Министр «Ақ жолдың­» ұсынысын қолдады

188
0

ormanov-225x300ҚР Өңірлік даму министрлігі Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының мемлекеттік жеке әріптестік шегінде сумен қамтамасыз ету саласында жеке бизнесті қатыстыру туралы ұсынысын қолдады.

2013 жылдың желтоқсан айында «Ақ жол» ҚДП-ның Орталық аппаратына партияның ОҚО бойынша филиалының төрағасы А.Орманның атынан суды қолдану қорын үнемдеу механизмін жасау мақсатында Өңірлік даму министрлігіне ұсыныс жолдау туралы хат жіберілген болатын.
Ұсыныста сумен қамтамасыз ету, бұру жүйесін тәжірибелі жеке операторларға конкурстық негізде беру, яғни мемлекеттік жеке әріптестік концессиясын енгізу және қолдануды жүзеге асыру қажеттігі туралы айтылған болатын. Бұл концессия сумен қамтамасыз ету, бұру жүйесінде ең негізгі мәселе – қаржылық қордың бағасы мен оны жіберу мерзімін қоса алғандағы инвестицияны ұтымды жағдайда тарту мәселесін шешуге арналған.
«Сумен қамтамасыз ету, бұру жүйесіндегі концессиялық қатынас – мемлекет үшін де, бизнес үшін де болашақта тиімді модель. Ол су құбырлары мен кәріз жолдарын қайта құру, модернизациялау, құрылысын жүргізуде жаңа технологияны қолдануға, тұрғындарды сумен үздіксіз қамтамасыз етуге кепіл болады. Өз кезегінде ҚР бюджетінен осы салаға қайтарымсыз бөлініп жатқан орасан қаражатты үнемдеуге, қажетті салықты алуға және де жаңа жұмыс орындарын ашуға қол жеткізеді» — деп санайды партияның өңірдегі филиалының төрағасы.
Ұсыныста Шымкент қаласы мен Сайрам ауданының тұрғындарын 16 жылдан бері сумен үздіксіз қамтамасыз етіп келе жатқан «Су қоры-Маркетинг» ЖШС-нің оң тәжірибесі отандық бірден-бір мысал ретінде келтірілген болатын. Бұл кәсіпорын құрылғалы бері мемлекеттік бюджеттен ешқандай қаржылық көмек алмаған. Кәсіпорын әлемдік жетекші өндірушілердің озық технологияларын қолданады, тұтыншылар 100 пайыз су есептегіш құралдарымен қамтылған. Су жүйесін модернизациялау нәтижесінде 1 адамға шаққандағы су шығыны тәулігіне 450 литрден 114 литрге дейін төмендеген.
Жуырда Шымкент жаққа осы ұсыныстың қолдау тапқаны туралы сүйінші хабар жетті. ҚР Өңірлік даму министрі Б.Жәмішев «Ақ жол» партиясының ұсынысын құптап, осы мәселені талқылау мақсатында облыс әкімдерінің орынбасарлары мен су арнасы басшыларын жиып, мәжіліс өткізіпті. Жиында су секторындағы кәсіпорындарды реформалау өткір мәселе болып отырғаны айтылған.
Осы жиыннан кейін Б.Жәмішев мырза «Ақ жолға» арнайы хат жіберіпті. Жасақталған жұмысшы тобы ағымдағы жағдайды және сумен қамтамасыз ету саласында мемлекеттік жеке әріптестік механизмін енгізу мүмкіндігін саралап, зерттеу жүргізіліп, Қызылорда, Атырау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында мемлекеттік жеке әріптестікті енгізудің пилоттық жобасын жүргізу жөнінде шешім қабылданыпты. «Министрлік Сіздердің сумен қамтамасыз ету және бөлу саласына жеке бизнесті тарту туралы ұсыныстарыңызды қолдайды», — делініпті жауап хатта.
Сондай-ақ, аталмыш жауапта қазіргі таңда министрлік тарапынан осы сала бойынша заңдылықтарды жетілдіру бағытында белсенді жұмыстар жасалып жатқаны, атап айтқанда заңдарға, актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, концессия шарттары бойынша қызмет көрсету тарифтерін жасау және бекіту туралы Ережені бекіту қаулысы дайындалып жатқандығы туралы да айтылған.
«Уақыт»