ЖАЛҒЫЗ ҰЛ ЖАТ ЖЕРДЕ ЖАН ТАПСЫРДЫ

210
0

Өлім жайлы суық хабар сумаңдаған жел секілді жаманаттың жалауын алыс пен жақынға тез таратады. Тағдыры солай болған шығар, аты әлемге мәлім болған Рахат Мұхтарұлы Әлиев Австрия елінің астанасы Йозефштадт түрмесінде ақпан айының 23-і күні жергілікті уақыт бойынша 07:20-да киім ілетін ілмекке өзін өзі асқан өлі күйінде табылды.

Бұл мәліметтің растығын Венаның соты растап отыр. Өзінің туған елі, кіндік қаны тамған жерден тысқары елде осылайша бір қазақ көз жұмды. Дүниеге тез тараған мәлімет бойынша қазір алуан түрлі алыпқашты әңгімелер легі бір толастар емес. Оның өзінің жеке адвокаты суицид жасалғанына үлкен күмәнмен қарайды. Осының алдында ғана үш кісілік камерадан жеке камераға ауыстырылған Рахат Мұхтарұлы өзі бір уыс топырақ сала алмаған марқұм әкесі Мұхтар Әлиевтің қырық күндік еске алу асының алдында ғана фейзбук әлеуметтік желісі арқылы қаралы хабарды мүлдем кеш естігенін айта отырып, перзенті ретінде арнайы хат жазыпты. Оның мазмұны мына төмендегідей:
«Әке, сен қайтты деген хабар менің қабырғамды қайыстырды. Мұнда, Венаның тергеу изольяторына хабар кеш жетеді. Қазір сізге арнап бір ауыз сөз айту маған ауыр. Себебі, екеуіміздің арамызда көп нәрсе айтылмай, жасырын қалды.
Сен маған әрқашан үлгі болатын едің. Сенің ізіңді қуып, мен де сен секілді медицина саласында білім алдым. Дәрігер-хирург болдым. Әке, сен Қызылорданың құмды боранында, жоқшылықта, өмірдің тауқыметін тартып өстің. Бірақ, соған қарамай, медицинаның үлкен шыңына жеттің. Бұл, біріншіден, сенің қайтпас қажырлылығыңның арқасы еді. Сонан соң, ҚР медицинасын өз қолыңа алдың, басқардың. Маған бір жағынан қиын, екінші жағынан оңай болды. Сенің танымалдылығыңның арқасында мен де билікке келдім.

