Қайрат БАЛАБИЕВ, заң ғылымдарының докторы: «Жемқорлық — адамзат үшін жегі құрт»

183
0

imagesCAINCQOB

—Қайрат Рахымұлы, өзіңізге белгілі, тәуелсіздіктің жиырма жылдық қысқа мерзімінде еліміздің болашағы үшін аса маңызды бағдарламалар белгіленіп, олар тиянақтылықпен жүзеге асырылуда. 2050 жылға дейінгі кезеңге арналған Қазақстанның стратегиялық міндеттері – қазір біздің ең маңызды жүзеге асып жатқан игі тірлігіміз. Осының барлығының басы-қасында саяси жағынан қуат беріп, басшылық жасап келе жатқан «Нұр Отан» партиясы қоғамның дамуына кері әсер ететін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жобасын жалпыхалықтық талқылауға ұсынды. Бастауыш, аудандық, қалалық және облыстық деңгейдегі партия ұйымдарының бөлімдерінде бұл құжат қазір талдаудан өтуде. Әңгімені осы жобадан бастасақ…
— Ең бірінші сөзді дәл осы сыбайластық пен жемқорлықтан бастағанымыз дұрыс шығар. Қандай мемлекет және қандай системада болсын, сыбайластық пен жемқорлық толығымен жойылып кетті деп ешкім айта алмайды. Адамдар бар, олар жұмыс істейтін жерде аракідік болса да жемқорлыққа жол беріп, қоғамға сыбайласқан түрде зиянын тигізетін элементтер орын алып жатады. Өкінішке қарай, олардың жолын қиған сайын белгілі бір топтар және жекелеген азаматтар адамзат үшін жегі құрт болып табылатын осындай кереғарлыққа барып жатады. Жалпы жемқорлықты негізі төрт деңгейге бөліп қарағанымыз дұрыс. Ол төменгі буыннан басталып, ең жоғарғы мемлекетаралық сыбайлас жемқорлықпен астасып жатады. Мемлекет үшін осының ішіндегі ең қауіптісі – төменгі деңгейдегі сыбайлас жемқорлық. Көшбасшы партияның «Қазақстан-2050» стратегиясын толыққанды және өз деңгейінде жүзеге асыруда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің пәрменді және ықпалды болуы партияның алдындағы кезек күттірмейтінін міндеттер қатарынан саналады. Егер, есіңізде болса, «Нұр Отанның» ХҮ съзінде партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Саяси көшбасшылықтың принципті мәселесі ретінде сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресудің стратегиясын әзірлеуді» тапсырған болатын. Осыған байланысты партияның жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес Мәжілістегі партия фракциясының басшылығымен жұмыс тобын құрды. Оған депутат Нұрлан Әбдіров жетекшілік етті.

Топтың құрамында танымал заңгерлер, сарапшылар, қоғам қайраткерлері және құқық қорғау органдарының белді өкілдері болды. Бізде 2008 жылдан бері қолданыстағы жемқорлықпен күрес жүргізуге арналған нақтылы бағдарламаның болғанын білеміз. Ол күні бүгінге дейін өзінің алдына қойылған міндеттерді жүзеге асыруға негіз болды. Қоғамның жедел дамуы және уақыттың өзгерістеріне сай осы бағдарламаны жаңарту қажеттілігі туындады. Қазір жаппай талқыланып, талданып жатқан «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы осы себептен өмірге келді. Оның негізгі мақсаты мен міндеті «Қазақстан-2050» стратегиясы мен партияның Доктринасының басымдықтарын ескере отырып, мемлекеттің және қоғамның тұтастай күшін жемқорлыққа қарсы күреске жұмылдыруға бағытталған. Негізінен көзделген мақсатты жүзеге асыру үшін құжатта азаматтық қоғамды, бизнес қауымдастықты жемқорлыққа қарсы іс-қимылға тарту, мемлекеттік органдардың корпоративтік сектордың қызметіне бақылауды күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарды жетілдіру, мемлекеттік қызметтердің сапасына мониторинг жүргізу, көлеңкелі экономикаға тосқауыл қою секілді маңызды міндеттерді жүзеге асыру көзделген. Сол сияқты қоғамда жемқорлыққа төзімсіздік мәдениетін және білім мен тәрбиенің барлық деңгейінде жемқорлыққа қарсы дағды моделін қалыптастыру да қамтылған. Партия ұйымдарында партия бағдарламаны талқылау барысында көптеген ұсыныстар мен талаптар көпшілік тарапынан айтылып, жоба нағыз құжатқа айналған кезде осының барлығы ескеріліп, құжатты толықтыра түседі. Себебі, бұл алдағы 10 жылға арналған мемлекеттің іргесін нығайтуға, қоғамды жат әрекеттерден тазартуға деген ұстанымды өзінің негізгі міндеттері қатарына қойып отырғандығын біз ешқашан естен шығармауымыз керек.
