«Маған берілген сенімнің үдесінен шыққым келеді»

447
0

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкенттен 45 шақырым қашықтықта орналасқан Ордабасы ауданының өңір үшін орны бөлек. Татулықтың туы көтерілген, бірліктің киелі шаңырағы Ордабасы тауы өз алдына бір үлкен әңгіме. Жыл он екі ай қорасында мал төлдеп мыңғырған, алқабында егіні жайқалған, бау-бақшасы бапталған алтын бесік ауылдың түтіні түзу шығып, тіршілігі қыз-қыз қайнауда. Кезінде Бөген қоймасының суындағы дәмі тіл үйірер балықтар үлкен сұранысқа ие болып, бұл балық шаруашылығын әжептеуір жандандырған еді. Бірақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңдерде аудандағы негізгі кәсіп – ауылшаруашылық саласы біраз шатқаяқтап, экономикалық-әлеуметтік даму тұралап қалған еді. Қазір ол күндер артта қалып, жергілікті жерде ауданның дамуын қамтамасыз ететін жаңа жоспарлар, тың бастамалар қолға алынып, нақты қайтарымды істер көрініс табуда. Бұған аудан әкімі Алмасбек Мамытбековпен болған сұхбатымызда анық көз жеткіздік.

—Алмасбек Кеңесбекұлы, Ордабасыда ауылшаруашылық саласы алда келеді. Бірақ бүгінгідей жаһандану заманында халықтың әлеуметтік жағдайына әл беретін өндірісті өрге сүйреу жұмыстарын қолға алудың маңызы зор екені Сізге жақсы мәлім. Осы бағытта ауданда қандай жұмыстар қолға алынуда?

—Бүгінде облыста 19 индустриялды аймақ құрылса, солардың қатарындағы «Қазақ-түрік» және «Шұбар» индустриялды аймағы Ордабасы ауданында орын тепкен. Онда үлкен инвестициялық жобалар іске асуда. Түрлі бастамалар қолға алынып, нәтижесі көрінуде. Мәселен, «Шұбар» индустриялды аймағынан «Сейітбек әулеті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 10,0 га жер телімі бөлінген. Бұл жобаның І кезеңі «Ордабасыагропромтех» ЖШС-нің базасында іске асты. Бүгінде қызыл мия дәрілік өсімдігінің тамырынан дәрілік сұйықтық қоспа өндірумен айналысып, өнімі шетелдерге жіберілуде. Фарма-цевтикалық өнім шығаратын бұл орында 60 адам жұмыспен қамтылған. Ал, қазақ-түрік индустриалды аймағында түрік инвесторларының қатысуымен бірнеше жобалар жүзеге асырылуда. Келешекте мұнда жұмсақ және кеңсе жиһаздарының, лак-бояу өнімдері, басқа да көптеген өндіріс өрге басады.
Индустриалды аймақтан бөлек, Бадам ауыл округінде 1 өндірістік аймақ бар. Ауыл шаруашылық техникасын құрастыратын, жобалық құны 7 млрд.
250 млн теңге болса «Казкиоти» зауыты мен жобалық құны 1 млрд. 700 млн. теңгені құрайтын «Карлскрона» болат құю зауыты осы аймақта орналасқан.Мұның барлығы жергілікті халықтың жағдайын көтеруге көп жәрдем берері сөзсіз.
Аудан халқын көгілдір отынмен қамтамасыз ету – күн тәртібіндегі басты мәселе. Қазіргі таңда жергілікті халықтың 6 пайызы ғана табиғи газ тұтынады. Ауылға магистралды газ құбырын тарту үшін бюджеттен қаржы қаралып, жұмыстар атқарылып жатқанын ескерсек, бұл мәселенің де өз шешімін табатын күні алыс болмасы анық. Егер көгілдір отын мәселесі өз деңгейінде болса, бұл ауданға инвесторларды тартуда біршама жеңілдік туғызар еді.

—Дұрыс екен. Ал ауданда қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарының жай-күйі қандай? Олар әлемдік талаптарға сай жұмыс істеп жатыр ма?

—Бүгінде ауданда «Ордабасы құс» фабрикасы қарқынды жұмыс жасап жатқанын білесіздер. Бұл ауданның экономикалық дамуында өзіндік орны бар мекеме. Тұрғындардың талғамынан шығатын өнімдері бүкіл республикаға тарайды. Сапалы әрі дәмді өнімі мойындалған бұл зауыт басшылығы жаһандық нарық талаптарына сай өз ісін ілгерілетуде. Өндіріс орнының жыл сайын қанатын кеңге жайып, шаруалар үшін қосымша жұмыс көзін қарастыруы соның нақты дәлелі. Жуырда «Ордабасы құс» ЖШС-ның басшысымен кездестім. Ол күркетауық балапандарын шаруаларға өткізіп, оны 6 айдан кейін бастапқы бағасынан 10 есе қымбатқа сатып алу туралы тың бастамасын білдірді. Баптап, жақсылап күтсе күркетауық балапанының салмағы сол уақыт ішінде 15-20 келіге жетіп, жеуге келеді. Бұл істің көзін таба білетіндер үшін ұтымды ұсыныс деп білемін.

—Осы ретте шағын және орта бизнес өкілдеріне көрсетіліп жатқан көмекті де айтып өтсеңіз…

—Шағын және орта бизнес – экономиканың өзегі. Нәсібін кәсіпкерліктен теріп жүргендерге көмек, қолдау көрсету назардан тыс қалмаған. Ағымдағы жылы шаруаларға «Ырыс» шағын несие ұйымынан, «Максимум» АИО-нан 157,7 млн, «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау орталығынан» 157,8 млн. теңге теңге көлемінде төмен пайызбен несие берілді. Бұл қаржылардың дені жылыжай салу, мал өсіру, бордақылау сынды ауылшаруашылық мақсатында жаратылды.

— Ордабасылықтардың басты проблемасы болып отырған кезек күттірмес жәйттерді, жалпы сырт көзге қораш көрініп тұрған түйінді мәселелерді ашып айта аласыз ба?

— Кез келген қоғамда қиыншылықтар мен проблемалар кездеседі. Қызметке келген алғашқы күннен бастап елді-мекендердің әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысып, өзекті мәселелерді саралаудамын. Бөген, Жеңіс, Шұбар Қарақұм. Төрткүл ауыл округтерімен қатар аудан орталығы Темірлан ауылын аралап, талай түйткілге қанықтым. Ағынсудың жетіспеушілігі көптеген ауылдың әлеуетін шектегеніне көз жеткіздім. Басты себеп — арық-атыздардың бітеліп қалуы. Кейбір арықтар тіпті бетондалып тасталған. Мәселен, аудан да 32300 гектарға жуық суармалы жер болса, соның 1795 гектары жердің сорлануы мен ағын судың бармауынан пайдаланылмай отыр. Бұл олқылыққа нүкте қою мақсатында нақты жұмыс кестесі түзілуде. Күз айларынан бастап арық-атыздардың көзін ашып, ауылды көгалдандыру жұмыстарына кіріспекпіз.
Балық шаруашылығын дамытуды да ұдайы назарда ұстаудамыз.
Аудандағы әр үйдің ауласында 15-20 соттық жер бар. Осындай үй іргелік жерлерді тиімді пайдалану тетіктерін қарастырудамыз. Көптеген тұрғындар оны мақсатты пайдаланып жатқан жоқ. Оған әлгінде айтып өткен ағынсудың толық жетпеуі де өз салқынын тигізуде. Алға қойған негізгі мақсаттарымыздың бірі осы кемшілікті реттеу. Соның негізінде ауылда белгілі бір жемістің қандай түрі мол өнім береді, көкөністің қайсысы жақсы өседі, қай сорттағы ағаштарды отырғызсақ тамыр терең тартып, мәуелі өнім береді деген мәселелерді елеп-екшеп, арнайы сараптап, жоспар құрудамыз.

— Қарақан бастың емес, халықтың қамын ойлаған басшы елге жақсылық істеуді, игілікті іс қалдыруды мақсат етеді. Сіздің бірталай жауапты қызметтерде жемісті жұмыс істегеніңізді білеміз. Тәжірибеңіз жетерлік. Жергілікті жұрттың санасында ұзақ сақталып қалатындай қандай іске асырар тың идеяыңыз бар?

— Жақсы ісімен халық көңілінің төрінен орын алу – кез келген басшының мақсаты және арманы. Иә, менде де осындай ізгі ой бар екенін жасырғым келмейді. Және оны жүзеге асыру үшін барымды саламын.
Ауданда өндірістің өрге басуына ықпал етсем деген ниет бар. Осы орайда, инвесторларды тартумен айналысудамын. Бұрындары Темірлан ауылының кіреберісінде нан зауыты болған. Кезінде дәурені жүріп тұрған зауыт жекешелендірудің бірінші толқынына ілігіп, тұралап, тоқырауға ұшырған. Кейіннен басқа азаматтың қолына өтіп, май шығару цехына айналды. Бірақ нарықтың қатал заңына шыдас бермей, аталған цех 47 млн. теңге берешегімен банкке өткен. Қазіргі таңда банк басшылығымен кездесіп, жағдайы тығырыққа тірелген сол бір нан зауытын қайта жандандыру үшін кәсіпкерлерді тартудың жолдарын қарастырып, оны қайта түлетуді мақсат етудемін.
Жалпы ой көп, тың идея толып жатыр. Оның барлығын айтып, жәй сөздің адамы болып көрінгім келмейді.

— Саз падишасы Шәмші Қалдаяқовтың әніне арқау болған Арыс өзені осы ауданның орталығы Темірланның маңынан өтеді. Күллі елге танылған Арыс жағасын туризм орталығына айналдыру туралы қандай ойыңыз бар?

— Жалпы сіз менің ойымдағы дүниені дөп бастыңыз. Арыс өзенінің жағасы туризмді дамытуға сұранып тұрғандай. Осыған орай өзен жағасынан демалыс аймағын құру туралы жобалар дайындап жатырмыз. Және ол өміршең жоба болуы тиіс. Содан соң инвесторларды тартамыз. Әрине, бұл көптеген оқырман үшін жәй сөз сияқты болып сезілуі мүмкін. Бірақ қолға алса, әп-сәтте жүзеге асатын дүние. Қазір Төлеби, Шардара аудандарында заманауи түрде халыққа қызмет көрсететін бірнеше демалыс орындары бар. Осыдан 10-15 жыл бұрын ол жерлерде сондай демалыс аймақтары ашылады десе ешкім сенбейтін еді. Бірақ істің көзін таба білетін кәсіпкерлер мүмкін емес деген нәрсені орындады. Осындай азаматтардың қолға алуымен келешекте Арыс өзенінің жағасынан туристер үшін барлық қолайлы жағдайлар қарастырылған жақсы демалыс аймағы бой көтеретініне сенемін.

—Сіз көп жылдан бері жауапты жұмыстарды абыроймен атқарып келесіз. Әсіресе облыстың ішкі саясат саласында жемісті жұмыстарыңызбен жұрт жадында сақталып қалдыңыз. Сондықтан сізді оқырман қауым идеолог ретінде де жақсы таниды. Жалпы жұмыс барысында осы салаға көп екпін беріп, идеология жөніндегі орынбасарыңызға тапсырманы тиісті талаптан асырып беріп жатқан жоқсыз ба?

