ДӘРІГЕРЛЕР БЕСІНШІ ҚАБАТТАН ҚҰЛАП, АУЫР ЖАРАҚАТ АЛҒАН БАЛАНЫ АЯҚТАН ТҰРҒЫЗДЫ

168
0

Түркістан облысының дәрігерлері бесінші қабаттың терезесінен жерге құлап, ауыр жарақат алған 4 жастағы баланы аяқтан тұрғызды. Бұл туралы uakit.kz облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Болат Нұсқабаевтың мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлайды.

Осыдан біршама уақыт бұрын үйінде қараусыз қалған бала даладан ата-анасын көремін деді ме әлде зерікті ме белгісіз терезеге қарап сыртқа телміреді. Әйнек деп түсінді ме немесе терең ойланбады ма ол терезедегі москит торына сүйене тысқа көз жүгіртеді. Тап сол сәтте москит торы оның салмағына шыдас бермей жыртылады. Салдарынан бала бесінші қабаттан құлайды.
Ес-түссіз күйде жатқан оны жедел-жәрдем қызметі шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына жеткізген. Ауруханада баладан бас миының соққысы, бас миының шайқалуы, бастың көптеген жарақаттары, жабық бас миының жарақаты, кеуде қуысының соғылуы мен денесінде көптеген жарақаттар алғаны анықталған. Ауруханада балаға жүргізілген ем-дом бойына дарып, ол бір айдан астам уақыттан соң аяқтан тұрған.
“Бала ауыр халде болды. Тек төртінші тәулікте ол өзіне келді. Жиырма күнге жуық жансақтау бөлімінде жатты. Жан-жақты медициналық көмек көрсетудің арқасында аман қалды. Ем оң нәтиже беріп, бала аяққа тұрды. Ата-анасы дән риза», — деді Түркістан облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Болат Нұсқабаев.
Сонымен қатар ол ата-аналардың құлағына алтын сырға ретінде, жылына 3-4 рет осыған ұқсас қайғылы жағдайлар балалардың бақылаусыз қалуынан орын алатынын және олардың барлығы дәрігерлердің араласуы арқасында сауығып кеткенін айтты. Және де ол әдетте 2-5 жас шамасындағы балалар осындай оқиғалардан зардап шегетінін тілге тиек етті.

uakit.kz