— Жемқорлықты бір күнде жойып тастау, тамырын кесу мүмкін еместігін бәріміз де білеміз. Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында жат элементтерден арылу жайында айтылмаған кезі жоқ. Біз қалай және қайтіп күрессек осы жағымсыз жәйттен арыла аламыз деп ойлайсыз?
— Жемқорлық – тосынан қалыптасқан жағымсыз дағды емес. Оны қоғамда адамдардың азғындаған топтары өздері қолдан жасайды. Ымыраға келу үшін, болмаса қызмет мәселесінде, өздерінің теріс іс-әрекеттерін жабу мақсатын көздегендер осындай жағымсыз әрекетке жол ашады, оны қолдан ұйымдастырады. Адамдардың белгілі бір топтары қоғамға және оның дамуына барынша зиянын тигізетін әрекеттерді біле тұра жасайды. Қарақан бастарының қамы үшін. Егер оған тосқауыл қойылмай ары қарай жалғаса беретін болса, онда ол мемлекеттің ішінен іруіне, іргесінің шайқалуына апарып соғады. Бұл – жақсы тенденция емес. Осыған дейін Шымкент қаласында ондаған пара алу, пара беру, адамдарды жат әрекеттерге итермелеу секілді келеңсіз жағдайлардың көптеген фактілерінің орын алғандығын ешкім жоққа шығара қоймайды. Жұрт сыртынан сүйсінетін, ісіне ұқыпты талай азаматтар осындай сыбайластықпен, жемқорлықпен өзінің түзу жолымен жүрмей, бұрыс қадамға қарай кеткендігінің куәсіміз. Дүние, ақша жүрен жерде адамдар өзінің санасындағы ары мен ұятын осындай оспадарсыздыққа айырбастап жібереді. Адамдардың ішкі санасы барынша таза және адал болған жерде мұндай жағымсыз әрекеттерге жол берілмейді. Тіптен адамдардың белгілі бір тобының санасында «ақша болмаса іс бітпейді» деген секілді жаңсақ пікір әбден қалыптасып қалған. Олай болатын себебі де бар. Біреулер бергенін, екіншілері алғанын қоймайды. Азғантай ғана қарыздан басталатын осындай жағымсыз әрекет бірте-бірте үлкен қылмысқа ұласып кететініне өзіміз талай мәрте көз жеткіздік. Сондықтан бүкіл қоғам ғана емес, әр адам өз сапасын бөгде ойдан сақтандырып, жасаған іс-әрекетіне терең есеп беріп, қоғамға деген жанашырлығына селкеу түсірмей, елінің патриоты бола білсе, сол елде арсыздар азайып, жемқорлардың жолына тосқауыл қойылады. Партиялық жаңа бағдарлама баршаны осыған жұмылдырудың алғышартын түзетін партиялық құжат болмақ.
— Бағдарламаның басты міндеті жөнінде не айтар едіңіз?
— Алдағы 10 жылға арналған бұл партиялық бағдарламаның ең басты міндеті Қазақстанда маңызды үш элементтен тұратын жүйені құру болып табылады. Оның біріншісі – азаматтарға қызмет ететін тиімді мемлекет құру. Екіншісі — экономикалық дамудың қозғаушы күші, азаматтық қоғамның тірегі ретіндегі мықты бизнес қалыптастыру. Үшіншісі — жауапкершілікті азаматтық қоғам құру. Осы үш міндет тоқайласып, бірін-бірі толықтырып, міндет жүзеге асырылар болса, онда бағдарлама өз кезегінде жемісін беретіндігіне үлкен сеніммен қарауымыз қажет. Бағдарламаның тиімді жүзеге асырылуы үшін әр бес жыл сайын Жол картасы, ал әр жыл сайын іс-шаралар жоспарының әзірленуі құжаттың пәрменділігін арттырады, ықпалын жақсартып, қоғам үшін өзінің тек пайдасын ғана береді.
