КЕЛЕШЕКТЕ «АХМЕТ ЯСАУИ» ТЕЛЕХИКАЯСЫН ТАМАШАЛАЙТЫН БОЛАМЫЗ

170
0

Аймақ әкімі Жансейіт Түймебаев облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Асылхан Темірханға Қ.А.Ясауи кесенесінде жатқан тұлғалардың тізімі, өмірбаяны мен тарихи деректері және Түркістан қаласы туралы ақпарат жинақтап, кітап шығаруды тапсырды. Сондай-ақ, оған әр сала бойынша Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын және Түркістанды түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру мақсатында мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастыру қажеттігін шегеледі.

Бұл туралы uakit.kz Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Былтыр «Оңтүстікфильм» мекемесі мен «САҚ» киностудиясы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасы негізінде Елбасының бағдарламалық мақаласы аясында бірқатар жобаларды қолға алған болатын. Соның негізінде «Ордабасы бірліктің туы», «Оқсыз», «Түркістан» анимациялық фильмдерін және «Төле би» атты 10 сериялы тарихи телехикаясы таспаланған.
Сондай-ақ, өткен жылы түсірілген «Күш атасы − Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау» анимациялық фильмдері мен «Көне жетігеннің сыры» телехикаясы жергілікті және республикалық телеарналардан көрсетіліп, көрермендерге жол тартқан болатын.
Ал биыл мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Ахмет Ясауи» телехикаясын, «Әл-Фараби» көркем фильмін және «Қамбар батыр», «Сауран қалашығы» анимациялық фильмдерін түсіру жоспарланған.
uakit.kz