ШАТҚАЛДАРДЫ КӨГАЛДАНДЫРУҒА УНИВЕРСИТЕТ ҰЖЫМЫ АТСАЛЫСАДЫ

264
0

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінде өткен «Шымкент қаласының аумағындағы шатқалдарды көгалдандыру» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында айтылды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Шатқал» бағдарламасының бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін аталған жоғары оқу орнының ғалым, профессорларымен талқылау барысында университет ұжымы тарапынан облыс әкіміне 5 гектар жер учаскесін бөлу туралы ұсыныс жасалды. Яғни, оқу орнының студент, оқытушылары арнайы бөлінген жер учаскесін көгалдандырып, абаттандыру жұмыстарын міндетіне алмақ.

Жиынға ОҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы М.Отаршиев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Б.Жанбосынов, аталған жоғары оқу орнының ректоры Ж.Мырхалықов және университеттің ғалым, профессорлары қатысты.

Дөңгелек үстел барысында баяндама жасаған облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы өткен аптадан бастауын алған «Шатқал» бағдарламасы жайлы мағлұмат келтіріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сонымен бірге, М.Отаршиев бағдарламаны жүзеге асыру барысында Түркиядағы шатқалдарды дамыту бағдарламасы бойынша түзілген Анкара қаласының өткені мен бүгіні жайлы арнайы дайындалған слайдты үлгі ретінде көрсетті.

Мұнан бөлек, отырыста М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғалымдары «Күрделі рельефті жерлердегі және Шымкенттің ыстық климаты жағдайындағы ландшафтық жобалау», «Қалалық ландшафтарды көгалдандырудың экологиялық аспектілері», «Оңтүстік Қазақстан облысының шатқалдарында өсетін өсімдіктер» және «Ағаш және бұтақ көшеттерін Айкөл ауылындағы 80 гектар жерге өсіру питомнигінің жобасы» тақырыптарында баяндамалар оқылып, аталған басқарма басшылығына түрлі ұсыныс, пікірлер жасалды. Нақтырақ айтқанда, оқытушылар құрамы «Шатқал» бағдарламасы аясында қола алынған жер учаскелерін абаттандыру ісінде демалыс орындарына тарихи, мәдени ашық мұражай салу, тек ұлттық кинотуындыларымыз көрсетілетін кинотеатр салу сынды ойларымен бөлісті.

Пікірлерді мұқият тыңдаған М.Отаршиев жиын соңында М.Әуезов атындағы ОҚМУ ұжымының ұсынысын оң бағалап, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Еске салайық, таяуда Оңтүстік Қазақстан облысында қала аумағындағы қараусыз қалған шатқалдарды көгалдандырып, қаланың экологиялық ахуалын жақсарту үшін демалыс орындарына айналдыру мақсатында «Шатқал» бағдарламасы бастауын алып, жүзеге асырыла бастаған болатын. Бірінші кезеңдегі жұмыстар ретінде жалпы көлемі 97 гектар жерде орналасқан 5шатқалдыкөгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып, оның Тассай тұрғын үй алабында орналасқан бір шатқалына (көлемі 25 га) «Шымсая» атауы беріліп, 2 мыңға жуық ағаш көшеттері егілді.