ШЫМКЕНТТЕ КӨЛІК КЕПТЕЛІСІН АЗАЙТАТЫН ЖОБАНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ

162
0

Бүгін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласында құрылысы жүргізіліп жатқан бірқатар көшелердің жұмысымен танысып, жол құрылысын кешеуілдетіп жатқан мердігер мекемелерге сын ескертпе жасады, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Мәселен, 2016 жылдың жаз айында құрылысы басталған ұзындығы 2,9 шақырымды құрайтын Ұ.Арғынбеков көшесі құрылысының небәрі 150 метрі аяқталған. Жауапты мердігер мекеме «АРТ Құрылыс» ЖШС-гі жол құрылысының қалған бөлігін күз айларында пайдалануға беретінін айтып, құрылысқа қолбайлау болған 51 нысанның бүгінде 21-і келісімін бергенін жеткізді. Көше құрылысының баяулығына сын айтқан аймақ басшысы жол құрылысын алдағы екі айда аяқтап, ел игілігіне пайдалануға беруді айтты.

«Ұзындығы небәрі 2,9 шақырым болатын көшенің құрылысын күз айларына дейін созудың қажеті жоқ. Құрылысқа қажетті қаржы толығымен бөлінді. Енді күзге дейін созбай екі айда аяқтауды тапсырамын. Біз қысқа мерзімде құрылыс жүргізуді түркиялық бауырларымыздан үйренуіміз қажет. Егер жұмыс толық аяқталса, қаладағы көлік кептелісін мейлінше азайтуға мүмкіндік туады», — деді әкім.

Мұнан соң, өңір басшысы «Бекжан» базары маңынан салынатын Темірлан тас жолы қиылысындағы өтпе жолдың құрылыс сызбасымен танысты. Жалпы құны 1 млрд. 737 млн. теңге болатын жобаның құрылыс жұмыстары осы жылы басталатын болады. Аталған жоба толығымен іске қосылғанда, Ташкент, Түркістан, Алматы бағытындағы жол қатынасы реттеліп, көлік кептелісі түбегейлі шешілетін болады.

Сонымен қатар, әкім «Бекжан» сауда орталығы мен сондағы автобекеттің жұмысымен танысты. Тәулігіне 250 автобус қабылдауға қауқарлы сапаржайдың жалпы көлемі 23 мың шаршы метрді құрайды. Бұл бекетте бүгінде 17 жолаушы тасмалдаушы мекеме 5 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсетіп отыр.
Заманауи үлгіде қайта жаңғыртылған «Бекжан» кешенінің жұмысына оң бағасын берген облыс әкімі базар басшылығына отандық тауар өндірушілер үшін қажетті сауда қатарларын ашу қажеттігін айтты. Сонымен қоса, әкім жауапты сала басшыларына қаладағы базарлар санитарлық талапқа сай болуын қадағалауды ескертіп, сатушыларға тиісті жағдай жасалу керек екенін атап өтті.