ӘЛЕМГЕ МОЙЫНДАЛҒАН МАТЕМАТИК ТҮРКІСТАНДА ӨЗ МЕКТЕБІН АШАДЫ

141
0

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев 1972 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан жапон ғаламы М.Нагатаның есебін 2001 жылы шығарып, әлемге мойындалған Уалбай Өмірбаевпен кездесті, деп хабарлайды uakit.kz Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу кезінде аймақ басшысы өз сөзін ҚР Мемлекеттік және Америка математика қоғамының жоғары дәрежелі «Мур» сыйлықтарының иегері, бүгінде АҚШ-тың Детройт штатының Уейн унивеситетінде дәріс беріп жүрген  Уалбай Өмірбаевға ғалым ретінде  әлемдік ғылымға қосқан үлесі үшін алғыс білдіруден бастады.

Емен-жарқын кездесуде  Өмірзақ Естайұлы:

– Экономиканың дамуы, өндірістің өрге басуы математика ғылымымен тығыз байланысты. Ғалымдардың ғылыми жаңалықтарының арқасында өнім көлемі де, өндірістің дамуы да артады. Нагата, Кон сынды әйгілі математиктердің есебін шешкен өзіңіздей ғалымдардың елден шығып, әлемге күллі Қазақстанды танытып жатқандығы біз үшін үлкен мақтаныш. Енді туған жерге ту тігіп, Түркістан облысында, оның ішінде Түркістан қаласында өз мектебіңізді қалыптастырып, ауылдан шыққан талантты балаларымызды қолдауымыз қажет,-деген бастама көтерді.

Бұған Уалбай Үтмаханбетұлы риясыз пейілмен қолдау білдіріп,  алдағы уақытта өңір оқушыларына интерактивті жүйемен ұдайы түрде математика сабағын жүргізетінін, сондай-ақ, ғалым ретінде Түркістан қаласынан арнайы жоғары математикалық мектеп ашуға ниетті екендігін жеткізді.  

Уалбай Өмірбаев – ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор. Ол 1977-1982 жылдары Новосібір мемлекеттік университетінің аспирантурасында білім алған. Қазіргі таңда ғалым әлемдегі озық жоғары оқу орындарында дәріс оқып келеді. Уалбай Үтмаханбетұлы Нагата есебінен бөлек, 2004 жылы ағылшын математигі П.Конның есебінің шешімін тапқан.

 uakit.kz