—Қазір біздің өңірде және Шымкент қаласы аумағында қылмыс пен құқық бұзушылықтың, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау бағытындағы позитивті бағдарлар жүзеге асырылып жатыр. Жұмыс жоқ деп кесіп айтуға болмайды. Соған қарамастан ара-тұра болса да ірілі-уақты қылмыстық әрекетерге жол беріп аламыз. Осыған қандай нақтылы тосқауыл қоюға болады?
—Есіңізде болса «Қазақстан-2050» стратегиясы белгіленген құжатта біздің Президент Н.Назарбаев «Жемқорлық—жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады. Біздің түпкі мақсатымыз — жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керек» деп атап көрсеткен. Шындығында да біздің алдымызда бұдан артық үлкен міндет жоқ. Жемқорлық – қоғам үшін індет. Ол сылып тастай салатын артық ет емес, оның тамыры тереңде жатыр. Адамдар қоғамды бұзатын әрекеттерге саналы түрде барады. Өз әрекетіне адами асыл қасиеттерді қарсы қоя алмайды. өзінің ар-ожданының алдында есеп бермейді. Жауапкершілікті сезінбейді, әрі десе қоғамға деген жанашырлықты бағалай алмайды. Орын алған жемқорлыққа қатысты жағдайларға сын көзбен талдау жасар болсақ, кейбір беделді, өзгелерге ықпалы мол лауазым иелерінің жөнсіз әрекетке жол бергендігі олардың қоғамға деген шын жанашырлығының аздығы мен және елге деген ниетінің аса түзу еместігімен астарласып жатады. Сондықтан, менің ойымша, біз адамдарды тәрбиелеуге, олардың санасында отансүйгіштікті, елжандылықты, туған еліне деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, саналарын соған қарай ойыстыруға көп күш салып, тәрбие мәселесіне жете назар аударуымыз керек деп ойлаймын. Сылдыр сөз, бейсауат пікір, еліне деген жүрегін жарып шыққан сүйіспеншілік болмаған жерде — айтылған әңгіменің барлығы бос әурешілік болып табылады. Әрбіріміз өз санамызды әуелі өзіміз тәрбиелеп, қала берді басқаларға да ұғындырып, көзін жеткізе білсек, сонда ғана ұтамыз, сонда ғана біз еліміздің іргесінің мықты, болашағының жарқын болуына жекелей үлесімізді қоса аламыз.
— Елбасының басшылығымен біз әлемнің ең озық отыз мемлекетінің қатарында болуды құр қиял ретінде арман деп емес, нақтылы және түбегейлі міндет санап отырмыз. Бірақ қоғамда осы мақсатты жүзеге асыру кезінде белгілі бір кедергілер кері әсерін тигізеді. Біз жоғарыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы біраз нәрселерді әңгімемізге арқау еттік. Енді сөз соңында осы келеңсіз жағдаймен күресудің жолдарын бір тұжырымдап өтсек.
— Көлеңкелі экономиканың пайда болуы мемлекеттің экономикалық өсу қарқынын тежеп қана қоймайды, ол әлеуметтік, саяси шиеленістердің асқынуына апарып соқтырады. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ, қазіргі Украинада орын алып отырған оқиғалар тікелей осының салдарынан болып отыр. Жекелеген адамдардың есепсіз іс-әрекеттері миллиондардың тағдырына кері әсерін тигізуде. Басбұзарлық, теңгерімсіздік, халықтың жаппай әбіржуі мен босқындыққа ұшырауы сол экономикадағы көлеңкелі істердің, жекелеген адамдардың сыбайластыққа жол беруінің, жемқорлықтың кең өріс алуының салдарынан болып отыр. Біздің еліміздегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясаты, ел басқарудағы көрегенділігі және алысты болжай білетін, саясатты бағалайтын жақсы қасиеттері елдің тыныштығын сақтауда тікелей қозғаушы күш болып отыр. Біз қазір бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ үшін деген ниеттегі жоспармен ілгері қадам басып, жаңа міндеттер шебін белгілеудеміз және жас мемлекеттің нық болашағын қалыптастырудамыз. Сыбайлас жемқорлықтың кейбір