«МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ – ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫН НЫҒАЙТАДЫ»

363
0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Ұлт Жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасында Үкіметке міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді қадап айтқан болатын. Соған орай тиісті талдау, елеп-екшеу жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу туралы заң жобасы әзірленді. Өткен жылдың қараша айында оған Президент қол қойды. Жаңа заң 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады. Ол күннің де ауылы алыс емес. Соған орай біз жаңа жүйенің қалай жүзеге асатыны, артықшылықтары мен өзге де ерекшеліктері туралы оқырманға толық ақпарат беру мақсатында Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Әнуарбек Маймақовпен тілдескен едік. Сала басшысы қойылған сауалдарға төмендегіше жауап берді.

– Әнуарбек Әбдібекұлы, дамыған отыз елге енуді жоспарлап отырған Қазақстан отандық медицинаны еуропалық талаптарға сәйкестендіруде. Осы мақсатта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жұмыс істеу қолға алынуда. Халықтың аталған жүйе негізінде ем алатын күні де тақау. Жалпы бұған қараша халық дайын деп ойлайсыз ба?

– Мәскеу бірден құрылмаған ғой. Әрине халықтың бұл жаңалыққа үрке қарауы, түсініспеушіліктер немесе қарсы болуы сынды қиындықтар орын алуы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе халық бұл жүйенің аспаннан алынбай, дамыған елдің тәжірибесіне сүйене отырып енгізілгенін түсініп, кейіннен мұны қалыпты дүние ретінде қабылдап кетеді деген пікірдемін. Бұған қол жеткізуге денсаулық сақтау жүйесі, медициналық қызметке ақы төлеу мен медициналық қызметтің сапасын бақылау мекемелерінің қарым-қабілеті жетеді ден нық сеніммен айта аламын. Естеріңізде болса, Қазақстан осыдан бірнеше уақыт бұрын, дәлірегі 1996 жылдары медициналық сақтандыру жүйесіне көшуді қолға алған. Бірақ ол сәтсіз аяқталған. Қиындықтың адамды шыңдайтыны сынды, мейлі сәтсіз аяқталса да, сол кездегі жұмыстардың өзі бізге тәжірибе қалыптастырып кетті деп ойлаймын.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) маңыздылығы неде? Бұл жүйе қалай жүзеге асады?

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкерлердің ортақтаса атсалысуы болып табылады. Олардың бұл қаржылары Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің базасында арнайы құрылған қорға түседі. Кейіннен қор бірыңғай қызмет ақысын төлеуші ретінде әрбір адам таңдаған медициналық қызмет түрлерін көрсеткен мекемеге келісім-шарт негізінде төлем ақы аударады. Ал енді бұл жүйенің маңыздылығына тоқталып өтсем. Бүгінде кез келген дамыған елде денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаржы көлемі өзге салаларға қарағанда әлдеқайда өсіп отыр. Жаңа жоғары технологияның көмегімен жүзеге асатын, бағасы қымбат медициналық қызмет түрі көп сұранысқа ие болуда. Бұл құбылыс бізде де байқалады. Егер біз бүгінгідей кепілдік берілген тегін медициналық көмек жүйесінде жұмыс жүргізе берсек, экономикаға үлкен салмақ салуымыз әбден мүмкін. Мұндай түйткілді өзге елдер де бастан кешірді. Сондықтан да олар тығырықтан шығар жол ретінде – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшті. Нәтиже жемісті болды. Бар болғаны бірнеше айдың ішінде қорға миллиардтаған қаржы жиналды. Оның барлығы халықтың денсаулығын нығайтуға жұмсалды. Біз осындай халықаралық тәжірибеге сүйеніп, жаңа жүйеге көшкелі отырмыз. Ұтарымыз көп деп ойлаймын.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша 2017 жылдан бастап арнайы құрылған қорға кімдер қаржы құяды. Және оның көлемі қанша болады?

– Кез келген жұмыс беруші 2017 жылдан бастап жалпы кіріс көлемінің 2 пайызын, 2020 жылға қарай 5 пайызын қорға жарна ретінде төлейді. Ал жұмыскер бұл міндетті 2019 жылдан бастап, айлығының 1 пайызын, 2020 жылы 2 пайызын аударуды іске асырады. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар 2017 жылдан бастап 2 пайыздан, 2020 жылға қарай 7 пайызға дейін жарна төлейтін болады. Бұлардың қатарына кәсіпкерлерді, заңгер, жеке сот орындаушылары, нотариус, қорғаушы, кәсіби медиаторлар кіреді.

– Ал мүгедек, жұмыссыз ретінде арнайы тіркеуде тұрғандар мен еңбекке қабілетсіз сынды әлеуметтік жағынан әлсіз деп саналған жандардың жағдайы не болмақ?