Сен «көмекке мұқтаж пациентке қолыңнан келгенше көмек беру менің парызым» деуші едің. Мұқтаждарға болысу, көмек беру сенің ел сүйген қасиеттеріңнің бірі еді. Біз отбасымызда, осы сенің кең жүрегің қаншаға жетер екен деп алаңдаушы едік. Бірақ, бұл сенің таңдауың екенін мен жақсы түсіндім. Сен медицинадағы Әлиевтердің династиясын құрдың. Сенің шәкірттерің Қазақстанның шартарабында, олар енді өздері доктор, кандидат және мықты хирургтер тәрбиелеуде.
Мені ҰҚК басқаруға тағайындаған кездегі сенің реакцияңды әлі ұмытқан жоқпын. Сен: «Қолыңды былғама!» деп едің. Сондай-ақ, «ҰҚҚ – бұл өте лас саясат» деуші едің. Сонда өзің маған: «Сен еш нәрсені өзгерте алмайсың. ҰҚҚ – бұл мемлекеттік билікке параллелді-билік және ол әрқашан лас нәрселермен айналысады» деп едің.
Мен ҰҚК-да істегенімнің бір ғана қайыры болса, ол ҰҚК архивінен атам туралы деректерді тапқаным болды. Тіпті, архивтердің арасында атамның суреті де болған еді. 1985-1987 жылдары оның басына күн туған кезде оның жанында ешкім қалмаған еді. Сонда, Сен, Владимер Ни және Сыздық Әбішев қана болған едіңдер. Сонда сен өз еркіңмен министрлік орынды босатып, отставкаға кеттің. Сенің бұл орынды босатуыңның басты себебі, оны тығырықтан шығару еді. Саған билік, мансап ешқашан қызық емес еді. Сен «дәрігер ретінде мен халыққа керекпін» дедің.
Біздің отбасымызға көңіл айтқан хатында екі түрлі ой білдірген. Оған рахмет. Ең құрығанда менің балаларыма, сенің немерелеріңе сенің жерлеу рәсіміңе қатысуға рұқсат берді.
Ол бұл дүниеде ешкімнің мәңгі емес екенін түсінсе керек.
Маған (сенің жалғыз ұлыңа) қазір өте қиын. Сенің алдыңдағы перезенттік парызымды өтей алмағаныма қиналам. Бірақ, бұл уақыт келетініне мен сенем».
Әкеге деген үлкен құрметі мен сағынышына толы осы жүрек тебірентерлік жазба оның өмірдегі ең соңғы өз қолымен жазылған хаты екен. Қайтыс болардан бір күн бұрын ғана адвокатының ұлы Рахатпен кездесіп, тергеуге байланысты біраз мәселелерді талқылағанына қарағанда оның өмірден бас кешуіне деген ешқандай әрекет байқалмаған. Қазір Австрияның құқық қорқау органдары мәселенің мән-жайына байланысты тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Қазақстан мемлекетінің Ұлттық қауіпсіздік комитетінде үлкен жауапты қызмет атқарып, 2007 жылы елге елуден мүлдем бас тартып, шетелде жасырынып жүрген Рахат Әлиев Қазақстанның Австриядағы елшісі және ОБСЕ-дегі уәкілетті өкілі қызметін атқарған болатын. Сол жылы оған банктің екі қызметкерінің өліміне және оппозиция серкелерінің көшін бастаған Алтынбек Сәрсенбаевқа жасалынған қастандыққа және мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді деген айыптаулар тағылып, осы ауыр қылмыстарға байланысты 2008 жылы сырттай сот шешімімен 40 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Өткен жылдың маусым айында ол Австрия құқық қорғау органдарының қолына түсіп, өмірінің соңына дейін абақтыда күн кешті. Қазақстан сотының таққан айыбы бойынша Австрияның тергеу органдары да оған осындай айып бойынша тергеу жүргізді. Қылмыстық әрекет дәлелденген жағдайда ол 10 жылға сотталатын еді.
Өлім өкінішсіз болмайды. Тағдырдың берген өлшеулі ғұмырындағы ақырғы дем мен дәм таусылған кезде адамның мәйітінің өз отанында мәңгілік тыныштық тапқанының өзі бір бақыт секілді. Өкінішке орай, Рахатқа бұл бұйырмады. Кейбір ресми мәліметтерге қарағанда оның денесінің Қазақстанға жеткізілуі мүмкін еместігі де айтылып қалды.
Аты иісі қазаққа мәлім, алтын қолды дәрігер, алған алғысы мен атағы, марапаты мол Мұхтар Әлиевтің жалғыз ұлы осылайша жат жерде, бөтен елде ақырғы күндерін тар қапаста өткізіп, өкінішпен көз жұмды. Өткен жылдың жазында ғана ел Президентіне өз қолымен хат жазып, жасаған оғаш тірліктеріне үлкен өкініш білдіретінін айтып, өзіне кешірім беріп, сенім білдіруін өтіне келіп, соған лайықты адам болатындығына ант ішкен еді. Одан ешқандай нәтиже болған жоқ. Қазақ қазаға қайырлы болсын дейді, өлгенді ешкім жамандамайды. «Тірінің жақсысы, өлгеннің жаманы болмайтынын» тағы бір еске ала отырып, өкініші мол қазаға бас шайқағаннан басқа бұл қазақтың қолынан не келеді?
«Уақыт».