ОҚО-ДА СТУДЕНТТЕРГЕ ЖЫЛЖЫМАЛЫ МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДЕ

369
0

Шымкент қаласында Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастырумен 21 сәуірден бастап жоғары оқу орындарының студенттерін флюрографиялық тексеруден өткізу қолға алынды. Бұл мақсатта Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты мен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясының аулаларына жылжымалы флюрографиялық аппараттар қойылды.

– Денсаулық сақтау басқармасы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты жабық мекемелердегі адамдарды флюрографиялық тексеруден өткізді. Екінші кезеңде Білім басқармасына қарасты 14 жабық мекемеде медициналық тексерулер жүргізілді. Енді үшінші кезеңде жоғары және орта оқу орындарындағы 75 мыңнан астам студентті қазан айына дейін түгел тексеруден өткізуді қолға алып отырмыз. Осы мақсатта бүгін таңғы сағат 9-дан бастап Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты мен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясының аулаларына қойылған жылжымалы флюрографиялық аппараттар жұмысын бастап кетті. Келесі аптада М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне де осындай жылжымалы флюрографиялық аппарат қоямыз, – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев.

Халықты жаппай жылына бір рет флюрографиялық тексеруден өткізіп тұру жоспарлы түрде жүргізіледі.

Жыл сайын облыс бойынша 1 млн. 198 мың 681 тұрғынды тексеру жоспарланса, оның 75572-ін студенттер құрайды. 2017 жылдың 3 айында жалпы жылдық жоспарға сәйкес халықтың 23,2%-ы тексеруден өтті.

Денсаулық сақтау басқармасы