– Бұл жүйе әбден сүзгіден өтіп, елеп-екшелгенін жоғарыда айтып өттім. Мемлекет сіз айтып отырған жәйтке де ерекше мән беріп, ондай топтағы азаматтардың жәй-күйін өз қамқорлығына алып отыр. Яғни, 18 жасқа дейінгі балаларға, көп балалы аналарға, мүгедектерге, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оған теңестірілгендерге, жұмыссыздарға, интернат тәрбиеленушілеріне, зейнеткерлерге, студенттерге, бала күтіміне байланысты еңбек демалысында отырған әйелдерге, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне, әскери, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен жазасын өтеушілерге мемлекет елімізде орташа айлық деп белгіленген қаржының 7 пайызын қорға аударып отыруды өз міндетіне алып отыр. Соның негізінде олар да мемлекет есебінен тегін көмек алуға қол жеткізеді.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың артықшылығы туралы не айтасыз?

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы сіз еркін таңдау жасап, кез келген жағдайда, кез келген күнде сапалы медициналық қызметке қол жеткізе аласыз. Қалай? Басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздаса, ең әуелі сіз өзіңізге ұнайтын емханаға бас сұғасыз. Олардың қатарында жекеменшік клиникалар да болады. Ондағы мамандар сіздің төлқұжатыңыздағы жеке сақтандыру нөмірін тексеру арқылы сақтандыру полисіңіз бар, не жоқ екеніне көз жеткізеді. Егер бар болса Сізді сол емханаға тіркеп, тиісті көмектерін көрсетуді жалғастырады. Сізге жасалған ем-дом шығынын тиісті мерзім ішінде сол емхана медициналық сақтандыру әлеуметтік қорына жолдап, қаржыны сол қордан алады. Қордағы қаржы мемлекет бақылауында болады. Ал егер сақтандыру полисіңіз болмаса, ақылы медициналық қызметке жүгінуіңізге тура келеді. Бұл қалтаңызға әжептеуір салмақ салады. Мұндайда «малым жанымның садағасы» дегенді алға тартатындар кездесер. Бірақ әркез қомақты қаржыға ем алғанша, тапқан табысыңыздың 7 пайызын ғана қорға аудару арқылы әрдайым сапалы ем алып жүрген әлдеқайда тиімді сияқты. Таңдау халықтың патша көңіліне тапсырылады.

– Ал сақтандыру полисін алмаған азаматтар жазатайым жағдайға душар болып, тап сол сәтте онда теңге болмаса, ақ желеңділер оған ем көрсетуден бас тарта ма? Сонда Гиппократ анты қайда қалады деген заңды сұрақ туады?

– Жаңа заңға сәйкес қазіргі таңда мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын базалық ауқым сақталады. Базалық ауқым дегеніміз – ол Қазақстанның кез келген азаматына жедел-жәрдем, санитарлық авиация, амбулаторлық-емханалық (бастапқы медициналық-санитарлық және консультативті-диагностикалық) көмек көрсету, шұғыл медициналық көмекті қажет ететін азаматтарға стационарлық деңгейде көмек көрсету, профилактикалық екпелер салу, әлеуметтік мәні бар және айналадағылар үшін қауіп төндіретін ауруларға ұшырағандарға стационарлық және оны алмастыратын көмек көрсету емдері кіреді. Сондықтан да алаңдауға негіз жоқ. Яғни, қазіргі таңдағы қолданыстағы тегін кепілді қызмет негізінде берілетін медициналық ем сақталады. Базалық ауқымда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған азаматтарға (2020 жылға дейін) емделу де енеді.
Ал сақтандыру жарнасын төлеу арқылы Сіз амбулаторлық емханалық көмекті (базалық ауқымға кірмейтін жағдайларда), жоспарлы стационарлы көмекті және оны алмастыратын көмекті (базалық ауқымға кірмейтін жағдайларда), жоғары технологиялық медициналық қызметтер, амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сынды емдерге қол жеткізесіз. Базалық ауқымға кірмейтін яғни, медициналық көмектің мұндай қосымша ауқымы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының есебінен қаржыландырылады. Ал базалық ауқымға кірмейтін жоғарыдағы емдер үшін азаматтар медициналық мекемеге қолма-қол ақша төлеу арқылы немесе ерікті сақтандыру қорына қаржы аудару арқылы қызмет алуға құқылы.

– Әнуарбек мырза, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша оқырмандарымыз көкейдегі сауалдарына тұщымды жауап алды деген үміттеміз. Енді өзіңіздің негізгі жұмысыңызға да тоқталып өтсеңіз. Осыдан екі жыл бұрын облыстағы педиатриялық көмек облыстық балалар ауруханасында орталықтандырылған болатын. Соның негізінде ауруханада эндокринология, офтальмология, кардиология бөлімшелері ашылды. Жалпы бұл жаңа жүйе жемісті нәтижесін беріп жатыр ма?

– Бұл бірігудің маңызын халық үшін қандай рөл ойнайтынын сол уақытта жеткілікті түрде түсіндіре алдым деп ойлаймын. Дүние есігін кеше ғана ашқан сәби өлім мен өмір арасында арпалысып жатқанда әрбір минут дәрігерлер үшін де, ата-ана үшін де алтыннан да қымбат. Сондықтан оны кардиологқа бар деп ары жіберіп, көз дәрігеріне көрініп келсін деп тағы күтіп отырсақ көп мүмкіндіктен айрыламыз. Мұны тәжірибе көрсетті. Сондықтан да облыс әкімдігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен осы жүйе қолға алынды. Маман ретінде бұл бірігуге қатты қуандым. Шын мәнінде бұл балаларға жасалған жағдай. Бұл бірігудің арқасында біз қаншама балаға өмір сыйлаймыз. Мәселен, жүрегінде ақауы болып, мүгедек болып туылған бала едел-жедел жасалған отаның арқасында ауруынан құлан-таза айығып кетуде. Қуануымның мәнісі де осында.

– Облыста балалардың денсаулығын жақсарту мақсатында барлық жағдайлар жасалып жатыр. Бірақ денсаулығында кінараты бар балалар азаймай отыр. Бұған маман ретінде не айтасыз?

– Дүниеге ұрпақ әкелу – әйел азаматтарымыздың ең асыл міндеті. Көп жағдайда қаракөздеріміз мұны терең түсінбейді. Қазіргі таңда көптеген қыздар бала тұрмақ, өз денсаулықтарын ойламайды. Сыртта сақылдаған сары аяз болса да жеңіл киініп жүре береді. «Аурудың желмен кіретінін» қаперіне де алмайды. «Сұлулық құрбандықты қажет етеді» дегенді алға тартатынын қайтерсің. Сөйтіп әбден ағзасын әлсіретіп алады. Ол жастық жалынмен білінбейді. Сөйтіп жүргенде босаға аттайды. Жүкті болады. Нәтижесі ана өлімімен немесе кемтар баланың дүниеге келуі секілді қасіретпен аяқталады.
Сонымен қатар жүкті болған жауапкершілігі жоғары кезеңде өз денсаулығына жүрдім-бардым қарайтын келіншектердің немқұрайлығының арқасында денсаулығында міні бар балалардың өмірге келуі көбейіп жатыр. Тағы бір себеп кейбір келіншектердің бала тууды жоспарламауы болып отыр. Нәрестелі болған соң, артынша тағы құрсақ көтерген әйелдің қалыпқа түспеген ағзасында өсіп жетілген сәби де сау болып туылуы екіталай. Репродуктивті жастағы әйелдердің көпшілігі бекзат болмысты боламыз деп құнарлы өнімдерден бас тартып жатады. Тіпті дұрыс тамақтанбайды. Нәтижесінде қаназдық, ағзада дәрумен жетіспеушілік сынды аурулар пайда болады. Мұндай жағдайда әйел өмірге дені сау ұрпақ әкеледі деп кепіл беруге болмайды. Сондықтан да әрбір ана дүниеге сәби әкелмес бұрын өз денсаулығын қалыпқа келтіруі керек. Кез келген емханада отбасын жоспарлау кабинеті бар. Сондағы маманмен кеңесіп, қадам жасағаны дұрыс. Сонда ана өлімі де азаяды, кемтар болып туылатын бала саны да мейлінше кемиді.

– Ана мен бала денсаулығы бойынша көкейіңізде тағы қандай мәселе бар?

– Баланың дұрыс қалыптасуы ең әуелі ардақты аналарға тікелей байланысты екенін баса айтып өттім. Сәби өмірге келген соң, оған жасалған күтімнің де үлкен рөл ойнайтынын білуіміз керек. Бірақ көптеген ата-аналар бала өсіп, енді қалыптасып, еңбектеп, өздігінен жүріп, өзінше былдырлап тілі шығып, қылық көрсетіп келе жатқанда арқаны кеңге салып көптеген қателіктерге бой алдырып жатады. Сананы улаған сериалдарға зер салып, телефонға телміріп отырғанда жетектегі сәбилердің отқа түсіп, суға күйіп, биіктен құлап немесе жол-көлік апатына түсіп қалуы орын алып жатады. Қаратабан болды екен деп оны назардан шығару дұрыс емес. Бала әрқашан балалығын істейді. Сондықтан оны көзіміздің қарашығындай қорғауымыз қажет. Тағы мына мәселеге ерекше тоқталғым келеді. Ата-аналар балаға дүкен сөрелеріндегі ағзаға қауіпті жасанды тағам түрлерін алып беріп жатады. Оның құрамы да қажетсіз қоспаларға толы. Өз кезегінде бұл асқазан ішек жолдары, гастрит, жүрек аурулары, семіздік пен қант диабеті сынды аурулардың жасаруына жол ашады. Сондықтан да әйел азаматтарымыз ұрпақты дүниеге әкелу, оны тәрбиелеуді ұсақ-түйек деп емес, ұлы іс деп түсініп, жауапкершілікпен қараса екен деген ізгі тілек айтқым келеді.

—Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
А.АТЖАРИЕВ