МЕКТЕП ТӘРБИЕ МЕН ТӘРТІПТІҢ ОРДАСЫНА АЙНАЛУЫ КЕРЕК

171
0

Бүгін Жетісай ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында мектептердегі оқу-тәрбие жұмыстарын күшейту, оқушыларға құқықтық тәрбие беру, ұйымшылдық пен тәртіптілікті нығайту мақсатында алқалы жиын өтті. Шараға Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев, аудан әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков, Жетісай аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Тұрсынбай Мырзалиев және 70-ке жуық мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психологтары мен мектеп инспекторлары қатысты.
Жиында сөз алған аудан басшысы кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтың және балалардың қадағалаусыз, ата-анасының қарауынсыз қалуының алдын алу шараларын күшейту қажеттігін ескертті. Өйткені кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдағы қылмыстың алдын алудың аса маңызды аспектісі болып табылады.
«Бала — біздің болашағымыз. Сондықтан олардың тәрбиесіне баса назар аударуымыз қажет. Тәрбиенің бастауы – отбасы болса, негізгі қалыптасу ошағы – мектеп. Осы ретте барлық мектептерде әлеуметтік қауіпті жағдайда тұрған кәмелетке толмағандарды көркемөнер, техникалық, спорт және тағы басқа үйірме, секцияларында үйренуге тартуымыз керек. Ауданымыздың барлық мектептерінде психлогтар мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар, мектеп инспекторлары тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізуі тиіс», — деді Жамантай Қанайұлы.
Жиын барысында балалардың мінез — құлқының нормадан, шамадан ауытқуына түрлі жағдайлар себеп болатындығы айтылды. Олардың ішінде ең бастысы — отбасы жағдайы болып есептеледі. Өйткені тұлғаның жеке басының жаман — жақсы қасиеттерінің негізі отбасынан қалыптасады. Сондықтан да, балалардың өнеге алып үлгі тұтары ең алдымен өздерінің ата — аналары. Осы ретте аудан әкімі ата- аналардың да жауапкершілігін арттыру қажет деп есептейді.
Бүгінде қоғамда мектеп жасындағы балалардың шылым шегуі, ішімдік ішуі, есірткі қолдануы немесе әр түрлі қылмыстық іс-әрекетке баруы жиілеуде. Оған итермелейтін себептер де аз емес. Шетелдік компьютерлік ойындар мен қатыгездікке қойылған фильмдердің еркіндігі, ұялы телефон, ғаламторлық мүмкіндіктер, түрлі әлеуметтік желілердегі ақпарат ағындары, діни ағымдардың адасушылық бағыттындағы уағыздары баланың санасына кері әсерін тигізері сөзсіз. Сондықтан жас ұрпаққа тек білім берумен шектелу аздық етеді. Оларды адамгершілік-рухани жағынан нағыз адам қалыптастыру – үлкен жауапты іс. Жиынды қорытқан аудан әкімі алдағы уақытта барлық мектептерде тәрбие ісіне басты назар аударуды, құқықтық білім беру, қылмыстардың алдын алу шараларын ескертіп, күшейтуді жүктеді.
(с) Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі

98