Оңтүстіктен Риоға 21 спортшы барады

314
0


Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы хабарлады.

Оның айтуынша, Рио-де-Жанейро (Бразилия) қаласында өтетін XXXI жазғы Олимпиада ойындарына облыстан 21 спортшы спорттың 11 түрінен қатыспақ. Төрт жылда бір келетін Олимпиада ойындарында спортшыларымыз оқ ату, бокс, байдарка және каноэда есу, ауыр атлетика, жеңіл атлетика, дзюдо, батутта секіру, стенд ату, садақ ату, көркем гимнастика мен жүзу сынды спорттың түрлерінен елдің намысын қорғайтын болады.
Бұл спорттық жарысқа қатысуға елімізден 103 спортшы жолдама жеңіп алған болса, оның 5/1 бөлігі оңтүстікқазақстандық спортшылардың еншісінде.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихатына бокстан ҚР ұлттық құрама командасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов пен боксшылар Біржан Жақыпов және Қайрат Ералиев қатысты.
Брифингте сөз алған М.Айтжанов спортшыларымыздың жаттығуына барлық жағдайлар жасалғандығын айтып, бүгінде боксшыларымыз өз бабында екенін жеткізді.
Қазіргі таңда облысымыздың ең таңдаулы деген спортшылары Олимпиаданың жолдамасын жеңіп алып отыр. Жеңіс тұғырынан көрінетіндіктеріне сенім білдірген басқарма басшысы, барлық спортшыларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, 2016 жылғы жазғы Олимпиада ойындары 5-21 тамыз аралығында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтеді.