ҚАЗЫҒҰРТТА ЖЫЛЫНА 200 ТОННА ӨНІМ ӨНДІРЕТІН КОНДИТЕРЛІК ЦЕХ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

289
0

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен Қазығұрт ауданына БАҚ өкілдерінің ақпараттық туры ұйымдастырылды. Журналистер тобы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай атсалысып, үлес қосып жүрген бірқатар серіктестіктерді көрді, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Ең алдымен, тілшілер тобы Қазығұрт ауданы, Шарапхана ауылдық округіндегі «Қазығұрт Нұры» ЖШС-нің жылыжайында болып, көлемі 1,8 га құрайтын қызанақ пен қияр өсіретін шаруашылықты аралады. 2001 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан серіктестіктің төрағасы Аманжол Әшірбаевтың айтуынша, мұнда қазіргі таңда қаңтар айының екінші онкүндігінде егілген қызанақ көшеттері өсіп жатыр. Сәуір айында әр гектар 120-150 тонна қызанақ алу күтілуде. Жылыжайда 15-20 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, маусым кезінде олардың саны 45 адамға дейін жетеді. Айлық жалақылары 60-70 мың теңге көлемінде. Шаруашылықтан 2016 жылы 540 тонна өнім алынса, оның 300 тоннасы қызынақ, 240 тоннасы қияр.
Айта кетейік, 2016 жылы Қазығұрт ауданында жылыжайлар қосымша 7 гектарға ұлғайтылып, осы жылыжайлардан 24,5 мың тонна көкөніс өнімдері жиналған. Жалпы, мұндағы жылыжайлар көлемі 72 гектарға жетті. Ал облыстағы жылыжайлардың көлемі 1123,1 гектарды құраса, бұл республикадағы үлестік көрсеткіштің 80%-ын құрайды. Оның 67,7 гектары өнеркәсіптік жылыжайлар болса, 1055,4 гектары фермерлік жылыжайлар. Жылыжайлардың басым бөлігі Сарыағаш ауданына тиесілі.
Мұнан соң, БАҚ өкілдері Шарапхана ауылындағы «Әсем-Гауһар» тәтті нандар кондитерлік цехында болды. Басшысы Гүлзия Жақсылыққызы болып табылатын кондитерлік кәсіпорын нарықта 7 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Нан, тәтті тоқаш, торт, кекс, пірәндік сынды 100-ге жуық түрлі кондитерлік өнімдер дайындалатын цехтың жылдық қуаттылығы 200 тонна кондитерлік өнім. Жалпы жұмысшылар саны 25 адам. Орташа айлық жалақысы 70-80 мың теңге. Кондитерлік өнімдер, негізінен, жергілікті балабақшалар мен мектептерге және сауда орындарына жіберіледі.
«Кондитерлік цехты 2004 жылы аштым. Алғашқыда шағын бутикті жалға алып, үйде тәтті нан дайындап сатып көріп едім, келе-келе сұраныс артты. Содан халықтың кондитерлік өнімдерге деген сұранысын байқап, жұмысымды одан әрі жандандырып, жергілікті келіншектерді жұмыспен қамту ісіне көштім. Біздегі жұмыспен қамтылған 25 адамның 8-уі ер азаматтар болса, қалғаны қыз-келіншектер. Мен үнемі жұмысшыларыма кондитерлік өнімдерді дайындағанда бар ынта, ықыласыңды, махаббатыңды салып істе деймін. Соның нәтижесі шығар, өнімдерімізге ауыл тұрғындарынан ғана емес, аудан орталығынан да жиі сұраныс түседі», — дейді цех басшысы.
Тілшілер аялдаған келесі нысан «Нұрболат» ЖК мал бордықылау алаңы болды. 2014 жылдан бастап жұмыс істейтін шаруашылықтың төрағасы жеке кәсіпкер Нұрболат Досханов. Мал бордақылау алаңында жылдық айналымы 260 бас мал. Бүгінгі таңға мұнда 130 бас бордақылануда.
2016 жылы Қазығұрт ауданындағы 569 ірі қара мал бордақылау алаңдарында 9023 бас мал бордақыланып, 14590 тонна ет өндірілді. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Жұртшылық табынға асыл тұқымды бұқа» бағдарламаларымен 2855 мал басы сатып алынды.
Облысымызда мал шаруашылығын дамыту бойынша Республика тарапынан қабылданған бағдарламалар нәтижелі іске асырылуда. «Сыбаға» бағдарламасымен 26,2 мың бас аналық ІҚМ сатып алынып жоспар 2 есеге орындалды. Бүгінгі күні тұқымдық түрлендіруге 72,3 мың бас аналық ІҚМ қатысуда, жалпы аналық басқа шаққандағы үлесі 19,8 % құрайды. «Алтын асық» бағдарламасымен 50,3 мың бас қой сатып алынып жоспар 2,3 есеге орындалды. Тұқымдық түрлендіруге 186,1 мың бас қатысуда, жалпы аналық басқа шаққандағы үлесі 11,5 %. «Құлан» бағдарламасы аясында 4,3 мың бас жылқы сатып алынып, жоспар 1,6 есеге орындалды. Мұнан бөлек, ақпараттық тур кезінде тілшілер Жаңаталап ауылындағы ҰОС ардагері Омар Сапарбеков ақсақалдың шаңырағында болып, ақсақалдың ұзақ жасау құпиясымен және сұрапыл жылдардағы басынан өткен қиын кезеңдерімен бөлісті. Сонымен бірге, Тұрбат ауыл округі, Қызылдихан елді мекеніндегі гүл жылыжайына барып, гүл өсірудің сан түрлі сырына қанықты.

Фото авторы: Асхат Əссанди