фактілерінің орын алуы сол игілікті істерімізге сызат түсіруде. Елбасының мына бір сөзін мен естен шығармаймын: «Өзінің туған елін, туған өлкесі ғасыр көшінен қалып қоймауын қаламайтын әрбір саналы азамат жемқорлықты ауыздықтау ісіне өзінің үлесін қосуы тиіс. Ол үшін әрқайсысымыз осы мәселеде өз азаматтық ұстанымымызды айқындап, оны түбірімен жоюға ат салысуымыз қажет» деген болатын. Бұдан артық сара жол, нақтылы бағыт-бағдар сірә бола қоймас. Біз сол үшін әрбіріміз өзіміздің құқықтық сауатымызды арттырып, жалпы жұртшылық арасында құқықтық түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыруды бірінші кезектегі міндеттердің қатарына қоюымыз қажет. Қоғамдағы әрбір оң өзгерісті одан әрі дамытып, тұла бойымызда елге деген жанашырлықты қалыптастырып, ұлтымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің беделіне, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін қандай да бір қауіпті құбылыстарға жол бермеу үшін күресуді бір сәтке де осалдатып, арқаны кеңге салмауымыз керек. Сыбайлас жемқорлықпен күрес – әр кездегідей міндетті борышымыз деп санай білсек, көптеген заңсыздықтардан, жат қылықтардан өзіміз ғана арылып қоймай, өзгелерді де арылтамыз. Бар мәселені заң және құқық қорғау қызметкерлері атқарады деп солай қарай итере салсақ, қоғамға жат элементтер жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай болып өрби бермек. Тағы бір айтар мәселе, біз жастардың бойында өзіміздің бойымызда бар жақсы қасиеттерді қалыптастыра алсақ, бұл болашақ бағытты күндердің шыбығын қадаған бағбанның өнегелі әрекетімен астасып жатары сөзсіз. Күрес неғұрлым ашық және бітіспейтін деңгейде болса, қоғам тазарып, адамдардың рухани байлығы артып, еліміз гүлденетініне біз сенуіміз керек және оны азаматтық парызымыз деп қабылдауымыз керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте біз қолданатын әдістер мен тәсілдердің, саяси, азаматтық әрекеттеріміздің үлкені мен кішісі болмайтынын санамыздан бір сәтке сызып тастаумауымыз керек. Көп болып жұмылсақ, көп нәрсе істей аламыз. Ендеше, «Мәңгілік ел» болу бағытында біздің қоғамдағы қандай да бір жағымсыз әрекеттермен күресіміз науқангершілікке айналмай, тұрақты түрде жүзеге асқанда біз алмайтын асу болмайды.
— Қайрат Рахымұлы, елдің саяси өміріндегі үлкен бағдарлама төңірегінде бізбен ой бөліскен әңгімеңізге шынайы пейілден алғысымызды білдіреміз. Ісіңізге табыс тілейміз. Сіз біздің «Уақыт» газетімен көп жылдан бері шығармашылық байланыс орнатып, өзіңіздің мемлекеттік деңгейдегі саяси, қоғамдық ой-пікірлеріңізді ұдайы оқырмандармен бөлісіп келесіз. Мұның өзі біз үшін және ондаған мың оқырмандарымыз үшін үлкен мақтаныш болып табылады. Алда да арамыздағы жақсы қарым-қатынас одан әрі өрбіп, байланысымыз жаңа мақсаттармен толыға түседі деген ойдамыз.
— «Уақытты» мен үзбей оқып тұрамын, тұрақты оқырманымын. Оның әр нөмерін мүмкіндігімнің болғанынша жібермеуге тырысамын. Сіздердің тараптан жекелеген басшы азаматтарды сынау және оған қайта соғып, оның жақсы жағын айту секілді теңгермешілдікпен жариялаған мақалаларыңыз басқа біраз басылымдарға өнеге болуы тиіс деп ойлаймын. Жаман адамның бойында бір жақсылық, ал жақсының бойында бір кемшілік болады. Сіздер осының екі жағын тең ұстап, образды ашып бересіздер. Осы сүйсіністі пікірім сіздердің басылымның бетінде жарық көретін жаңа мақалалармен молыға түседі деп оймаймын, әрі оған сенемін. Мынау бүгінгі сұхбаттасуымызға менің тарыпымнан болатын ризалығымды қабыл алғайсыздар.

Сұхбаттасқан:
Серікбай САПАРҰЛЫ.