Отбасымен далада қаңғырып қалуы мүмкін

377
0

Иә, апат айтып келмейді. Десек те кейде апаттың орын алуына өзіміздің салғырттығымыз себеп болып жатады. Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамда «ақшаң болса бәрін де сатып алуға болады» деген ұшқары пікір қалыптасқан. Бізге мұң шағып келген азаматтың да әрбір сөзінен осыны аңғарғандай болдық. Ол өзінің басына түскен қасіретке байланысты жүргізілген соттың ісіне қанағаттанбайтынын білдірді. Оқырманға түсінікті болу үшін оқиға барысынан аз-кем түсінік бере кетейік.

2011 жыл, 21-ші шілде. Осы күні сағат 12.00 шамасында Рахым Утенов пен ұлы Шерухан екеуі «Фолксваген-Каравелла» көлігімен Тараз-Алматы бағытында кетіп бара жатады. Жол өте нашар. Трасса жиегінің әр тұсына көлік жылдамдығын 60 шақырымнан асыруға болмайтындығы жөнінде белгі қойылған. Әке мен бала нашар жолмен әбіржіп, Меркіден асады. Шымкенттен шыққан олардың негізгі бағыты Шу қаласы болатын. Жүздеген шақырымды артқа тастаған сайын Шеруханның көңілі Шуға жақындағанына орныға бастағаны рас. Оның санаулы уақыттан соң діттеген жеріне жететінін ойлағаны да анық. Бірақ, жас жігіттің жүрегі Шымкенттен шығып о дүниені бетке алып бара жатқанын сезбепті. Оның көргені қарсы бетте тізіліп келе жатқан бес-алты көлік болатын. Солардың арасындағы бір автобус асыққандай керуен көліктің қатарынан суырылып шығып тіке Шерухандарға қарай құйындатады. Автобустың жайсыз жүрісінен күдіктенген жас жігіт те көлігін жол шетіне шығарып, тоқтай қалады. Ондағы ойы автобусты өткізіп жіберу болатын. Алайда, жақындап келген автобус шетке қарай бұрылып келіп көлікті соғып тас-талқан етеді. Соншалықты соққыдан Шерухан тіл тартпай кетіпті. Ал әкесінің денесінің бірнеше жері сынып, жамбасының ұршығы кеткен. Осылай небір ұлылар мен ел басқарған азаматтар басып өткен жолдың үстінде әке мен бала бір-бірінен айырылады.
Бір отбасының азаматтарын осындай күйге тұсірген автобус сарыағаштық Алтынбек Қаюпов деген адамның меншігінде екен. Ал автобусты жүргізуші Ғ.Дүйсебаев деп танылып отыр. Олай дейтініміз, Дұйсебаевтың қасындағы қосымша жүргізушісі Өзбекстан азаматы. Егер рөлде сол отырған болса, бұл жағы автобус иесі үшін соққы болар еді. «Алтынбек Қаюпов бірнеше рет үйге келді, — дейді Рахым Утенов. — Алғашында мәмілеге келуімізді сұранған болатын. Қазақ болған соң жібиді екенсің. Біз 60 мың долларға ипотекаға үй алғанбыз. Шерухан екеуміз Шуға көлікті қымбаттау көлікке айырбастауға бара жатқан едік. Кейін оны сатып, 40 мың доллар қарыздан құтылуды көздегенбіз. Алтынбекке соны айтып: «Оны да қойшы, 20 мың долларды көліктің шығыны ретінде бер, — дедім. Ол 10-ақ мың доллар мен автобустың «страховкасын» берді».
Кейіннен тергеу жұмыстары кезінде қызықтың көкесі басталған. Автобус үш жыл бойы техникалық байқаудан өтпепті. Сонда ол автобус техникалық байқаусыз адамды толтырып алып, Қазақстан ішін қалайша шарлап жүре берген? Ал жол бойындағы полицейлер оған қалай көз жұма қараған? Жүргізуші олардың нағашысы емес. Ендеше мәселе ақша қыстырумен шешіліп отырған ба?
Әрі автобус иесі жолаушыларды тасымалдау лицензиясын да алмаған екен Онда көлігін қайтіп, қай бетімен адам тасуға шығарған?
Ал үшінші қызық, оның маған тастап кеткен сақтандыру полисі жалған болып шыққан. «Сол жалған болғандықтан сақтандыру полисі арқылы ұлымның қайтыс болуы мен мүгедектікке ұшырауына бөлінетін 3 миллион 300 мың теңгеден қағылдым», — дейді Р.Утенов. — Алтынбектің автобусының апатынан соң ұлым өліп, айелі жесір, үш баласы жетім қалды. Ал өзім мүгедек болып қалдым. Бізді осындай жағдайға түсіріп отырып, қалай алдады екен?
Бұдан бөлек, автобустың ішінде тахограф деген болады. Онда автобустың қай уақытта жүргенін, қанша жылдамдықпен жүргенін және сағатын көрсетеді. Апаттан кейін әлгі автобуста тахограф болмай шықты. Сонда айыптылар тергеуге дейін тахографтың көзін құртып үлгерген бе?
Ал осы іс бойынша қорытынды шығарған Жамбыл облысы Меркі аудандық сотының судьясы Р.К.Разаков бізді мазақ еткендей болып отыр.
Ол Дүйсебаев Ғалымжанды Елбасымыздың Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына байланысты рахымшылық жасау туралы Заңның негізінде босатып жіберді. Бұл аз болғандай, автобус иесі Алтынбек Қаюповты жазаға тартпады. Себебін сұрағанымызда судья оның бұл іске қатысы жоқтығын айтты. Ау, автобусты техникалық байқаудан өткізбеген, жолаушыларды тасымалдау лицензиясын алмаған, жалған сақтандыру полисін алған сол емес пе?
Одан қалса, біздің көлік Меркідегі айыптұрақта тұр. Заң бойынша оны кінәлі адам тиісті төлемақыларын төлеп, айыптұрақтан алып шығып және жөндетіп беруі керек. Біз осыны талап еткенде судья ол жауапкершілікті өзімізге артты. «Апам да аң-таң, мен де аң-таңның кері». Осы арада судьялардың әлгіндей қаулы шығаруына қандай істің әсері болды екен».
Иә, ұлынан айырылып қара жамылып отырған Рахым осылай деп аһ ұрып отыр. Бастапқыда алған 10 мың долларды Шеруханның жаназасы мен жетісіне, қырқы мен жүзіне және айттығына жұмсапты. Қалған қаржы марқұмның басына құлыптас қоюмен таусылған. Енді мүгедек болып қалған ол ипотекаға алған Үйдің ақшасын төлей алмаймын ба деп қорқып отыр. Соның кесірінен кемпірімен, үш немересі және келінімен далада қаңғырып қалуы да мүмкін.

Сабыржан БАЙБОСЫНОВ. Шымкент.