Аудан әкімдері арызқойлармен арпалысты бастады


Біз «Уақыттың» бетінде «Атамқұловтан аяушылық күтпеңдер, әкімдер!» деген тақырыппен мақала жариялап, онда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтың өңірдегі аймақ басшыларының алдына қойған тосын талабы турасында әңгімелегенбіз. «Облыс әкіміне қай аймақтан арыз бен шағым, өтініш көп түсер болса, сол аудан мен қаланың бірінші және салалық басшылары қызметтен босатылады» деген салмағы ауыр талап талайларға тыңнан жұмыс тауып берген секілді. Ортақ мүддені ойлап, аудан мен қаланың жағдайын жақсартып, жаңаша жұмыс істеу процесі қазір өңірде екінші сатыға сырылып қалған іспетті. Оны іссапарға барған кезімізде әкімдердің емеурінінен, көптің аузындағы сөзден кей ретте аңғарып та қалып жатамыз.
Әкім қаралар дағдарыстың дауылы дүниені бір тарының қауызына сыйғызып тұрған кезде, әлеуметтің әлеуетін көтеру, елдің экономикасын нығайту, қара халықтың қарнын тойғызатын ең өзекті мәселелерге баса назар аударып, сол жолда барын салудың орнына, ауылдағы арызқойлардың ауызын жаптырудың әрекетіне көбірек ден қойып жатқан сыңайлы. Яғни, ортақ мүддеден гөрі қарақан бастың қамы көбірек күйттелуде. Оның да негізгі себебі бар, өйткені өңір басшысы Бейбіт Атамқұловтың Сарыағашта алқалы жиында саусағын безеп тұрып айтқан сыртқа шығатын арыз бен шағым жайында аяушылық болмайтын ескертуі әкім мырзалардың есін алып қойған сыңайлы. Басшының қаһарына ұшырап, қапы қалып, қызметтен ауылдағы арызқойлардың шимайының кесірінен алынып кету кімге абырой дейсің? Сондықтан да, олардың қай-қайсысы болмасын арыз жазатындардың айтатыны шындық па, әлде аққа қара жағу ма, болмаса бақай есепке құрылған мәселе ме, ол жағына терең пайымдап, ерекше мән беріп жатпай, қайткен күнде де арызды алысқа аттандырмай, арыз жазатындардың қаламы мен қағазына тоқтам салу болып отыр. Оны білген ауылдағы атышулы арызқойлар өздерінің бағасын асырып, беделін арттыру үшін биліктің басындағыларға қоятын талабы мен міндетін де уақыт өткен сайын өршітіп, алуан жолдарын дамытып жатқанға ұқсайды. Арыз жазу азаюдың орнына жауыннан кейін қаптаған саңырауқұлақ секілді өсе түскен. Әкімдер қандай жолмен болмасын – алдап па, арбап па, жалынып па, қорқытып па қайткенде де оған тосқауыл қоюдың бар амалын жасап бағуда.
Арыз ауылдан ұзап, Шымқала мен Астанаға жетпегенмен, оның тигізер зияны, іске келтірер кедергісі аз болмаса, ол биліктің беделін арттырмайды. Ырғақты іске кедергі жасайды. Егер осындай-ауыл үйдің арасындағы күйкі тірлікпен күн кешуге басқаша бір тосын әрекет жасалмаса, өңірдегі Атамқұловтың командасы Елбасының алға қойып отырған нақтылы саясаты мен келелі міндеттерін орындауда орны толмас олқылықтарға жол беріп алуы әбден мүмкін.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтың командасындағы басшыларға қойған талабы дұрыс шығар, бірақ оны науқанға айналдыруға болмайды. Арыз жазылудан сескену мен үрейлену – шегірткеден қорқып егін екпегенмен бірдей. Сондықтан да жазатын нәрсе шын болса, кемшілікті көрсеткен сын болса – оған ешкім тосқауыл қоя алмайды. Ал «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп жоқтан бар жасап, жаптым жала, жақтым күйе әрекетке барғандар заңның алдында жауап беруі тиіс. Сондықтан да әкімдерді көлеңкесінен қорқатындай жағдайға жеткізбей, іске заң орындарын да араластыру қажет. Бұдан ешкім ұтылмайды. Қайта адамдар, оның ішінде жоғары жаққа домалақ арыз домалататындар таяқтың екі ұшы барын сезініп, отпен ойнап, басшының да, елдің де алтын уақытын зая етіп, үрей тудырып, ешкімді әбіржітпеуі тиіс. Бүгінгі биліктің сапында жүрген команда мүшелері осыны да ең басты ұстаным етер болса, онда қоғамда жат әрекет, келеңсіз құбылыс орын алмайды.
Қыдыр ҚАЛИЕВ.