мен осы мәселені көтердім. Мәселен, мен басшылық жасайтын колледжді қай компанияға не заводқа беруге болады? Шұлық-ұйығымыз бен түйме-түйреуішімізге шейін Қытайдан әкеліп жүргенде, колледждің 400-500 студенттін жұмысқа қабылдап, әрі оқытуға шамасы келетін компания бар ма екен Шымкентте?  Он мың адамы жұмыс істейтін завод-фабрикасы болса, көрсетсін, 500 студентті апарып оқытайын.  Жоқ қой ондай кәсіпорын. Меніңше, бұл шала тірлік. Өз басым орта арнаулы немесе жоғары білім болсын, білім берудің ақылы болғанына қарсымын. Қазір Шымкенттегі фармацевтика академиясы, М.Әуезов атындағы ОҚМУ немесе ОҚМПИ-дің қайсысын алмаңыз, ақылы бөлімнің бағасы кемі 500 мың теігеге жетіп қалады.  Ауылда бір отбасының табысы, жұмысы бар болғанның өзінде, 300 мың теңгеден аспайды. Олар баласын оқыту керек пе, аш отыруы керек пе? Жағдай осылай кете берсе, ауыл қазағының баласы ешқашан оқи алмайды.
– Сіз білім саласының қазанында қайнап жүрген азаматсыз. Қала мектептерінің жағдайы белгілі, Осы Сіз сайланған округтердегі шалғай ауыл мектептеріне e-Learning электрондық оқыту жүйесін енгізу қаншалықты нәтиже беріп жатыр?  
–Бұл негізі әу баста асығыс қабылданған шешім болды. Бізде білім саласына шетелдік оқыту бағдарламасын әкеліп  тықпалайды. Ауылдық жерлерде компьютер сыныбын ашқанмен, соны дұрыс игеретін жөні түзу информатик маман жоқ. Маманы бар мектептерде компьютері жұмыс істемейді. Ауылдарда жарық жиі өшеді, мұндай жағдайда ғаламтор туралы сөз ету мүмкін бе? Осындай жағдайда орта білім беруді он екі жылдыққа көшіру мүмкін бе?
Шетелдік бағдарлама демекші, қазір ең әрісі бүлдіршін баланы да шетелдік әдістермен тәрбиелеу белең алып бара жатыр.  Монтессори, Глен Доман әдістері секілді  қаптаған әдістер бар. Олар біздің қазақы менталитетімізге қол келе ме екен, оған көңіл аударып жатқан бірі жоқ. Қазақ ұлды «Он үште отау иесі», қызды «Қырық үйден тыйым, қала берді есіктегі күңнен тыйым» деп тәрбиелеген. Қала берді мұсылмандық тәрбиеміз тағы бар.
Жалпы, бізде кез келген жағдайда асығыстыққа бой алдыру әдетке айналған. Мәселен, соңғы жылдары зейнетақыны да  карталық жүйеге көшірді. Мен туып-өскен айдаладағы ауылдарда қайдағы терминал? Зейнетақы алу үшін, біріншіден, өлмелі шал-кемпір орталыққа келуі керек, екіншіден, олар қолдарындағы «карточка» арқылы ақшаны қалай алуды да білмейді. Міне, бізде осындай адамның ақылы да, мүмкіндігі де жете бермейтін шалағай тірліктер көп.
– Сіз басқаратын оқу орны техникалық мамандықтарға оқытады, осы оқу орнын бітірген жас маман қаншалықты сұранысқа ие?
– Политехникалық колледж Оңтүстік Қазақстан облысындағы орта арнаулы кәсіби білім беретін оқу орындары арасында компьютерлік оқыту бойынша көшбасшы болып келеді.
Біздің стратегиялық жоспарымыз – аймақта үш тілді меңгерген мамандар даярлайтын колледж құру. Осы орайда оқу орны түрлі жобаларға қатысып жүр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, техникалық және кәсіби білім беруді ұштастырып оқытамыз. Енді кәсіби-техникалық мамандарды даярлау мақсатында дуальды оқыту жүйесін де қолға алып жатырмыз. Бұл жүйе бойынша сабақтың басым бөлігі оқу орнында емес, кәсіпорында  өтеді. Осы бағытта Шымкенттегі көптеген кәсіпорындармен меморандумға тұрып жатырмыз.
Политехникалық колледж студенттеріне Кеңес одағы тұсында қандай сұраныс болса, қазір де сұраныс өте жоғары. Колледж мамандары оқу бітірген студенттердің зейнетақы жарнасы бойынша сұрау салып, сараптама жасап көрген болатын, сонда түлектеріміздің 98 пайызының түрлі кәсіп-орындарда бағдарламалаушы, байланысшы, дәнекерліші болып жұмыс істеп жүргені анықталды.

«Зиялы болу қолдағы
дипломмен өлшенбесе керек»

– Елбасы Қазақстан-2050 стратегиясында ұлттық интеллигенцияның рөліне ерекше тоқталды. Сіздіңше, бүгінгі ұлттық интеллигенция қандай? Жастарға үлгі бола алып жүр ме?
– Біз бұл жерде «ұлттық интеллигенция» дегеннің мәнін түсініп алуымыз керек. «Ұлт зиялылары деп кімді айтамыз? Олардың қатарына қандай мамандық иелерін жатқызамыз? Оқып, білім алғандардың барлығы да зиялы ма? Жалпы, «қазақта интеллигенция, яғни, зиялы бар ма» деген сауал алдымыздан қашан да шығып отырған. Негізі Кеңес одағы тұсында білімді адамдарды интеллигенттер деген. Қазір бәрі білімді. Бірақ, білімді адамның бәрін зиялы деуге бола ма? Меніңше, ұлтын өліп-өшіп сүймеген адам ешқашан зиялы бола алмайды. Өз басынан гөрі, қарапайым халықтың жағдайын кім артығырақ ойласа, соны зиялы деу керек. Өз халқына еңбегін сіңіріп жүрген адамды, адамзатқа еңбегін сіңіріп жүр деп түсіну керек. Ауылда өстік, қазір де елге жиі барып тұрамын, біздің жақта өмірі малдың соңында өтсе де институт оқыған адамдардан білімі-біліктілігі артық, халықтың қамын, ұлттың мүддесін ойлап отыратын ақсақалдар бар. Соған қарағанда, зиялы болу қолдағы дипломмен өлшенбесе керек. Бүгінде ұлттық интеллигенция дегенде тілімізге алдымен «ақын-жазушылар» деген сөздің оралатыны сөзсіз. Өзім басқаратын колледжде елге танымал азаматтармен, ҚР Парламентінің депутаттарымен түрлі деңгейдегі кездесулер өткізіліп тұрады. Жастар мен алдыңғы буын өкілдерінің арасындағы ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында ұйымдастырылатын мұндай кездесулердің бергені де, берері де көп деп ойлаймын. Алдыңғы буын аға-апаларымыздың өмірі – бүгінгі жастарға өнеге.
– Біз патриотизм туралы көп айтамыз, ал Елбасы өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек дейді. Мұны қалай түсінеміз?
– Бүгінде жасөспірімдер қылмысы өршіп тұр, олардың теріс діни ағымдар жетегінде кетіп жатқаны рас. Осындай жағдайда жастардың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу аса маңызды болып отыр.
Қазақстандық патриотизм – бүкіл қазақстандықтарды жасампаз еңбекке шақыру, береке-бірлікті, баянды ынтымақты орнықтыру. Ең бастысы, жастардың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру.  Отансүйгіштік деген – жастардың саналы азамат болып қоғамға пайда келтіруі, білім мен тәрбие алуы, ата-ананы сыйлауы және қартайған шағында оларға қамқорлық жасауы.
– Сізді  білетіндер мықты көкпаршы дейді, салым салады дейді.  Көкпарға қатысуға қаншалықты уақыт табасыз?
– Көкпар — қазақтың рухын шақыратын ойын. Көкпар жiгiттердi батылдыққа, ержүректiлiкке баулиды. Қойшының баласы болдым, қала берді малды ауылда өстік. Кішкентайымыздан ат жалына жармасып өстік. Жылқы — қазақтың жаны мен қаны, қанатына балаған пырағы.
Қайбір жылы өзім де үлкен көкпар бердім, ел көп жиналды. Көкпар беру – мақтангерлік емес, қазақтың осы бір асыл ойыны ұмыт қалмасын деген ниет менікі. Жылқыны жақсы көргендіктен енді Шымкент қаласының маңайынан «Алпамыс батыр» жылқы заводын ашпақшымын.
– Әдетте өз қаржысына бірдеме салған жұрт ата-бабасының не бала-шағасының, өзінің атын қойып жатушы еді. Сіздің таңдауыңыздың Алпамыс батырға түскені таң қалдырып отыр…
– Алпамыс – эпостық батыр дегенмен, ол өмірде болған. Бүгінгі балалар «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» секілді батырлық жырларды таңды-таңға ұрып оқып жатпайды. Бүгінгі қазақ баласына мұндай ұзақ жырлар тұрмақ қысқаша ертегінің өзін оқыту мұңға айналып отыр. Осы орайда қазақ баласы тым болмаса батырларымыздың атын біліп жүрсін деген ниетпен қойып отырмын. Расы керек, Алпамысты түркі елдерінің көбі өз батыры етіп меншіктеп алуға құмар. Бұл, әрине, менің қызғанышымды оятады.
