ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНДЕ ЖЕРЛЕНГЕН БАРАҚ ХАН ЖАЙЫНДА

189
0

%d1%80%d1%83%d1%85%d0%b0%d0%bd%d0%b8-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b3%d1%8b%d1%80%d1%83-%d0%ba%d0%be%d0%bf%d0%b8%d1%80%d0%be%d0%b2%d0%b0%d1%82%d1%8c

002
БАРАҚ ТҰРСЫНҰЛЫ — XVIII ғасырдағы танымал қазақ хандарының бірі. Ол Қырықсан Барақ-сұлтан, Барақ хан, Кіші Барақ, Барақ-сұлтан, сұлтан Барақ-батыр деген есімдермен белгілі болған [Артықбаев, 2001. С. 139].
Барақтың туылған жылы белгісіз. Қайтыс болған уақыты 1750 ж. шамамен ақпан-наурыз айлары. 1749 ж. тамыз-қыркүйек айлары мен 1750 ж. ақпан-наурыз айлары аралығында хан болды.
Барақ хан Тұрсын ханның баласы, Қодай Менде сұлтанның немересі. Қазақ хандарының Жәдіктен тарайтын әулетіне жатады. Бәйбішесі түркістандық сарттың қызы. Басқа әйелдері ішінде Еділ қалмағының қызы болды. Оның әйелдері жеті ұл тапты: Сығай, Бөкей, Қанқожа, Дайыр, Ханбаба, Маман, Нұралы [Ерофеева, 2001. С.121].
XVIII ғасырдың 20-жылдарының аяғы – 30 жылдарының басында қазақтардың танымал әскербасыларының бірі болған. Жоңғарларға, қарақалпақтар мен қалмақтарға қарсы соғыстарда көзге түскен. Хан болғанға дейін наймандар руын басқарған және Орта жүздің атақты, беделді биі Қазыбек Келдібекұлының қолдауына ие болды. 1742 ж. қарашасында ресми түрде Ресейдің қарамағына өтеді. Алайда қоластындағы тайпалардың шығыста орналасуына байланысты жоңғарларға қарай бет бұрып, жоңғар қонтайшысы Қалдан Цэренге (1727-1745) бірнеше рет сыйлықтар жіберіп, 1744 ж. басында ұлы Сығайды аманат ретінде Жоңғарияға жіберген. Ол аманат ретінде жүрген Әбіл сұлтанның ұлы Әбілфеистің орнын ауыстырады. 30-жылдардың ортасына қарай Әбілқайырдың саяси тұрғыдағы ең басты жауы мен қарсыласы болған. Орынбор генерал – губернаторы И.И.Неплюевтің (1742-1759) қолдауына ие болған [Ерофеева, 1997. С.116-118].
1748 ж. шілдесінде орыс елшісі М.Тевкелев Әбілқайыр ханға жолығып, барлық талас мәселелер жөнінде келісімге келді. Ханға жақтас билер мен сұлтандар «Әбілқайырдың еркіне көшу» туралы қаулы алды. Бірақ ханға қарсы топтың күресі онан сайын күшейе түсті. Хиуа ханы Қайыптан Бараққа сыйлық алып келе жатқан елшілерді Әбілқайыр адамдарының жолай тонап алуы Барақ сұлтан мен хан арасындағы қарулы жанжалға әкеп соқты. Осы жанжал үстінде Барақ Әбілқайырды өлтірді. Ол өлген соң, 1748ж. Кіші жүзде екі хандық құрылды. Шекті руларына Батыр сұлтан, Байұлы руларына Әбілқайырдың мұрагер баласы Нұралы хан болып сайланды.
1748 ж. тамызында билік үшін күресте Әбілқайыр ханды өлтіріп, Қазақстанның солтүстік жағынан жоңғарлардың шекарасындағы Сарысу өзенінің бойына көшіп кетеді. 1748 ж. аяғы 1749 ж. басында жоңғарлардың қонтайшысы Цэван Доржи-Аджи-Намжилге (1745-1750) қазақтарды қоластына алуын және қолдау көрсетуін өтініп, хат жолдаған, бірақ ол ешқандай жауап алмаған. 1749 ж. жазында Әбілқайырды өлтіргені жайлы өз ісін өзі таңдаған төрт биге тапсырған. Олар: Әлімұлынан тарайтын төртқара руынан шыққан Қаратоқ би, арғын тайпасының қаракесек руынан шыққан Қозанай мен Мамет-аталық билер, найман тайпасының бағаналы руынан шыққан Өтебай би. Барақ өзін ақтап алғаннан кейін оңтүстікке қарай, Сырдарияның орта ағысына көшкен.
Біраз уақыт өткеннен кейін Төле би Ералы сұлтанның өз әкесінің өліміне басты себепкер болған Сырымбет батырды өлтіргені жайлы ісін тергейді. Бұл оқиғада беделді би Әбілқайырды ақтап қана қоймай, өлген батырдың жақындарынан екі құнды өтеп бергізеді [Ерофеева, 1997. С. 116-118].