—Сұрағыңыздың астарын түсіндім. Идеология саласында біраз жыл қызмет атқардым. Бірақ бұл осы салаға басымдық беріп, қалған мәселені екінші орынға қою деген сөз емес. Барлық салаға барынша бірдей мән беруге тырысамын. Оның ешбірі сырылып, назардан тыс қалмауы керек. Әрқайсысының ауыр жүгі жетерлік. Ең бастысы соны сүйрей білетін маман болуы қажет. Дегенмен идеология әрдайым күн тәртібінен түспеуі керек. Оны басқа саламен салыстыруға мүлдем болмайды. Мысалы, құрылыс жұмысында қандай да бір нысанды көтеруді көздесең, кестеге сай оны салып, межеленген мерзімде пайдалануға бересің. Болды. Ал идеологияда көп жағдайда қолға алған мәселені орындау нақты уақытпен өлшенбейді. Мәселен жастардың теріс ағымдарға кетпеуі, есірткі тұтынбауы, темекі тартпауы, нәпсіге ермеуі сынды мәселе қашан да назардан тыс қалмайды. Бұған бір сәт көңіл бөлмесек, отбасымыз ойран, болашағымыз бұлыңғыр болады. Сондықтан идеология бағытындағы жұмыстар жыл он екі ай тоқтамауы керек. Және оның басы қасында білікті мамандар жүруі керек.

—Кадр саясатына келсек. Сіз басқарып отырған ауданда мемлекеттік қызметке жастарды қабылдау деңгейі қандай?

— Мемлекеттік қызметке жастарды тартуды қолдаймын. Өйткені олар уақытпен санаспай еңбек етуге ынталы, кез келген жаңашылдықты меңгеруге икемді. Бастысы жалынды, әрі ізденімпаз келеді. Бірақ, жастар-жастар деп аға буынды екінші орынға ысыруға болмайды. «Жас әдемі болғанмен, қарт ақылды емес пе?» деген. Бәрібір де аға буындардың біліктілігі, тәжірибесі жас мамандардан бірнеше саты жоғары тұрады. Кейінгі ұрпақтың олардан үйренер дүниесі көп. Сондықтан таразы басын тең ұстау керек деп есептеймін.


—Бүгінде дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегіне кеткендер қоғамға үлкен қауіп төндіріп жатыр. Соның көпшілігі жастар. Кешегі Ақтөбеде, Алматыда лаңкестердің әрекетінен жұрттың әжептеуір сескеніп қалғаны жасырын емес. Лайым кереғар діннің жетегінде кеткендердің қолымен жасалған мұндай кесір елде болмасын деп тілейік. Дегенмен, «сақтансаң сақтаймын» деген тағы бар. Жастардың кері жолға түсуінің алдын алу бағытында ауданда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

— Жастар тәрбиесі, соның ішінде олардың жат ағымның соңына түспеуі ешқашан өзектілігін жоймайтын мәселе. Осы бағытта аудандағы кейінгі ұрпақ өкілдеріне ардагерлердің, имамдардың қатысуымен кездесулер өткізіледі. Онда мәнді сөз, мағыналы ой, тағылымды дүниелер айтылады. Бірақ бұл тәлім отбасында көрініс таппаса, тәрбиенің мұндай түрі, олардың түрлі кері жолға апаратын қауіптен толық құтқармайды. Өйткені, үйдегі бала тәрбиесінің алар орны орасан. Көп ата-ана «бала тәрбиесіне мектеп жауапты» деп айтады. Бұл қате пікір. Оқушы бір күнде 6-7 сағат уақытын мектепте өткізсе, қалған 17-18 сағатта ата-анасының қасында болады. Осыны біле тұра тәрбиеге мектеп жауапты деу қисынсыз емес пе?! Сөздің шынын айту керек, қазір мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс берік емес. Босаңсыған. Әке-шешелердің басым көпшілігі ұрпақ тәрбиесіне жүрдім-бардым қарайды. Аптасына емес, ең болмаса айына бір рет мұғалімге келіп, баласының үлгерімі туралы сұрауға уақыт таппайды. Олар ұстаздармен тығыз қарым-қатынас орнатса көп келеңсіздіктерді алдын алуға болатынын терең түсінбейді.

—Алмасбек Кеңесбекұлы, жалпы көптің көңілінен шығу қиын. Көпшілік әкімдер жайында ала-құла пікір айтады. Оның ішінде жәй әншейін кергитіндер де, орынды сын айтатындар да бар. Сондай сынның бірі — ол әкімдердің жұмыс кабинетінен шықпай, халықтан алшақ жүретіндігі. Сіз осындай әкімдердің қатарынансыз ба?

—Жалпы кеңседе отыра бермеймін. Себебі, ауданның ахуалын кабинетте отырып жақсарту мүмкін емес. Таңертең жұмысқа келгенде, тиісті құжаттарға қол қою, келген хаттармен танысу, қызметкерлермен тілдесу, кеңесу сынды жұмыстарды жолға қойған соң, ауылдарды аралауға кірісемін. Аудандағы егіс алқаптарының басына барып, шаруалармен тілдесемін. Биыл ауылшаруашылық саласында проблемалар өте көп болды. Егін алқаптарын шегіртке басты, ауа райының қолайсыз болғаны тағы бар. Жанар-жағармайды шаруаларға жеткізу жағдайы… Міне, осы бағытта туындаған түйіткілдерді реттеу үшін оны тиісті мамандармен кеңесіп шешсең еңбегің өне түседі. «Ақылдасып пішкен тон келте болмас» деп тегін айтылмаған ғой. Бір жағы өзің де көп жәйттен хабардар боласың. Бұлардың барлығын болмаса да кейбірін телефон арқылы қоңырау шалып, немесе тиісті қызметкерлерім арқылы бақылап отырсам болады. Бірақ, «мың рет естігенше, бір рет көр» деген тәмсілге сүйенемін.


— Бос уақытыңызда немен шұғылданасыз?

— Бос уақытым көп емес. Бірақ уақытым жоқ деп айтудан аулақпын. Адамзат баласы қаласа кез келген іске уақыт табады деп ойлаймын. Өз басым сондаймын. Мен уақытымның көп бөлігін жұмыста өткіземін. Кейде үйге кеш қайтамын. Себебі, күні бойы атқарылған жұмыстарды саралағанда, кейбір кезек күттірмес мәселелердің шешілу жолдарын шұғыл қарастыру қажеттігі туындап жатады. Жұмыс орнында отырғанымда мейлінше теледидардағы жаңалықтарды өткізбей көруге тырысамын. Мерзімді басылымдарды да бір шолып өтемін. Жалпы халықтың адамы болған соң өзіңді барлық саладан хабардар ұстауың керек. Адам өмір бойына ізденуі тиіс. Әлемде, елімізде болып жатқан барлық жаңалықтарды біліп жүру ізденістің бір түрі деп есептеймін. Кейде көк жәшіктегі ақпараттық, танымдық бағдарламаларды тамашалап отырғанда санаңда бір ой пайда болып, идеялар туындап жатады. Жалпы жан-жақты болғанды дұрыс көремін. Бұған талпыну адамзат баласын шыңдай түседі.

– Ал спортқа уақыт табасыз ба?

– Таңертеңгі екі сағатымды жүгіру және дене жаттығуларымен өткіземін. Және оны күнде жасаймын. Соған қалыптасып қалғанмын.

– Өзіңізбен сұхбаттасу арқылы біз алдағы уақытта ауданда талай ілкімді істердің қолға алынатындығына көз жеткіздік. Ісіңізге сәттілік тілейміз. Осы тұста жоспарланған жұмыстарыңызды қанша уақытта толық жүзеге асырамын деп ойлайсыз?

– Алға қойған жоспарларым «мынандай уақытта іске асады» деп уақыт кесіп айтудан аулақпын. Жұмысымды «Тәңірім қолға алған ісімді оңғара гөр» деген ниетпен бастаймын. Уақытпен санаспай жұмыс істеу керек деп білемін. Жұмыстың нәтижесін көруге асықсаң, уақытыңның қалай өткенін білмей қаласың. Ауданда қолға алынып жатқан жұмыстардың барлығының да баянды болуы тек маған байланысты емес. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайтыны» сынды бір әкім талпынғаннан нәтиже аз болады. Әкім аппаратындағы қызметкерлерге де көп нәрсе байланысты ғой. Осыны оларға жиі айтамын. Яғни, «саусақ бірікпей, ине ілікпейтінін» ескертіп, бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын.

—Әбеке, уақыт бөліп, бізбен тілдескеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Талғат ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