ОҚО-ДА МҰҒАЛІМДЕРГЕ АРНАЛҒАН ТИПТІ ҮЛГІДЕГІ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР САЛЫНАТЫН БОЛАДЫ

171
0

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен аудан, қала әкімдерімен және облыстық басқармалар басшыларының қатысуымен селекторлық мәжіліс өтті. Күн тәртібінде «Облыста энергоүнемдеу және энерготиімділікті арттыру жұмыстарының барысы» мен «Облыс аумағындағы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық шаралары» туралы екі мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселеге көшпес бұрын өңір басшысы барша аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына бүгінгі алтыншы шақырылған Парламенттің үшінші сессиясында сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баяндамасымен танысып, қойылған міндеттер бойынша нақты жоспарлар жасауды тапсырды.

Жаңа оқу жылының басталғанын айтқан аймақ басшысы білім беру мазмұнына, оқушы мен педагог тұлғасына және қызметіне баса назар аудару қажеттігін айтты. Сонымен қатар, облыстағы мұғалімдерді қызметтік пәтермен қамту үшін барлық аудан, қалалардан типтік үлгідегі тұрғын үйлер салуды қолға алу керектігін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіруді құрылыс басқармасына жүктеді.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Марғұлан Марайым өңірде энерго аудит жүргізу ісі кешеуілдеп отырғандығын айтты. Оның айтуынша, облыста 103 нысанның  тек 48-не  ғана энерго аудит жүргізілген. Яғни, 55 мекемеде бүгінгі күнге дейін энерго аудит жүргізілмей, «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заң талаптары өз деңгейінде орындалмай отыр.

Осы мәселеге мән берген облыс әкімі аудит жүргізу жөніндегі тиісті жұмыстарды ағымдағы жылдың соңына дейін атқаруды тапсырды.

«Шымкент қаласында баламалы көздерді (күн сәулесінен) пайдалана отырып, электр қуаты мен табиғи газды үнемдеу үшін көпқабатты тұрғын үйлерге су жылыту құрылғылары орнатылуын тапсырамын. Тапсырманы қатаң бақылауда ұстау қажет», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Мәжілісте сондай-ақ облыс аумағындағы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық шаралары талқыланды.  Бұл ретте облыс әкімінің көршілес облыстар мен шетелдің оң тәжірибесін қолданысқа енгізу жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы сөз болды. Десек те, көшені тазалау, бей берекет күл-қоқыстарды жою және үй қасбеттерін әктеу, сырлау бойынша тапсырмалардың орындалуы баяу. Атап айтқанда, көше бойларын тазалау бойынша жоспар Шымкент қаласында – 30 пайызға,  Отырарда – 31,  Ордабасыда – 38, Мақтааралда– 40, Арыста – 42, Шардара ауданында 49 пайызға ғана орындалған.

Тазалықты қамтамасыз ету жөнінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсен Жанбосыновқа сын ескертпелер айтылып, бірқатар тапсырмалар жүктелді.

«Бүгінде Шымкент қаласында тазалықты қамтамасыз ететін   3 мекеме бар, онда бір мың адам жұмыс істейді және 203 техника бар.  Алайда осыған қарамастан тазалықты қамтамасыз ету жұмыстары көңіл көншітпейді.  Бұл жағдай облыс орталығы үшін өте ұят. Тиісті қорытынды шығарыңыздар»,-деді әкім.

Мәжілісті қорытындылаған өңір басшысы облыс бойынша кондоминиум мен  пәтер иелерінің кооперативтерін  құру жұмыстарын жеделдетіп,  отырғызылған тал-дарақтарды күтіп-баптау мәселелеріне аса мән беруді тапсырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі