Əл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті – жастар мекені

391
0

 

Тәңірдің сыйындай сұлу табиғаты мен заманауи салтанаты астасқан Алматы шаһарының көркі көздің жауын алады емес пе? Жасыл желекке малынған көшелер, жауһар моншақ шашқан субұрқақтар, гүлге оранған алаңдар мен күмбезі күн сәулесімен ойнаған зәулім ғимараттар кіршіксіз үйлесіп, құтты мекеннің ажарын айшықтай түседі. Осындай алып шаһардың төрінде ҚазҰУ қара шаңырағы орналасқан.
Қара шаңырақтың қоластына жиылған жиырма мыңға жуық ізденушінің талабын тауға қарай домалатар жағдайдың барлығы да жасалған. Әрине мұны ғажайып әлем десе де болар, ең бастысы талай бала қыранның қанатын ұштап, қияға самғатқан студенттер сарайы, тарихы терінде жатқан ҚазҰУ-ды бір сәтке көз алдына елестететін жеке мұражай, заман талабына сай жабдықталған үш жүз адамдық интернет орталығы тағысын тағылар, айта берсең толып жатыр.
Ал бүгінгі ҚазҰУ – әлемдік рейтингтерде алдыңғы қатарлардан көрініп, бәсекеге қабілетті мамандар дайындауда танымал болған заманауи білім ордасы. Жоғары білікті оқытушы-профессорлар құрамы, толық жабдықталған Фараби кітапханасы жастардың білім алу мүмкіндіктерін арттыра түседі. Әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерімен жасалған тиімді келісімшарттар негізінде студенттердің академиялық ұтқырлық аясында бір семестр басқа елдерде білім алып қайтуына болады. Заманға сай «Биотехнология», «Ақпараттық жүйелер», «Математикалық және компьютерлік модельдеу», «Ғарыш техникасы және технологиясы», «Бейорганикалық, органикалық заттардың химиялық технологиясы» сияқты мамандықтар бағытында білікті мамандар даярлау қолға алынған. «ҚазҰУ қалашығында» жабдықталған интернет орталығы, спортпен шұғылданатын кешен, әртүрлі студенттік клубтар жұмыс істейтін студенттер сарайы, ғылыми орталықтар бар.
Студенттік өмірдің қызығын молайта түсетін «ҚазҰУ аруы», «Жігіт сұлтаны», «Студенттік көктем» сияқты фестивальдер де ұйымдастырылып отырады. Сондай-ақ, студенттердің көшбасшылық қабілеттерін, ұйымдастырушылық қасиеттерін дамыту мақсатында жастар ұйымдары комитеті жұмыс істейді. Оның құрамына «Сұңқар» студенттер кәсіподағы, студенттер Сенаты, «Көмек» еріктілер қозғалысы, студенттер кеңесі, Болон үдерісі бойынша студенттік бюро, студенттердің ғылыми қоғамы кіреді. Қазіргі уақытта университеттегі барлық мерекелік іс-шаралар тікелей аталған жастардың қатысуымен өтеді. Ерекше атап өту керек тағы бір жағдай, аталған жастар биылғы жылы дәстүрге айналған IV Халықаралық студенттер форумын ойдағыдай ұйымдастырды.
Ғылыммен айналысқысы келетін студенттер үшін де дәстүрлі түрде «Ғылым әлемі» сияқты конференция, форумдар ұйымдастырылып тұрады. Инновациялық жобаларға құштар, заман ағымынан қалмауға тырысатын студенттер үшін әр факультетте бизнес-инкубаторлар, университетте технопарк қызмет етеді.
ҚазҰУ – талантты, дарынды студенттердің басын біріктіріп отырған мекен. Сыйластық пен шынайы достықтың мекені, ҚазҰУ – ғашықтардың мекені. ҚазҰУ – адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, тұлғаның жан-жақты қабілетін ашып көрсетуіне мүмкіндік беретін мекен. Сол себепті де, болашағы зор жастарға ҚазҰУ құшағын айқара ашып, өмірімдегі ең қызықты студенттік өмірін және заманауи білім алуларына зор мүмкіндік.
Иманкулов Т.С.
Дарибаев Б.С.
Омарова П.Т.
Калменова Г.Б.