– Ұмытпасақ, осыдан бірнеше жыл бұрын Алпамыс батырға Қазақстанда бір ескерткіш орнатылмай отырғаны қоғамда қызу талқыға түсіп еді. Алайда, сол кезде «Алпамыс — қоңыраттардың батыры» деп сыңаржақ пікір айтқандар да болды. Расында да, біз соңғы кездері ұлы адамдардың әруақтарын да жекешелендіруге бой алдырып жүрген жоқпыз ба?
– Иә, мұндай әңгіме ара-тұра әлде де айтылып қалады. Қазір Шымкентте кімнің ескерткіші жоқ?! Біз естіген, естімеген қаншама батырлардың ескерткіші тұр, бірақ Алпамыстай батырымызға Шымкенттен қала берді Қазақстаннан бір ескерткіш бұйырмай-ақ қойды. Айтыңызшы, сол батырлардың қайсысы соған теңесе алады? Бізде «анау пәлен жүздің батыры», «пәленше түген рудың батыры» деген көзқарас қалыптасып кетті, «біртұтас қазақпыз» деген идеология жетіспей жатыр. Осындай батыр бабаларымызды ұлықтаудың орнына, біз әлгіндей сыңаржақ сөздерге ерік береміз. Біздің балалар бүгін шетелдің атыс-шабыс киноларын көріп өсіп, соларға еліктейді. Нәтижесі сол – балаларымыз кісі қанын мойнына жүктеуден қорықпайтын болып барады.  Алпамыс не басқа батырларымыз секілді дұшпанымен соғысса бір жөн, қазақ баласы қазақты жайратқанына мәз.
Бір жігіттер Алпамыс батырдың ескерткішін жасатқан екен, алайда, бір жыл болды соны орнатуға рұқсат ала алмай сарсаңға түсіп жүр. Дайын ескерткішті орнататын жер таппай жатқан соң өзім ашқалы жатқан жылқы заводының алдына қоюға ұсыныс жасадым. Жігіттер қуанып қалды, бірақ соның өзінде маған да біраз әуреленуге тура келіп тұр. Сөйтіп, міне, Алпамыстай батырға Шымкентте бір орын бұйырмай тұр. Бұл масқара емес пе? Алпамыс батыр өмірде болмаған ба? Айтыңызшы, Алпамысты мойындамайтын қазақ бар ма? Эпостық жырдың кейіпкері деп қарасақ, Алдаркөсеге де ескерткіш орнатты ғой қаланың қақ ортасынан.
– Расы керек, бүгінде қазақта атқа отыруды білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Сіз ашатын завод қазақ баласының атқа отыруды үйренуіне, барып қызықтауына мүмкіндік бере ме?
– Завод негізінен асыл тұқымды жылқыларды өсірумен, баптаумен айналысатын болады. Осы жобаны қолға алу барысында мен мықты дәрігермен кеңестім. Атқа отырудың өзі талай ауруға ем екен. Мәселен, церебралды сал ауруымен ауыратын балаларға осындай мүмкіндік жасалса, шипасын беретінін дәрігер айтып отыр. Бүгінде қоғамда «Алпысбай, Жетпісбайлар тұрмақ, Отызбай, Қырықбайларды дүниеге әкелу мүмкін болмай бара жатыр» деген әңгіме көп айтылып жүр. Бұл не деген сөз? Бұл жігіттеріміз белсіздікке ұрынып, ұрпақ жалғастыру қабілетінен айрылып бара жатыр дегенді білдіреді. Бұл ғылыми түрде дәлелденген. Мәселен, Англияда еркектердің, жалпы халықтың атқа отырып, серуендеуіне кең мүмкіндіктер жасалған. Бұл әрі жаттығу, әрі ем, әрі атқа мініп серуендеудің өзі адам бойына қанат бітірмей ме?  Жалпы, жылқының пайдасы көп. Әкем айтып отыратын, атқа отырған адам тіл-көзден аулақ болады деп, сөйтсек ондай жаман энергияны ат өз бойына сіңіріп алып қояды екен ғой.
Барлық бала шетінен дзюдошы, таеквондошы не боксшы  болмайды, сондықтан қазақ баласын атқа отыруға, көкпарға үйрету керек. Мұндайда тым болмаса баланың денсаулығы мықты болып шығар еді.
– Амангелді Әбдімәлікұлы, уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін рахмет! Өзіңізге әрқашан табыстар тілейміз!

Сұхбаттасқан
Гүлжамал
МҰСАЕВА